Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыбайлас жемқорлық деректері азайған

05.08.2021, 11:00 845

Қай кезде болмасын сыбайлас жемқорлық өзекті мәселелердің бірі болып келді. Расымен, бұл кеселді әліге дейін жеңе алмай келеміз. Басқалармен салыстырғанда біздің еліміз жемқорлықтың ошағына айналған десек те болады. Себебі, тәуелсіз ұйымдардың мәліметінше, Қазақ­стан жемқорлары көп елдердің қатарына жатады. Сол  үшін  сыбайлас жемқорлықпен  күресті  күшей­ту  керек. Шыны керек, кей кезде дәл осы дертпен күресе­тін жауаптылар да сын мен міннің астында қалып жатады. Осы тұрғыда, өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыс­тары жайлы айтылды. Жауаптылардың мәліметіне сенсек, өңірімізде өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық  деңгейі  біршама  төмендепті.

Президент сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту­ді тапсырды. Дәл қазіргі коронадағдарыстың уақытында бюджеттің әр тиыны күзетулі болуы керек. Осы бағытта жауаптылар  біршама  жұмыстар  атқарған  екен.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында Агенттік бастамасымен жемқорлықты болдырмау мақсатында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылды. Нақты атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, алдымен департаменттің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен нөлдік төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында 937 іс-шара өткізіліп, оған 487 мыңнан аса азамат қамтылды. Аталған іс-шараларды кеңінен насихаттау мақсатында жергілікті БАҚ пен интернет ресурстарын тиімді пайдаланып, тұрғындарды толығымен ақпараттандырып отырмыз. Ал азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Адал көмек» жобасы аясында онлайн форматта 606 іс-шара өткізіліп, нәтижесінде түрлі сауалдармен жүгінген 785 азаматтың барлығына тиісті сала өкілдерімен заң аясында құқықтық түсіндірмелер берілді, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Руслан Файзуллаұлы.

Бұл – қарапайым тұрғындар жемқорлардың жемтігіне айналмасын деп атқарылған жұмыстар. Департаменттің келесі мақсаты – мемлекеттік сатып алудағы заңсыз­дықтарды жою. Арнайы мониторинг жүргізіп, ақшаны оңды-солды шашудың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі  күнге  дейін  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы қызметпен 2021 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарында сатып алынатын тауар бағасы ішінара нарық бағасына күмән туғызған 55-тен аса ұйым мен мекеме­ге бірқатар ұсынымдар берілді. Енгізілген ұсы­ныстар нәтижесінде департамент облыстағы мекемелердің 2 млрд теңгеден астам қаражатты қайта жоспар­лануына  қол  жеткізді.

Превенция бағытындағы заңнамамен белгіленген жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау бойынша жыл басынан 6 іс-шара іске асырылып, олардың нәтижесінде 52 ұсыныс жинақталды. Қазіргі таңда 42 ұсыныс орындалып, қалғаны өндіріс үстінде. Әлеуметтік салада жүргізілген талдау бойынша, 1 материал экономикалық тергеу департаментіне жолданып, бірнеше заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде, 3 лауазымды тұлғаға 6 әкім­шілік хаттама толтырылып, 262 530 теңге айыппұл салын­ған.

Департамент кәсіпкерлер мен инвесторлардың жобаларын сыбайлас  жемқорлық әрекеттерінен қорғауға барлық шараларды қабылдауда. Агенттіктің кәсіпкерлер тап болатын барлық процестерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу арқылы бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағытталған «Protecting bussines and investments» жобасы аясында инвес­торлардың жалпы құны 556,4 млрд теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы  сүйемелдеуге алынған. Оның алтауы шетелдік инвестор  болса, 18-і – отандық.

Сонымен, ресми деректерге сенсек, облыстағы сыбай­лас  жемқорлықтың саны біршама азайған. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыс­тырсақ, 50 пайызға азайыпты. Сондай-ақ, департаментпен жыл басынан 35 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатында 24, бюджет қара­жатын жымқыру дерегімен 15, өз құзыретін теріс  пайда­лану  фактісімен 3, парақорлық  дерегімен   14 қылмыс тіркелген. Тіркелген қылмыстық істер бойынша мемлекетке 702 млрд теңгеден астам қаражат залал келтіргені анықталып, бүгінде оның жартысынан астамы қайта өндірілген. Өткен жылы осы уақытта залал келтірілген қара­жат  көлемі  800 млрд  теңгеден  асып  кеткен болатын. Бұл  көрсеткіш те  біршама азайған. Десе де, өңіріміз  үшін  бұл  сандар  тым  көп.

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: