HALYQLINE.KZ ЗК-169/1 тергеу изоляторында 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, мекеме басшылығы қамауда ұсталынып отырған азаматтарға көңіл бөліп, мейрамдарымен құттықтады.
Бостандықта бірі – отбасының анасы, бірі – ақылшы апасы болған нәзікжандылар қылмыстарына өкінеді.
Әйтсе де, өз қолымен жасағандарын, мойнымен көтеріп жазасын өтеуде. Аңдамай шалыс басып, қылмыскер атанса да, жүректерінің түкпіріндегі әйелге тән мейірімділік көздерінен көрініп тұрады.
Сондықтан олар да көңіл бөлуге лайықты азаматтар.
– Бүгін әкімшілік тарапынан, оларға жылы сөйлеуге, жандарын түсінуге, лажы болса барынша көңілдерін көтеру мақсатында мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсындық.
Бұл қаяу көңілдеріне қуаныш ұялатып, бостандыққа шығуға деген талпынысын арттырып, үмітін жалғайды, – дейді мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры А.Битаев.
Ал, жүректері жаралы, жандары жабырқау тартқан жандар ертерек жазасын өтеп шығып, отбасыларымен қауышқылары келеді. Ұрпақ тәрбиелеп, адал еңбек етуді, абайсызда жағылған қара күйеден тазарып, ағайын-туыстың алдында жүздерінің жарқын болуын қалайды.
– Үйде болғанда балаларым да мерекемен құттықтар еді. Тағдыр солай болған шығар, бірақ, осыған да шүкір. Мекеме басшылығының бізді ескеріп, елеп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді, шаруашылық бөліміне қалдырылған Н. есімді сотталған әйел.
Әттең-ай, кезінде осының барлығын бір сәт ой елегінен өткізіп, әрбір басқан қадамына байыппен қарағанда, өкініштен у ішкен жандардың саны аз болар ма еді?!
Қалай десек те, мереке барлық әйел затына ортақ. Ендеше, тар қапаста қамалған нәзікжандылардың жандарын түсініп, көңіл бөлген тергеу изоляторы қызметкерлерінің бұл ісі құптарлық.
.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!