Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы облыстың журналистер қауымымен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы облыс журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі және журналистерге олардың ынтымақтастығы мен берілген ақпараттық қолдауына алғыс айтты. Журналистердің елеулі еңбегінің нәтижесінде халық арасында полицейдің оң имиджінің қалыптасып отырғанын, аталмыш саланың өзекті мәселелері қалам иелерінің назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Мемлекет мүддесі, ұлт мұраты мен ұрпақ болашағына бағытталған ақпараттардың деңгейі артуда. Халық пен билікті жақындастырып, тәулік сағатымен санаспай тер төгетін тілшілер қандай құрметке болса да лайық.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, жаңалықтарыңызбен қуантып, қаламдарыңыз мұқалмай, әрқашанда шығармашылықтарыңыз шыңдала беруге шын жүректен тілектеспін.
Бүгінгі кәсіби мерекеде кәсіптеріңізге өрлеу, еңбектеріңізге табыс, мәртебелеріңіз үстем болсын деген ізгі лебізімді білдіремін», – деді О.Омаров.
Сонымен қатар, Департамент бастығының орынбасары қызметі мен тәлімгерлігі үшін ішкі істер органдарының ардагерлері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшелері Қазыбек Әшірбекұлына, Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлына, Нұржанов Болатбекке және Қоразбаев Хусаин Асанұлына айрықша алғысын білдірді.
Бүгінгі мерекелік іс-шара барысында полицияның имиджін көтеріп, беделін арттыру, қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу тақырыбындағы іс-шараларды көрсетуге, насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ журналистер департамент басшылығы тарапынан «Алғыс хаттармен» марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Кәсіптік мереке қарсаңында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбай және облыстық «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Елдос Асан ҚР ІІМ-нің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!