Еліміз егемендік алғанымен, қоғам бостандық ұғымының әлі де мән-мағынасын жіті түсінбейтін секілді. Бұлай деуімізге не себеп дейсіз ғой? Былтырғы жылы құқығы қорланған 6000-ға жуық қазақстандық еліміздегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге өтініш тастаған. Тәуелсіздігі тасада қалған адамның тірлігі – бұл. Осыдан кеп, құқыққа құрметсіздік барын байқаймыз. Бұл деректер ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өткен жылғы қызметі туралы баяндамасынан алынды. Мұнда тек жалпы статистика ғана емес, әр сала бойынша жасалған әділетсіздіктер түгел қамтылған. Ендеше, баяндама шеңберінде шолу жасап көрейік.
Адам құқықтары – әр адамның бостандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты ұстаным. Қазақстанның 2023 жылғы адам құқықтары туралы статистикасы алаңдаушылық тудырып отыр. Өйткені, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Бұл қоғамның өз құқықтарын қорғауға мәжбүр екенін көрсетеді. Себебі мемлекеттік органдардың «әрекетсіздігі» адам құқықтарының бұзылуына бастама болып отырғанын байқаймыз. Көрсетілген цифрдың артында қаншама адамның тағдыры тұр. Осындайда құқық қорғау жүйесіндегі кемшілік көзге көрінеді. Жоғарыда айтылғандай, баяндамадан байқағанымыз бұл ғана емес. Елдегі құқық саласындағы салғырттықтың сыры мен сынына үңілсеңіз, көңілге кірбің ұялайды.
Адам құқығы жөніндегі уәкіл институтының маманы, Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлдана Қаржасова демократиялық еркіндік әр адамның басты құндылығы екенін еске салды.
– Уәкіл институтының негізгі ерекшелігі – оның алдымен, сот, прокуратура немесе өзге де мемлекеттік органдармен бәсекелеспейтін құқық қорғаудың қосымша құралы ретінде болуы. Бұл институттың мәні – мемлекеттік билік органы бола отыра қоғам мен оның азаматтарының мүдделерін айқындаушы ретінде мемлекеттік билік органдарының қызметіне бақылау жасайтындығында. Адамға деген, тұлғаның ар-ождан мәселесіне қызығушылық қазіргі қоғамдағы демократизмнің негізгі көріністерінің біріне айналды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтың толық құқылы мүшесі болып, өзінің Конституциясында адамдарды мемлекеттің жоғарғы әлеуметтік құндылығы деп жариялады, сонымен қатар адамның табиғи құқық теориясын таныды. Қазақстан Республикасы кеңес кезінде маңызды болған тұлға мүддесіне қатысты мемлекет мүдделерінің артықшылығынан бас тартты. Мемлекет барлық тыйым салынбаған құралдармен құқықтар мен бостандықтардың және билікті шектеудің сыртқы механизмін шынайы жүзеге асыруын кепіл етуі қажет, – деді ол.
Статистикаға сүйенсек, Уәкіл өкілдеріне түскен өтініштер соңғы бес жылда бес есеге өскен. Цифрмен айтсақ, 2019 жылы – 1090, 2020 жылы – 1211, 2021 жылы – 1855, 2022 жылы – 3948, ал былтыр 5773 көрсеткішке жеткен. Оның ішінде 4057 өтініш бойынша түсініктемелер беріліп, 814-і құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды. 902-сі бойынша арыз иелерінің талаптары мен өтініштері қанағаттандырылды. Алдыңғы жылмен салыстырсақ, оң шешілген өтініштердің саны екі есеге жуық.
2020-2023 жылдар аралығында Уәкілге келіп түскен өтініштерге жеке-жеке тоқталсақ. Тергеу органдарының әрекеттеріне қатысты өтініштер 2023 жылы 1263-ке жетіп, бірнеше жыл ішінде үш есеге өскен. Сот шешімдерімен келіспеушілік мәселелері де өзекті болып отыр – бұл сан 2023 жылы 689-ға жетті. Сотталғандардың құқықтарын бұзу туралы шағымдар саны 838-ге өссе, азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынасқа қатысты өтініштер 447-ге жетті. Әлеуметтік қамсыздандыру құқықтары жөніндегі шағымдар да көбейіп, 153-ке жетті, ал мүгедектердің құқықтарын қорғауға байланысты шағым 120-ға артқан. Еңбек құқықтары бойынша қарсылық білдіру деңгейі 288-ге жеткенін де атап өткен жөн. Бұл сандар азаматтардың құқықтарының жиі бұзылып, құқық қорғау жүйесінің тиісті деңгейде жұмыс істемей жатқанын көрсетеді.
Өңірдегі жағдайға шолу жасасақ, өткен жылы 27 адам Уәкілге өтініш түсірген. Бұл Түркістан облысы мен Астана қаласы тұрғындары жолдаған хаттан аз. Десе де, Қызылордада құқығы қорланғандар жоқ деуге болмайды.
Әр статистикаға жеке тоқталсақ. Сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекетсіздігіне қатысты арыздардың көпшілігі қылмыстық іс жүргізу барысында құқықтардың бұзылуына байланысты болды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 10%-ға өсіп, жалпы 1263 өтініш тіркелді. Бұл дегеніміз, құқық қорғау органдарының әділетсіз әрекетінен хабар береді екен. Әсіресе, қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Азаптаулар, тергеу барысында жасалған психологиялық қысым, дәлелсіз айыптаулар мен заңсыз ұсталу жағдайлары жиі тіркелді. Бұл фактілер құқық қорғау органдарының азаматтардың бостандығы мен қадір-қасиетін құрметтеуді мүлдем ескермейтінін көрсетеді.
Құқық қорғау органдарының мақсаты азаматтарды қорғау болса, неге бұл жүйеде осыншама кемшілік бар? Тергеу амалдарының қатаң әдістері тек адам құқықтарының бұзылуына ғана емес, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін сетінетпей ме?
2023 жылы сотталғандардың құқықтарының бұзылуы туралы шағымдар төрт есеге өсті. Жүйедегі жағдайда «кінәрат» барын білсек те, кімге не дей аламыз, қорланғандар сол күйі қала береді. Айыбы үшін абақты көрген адам да – адам. Оның да құқығы бар. Түрме жүйесінде медициналық көмек алу мүмкіндігінің жоқтығы өз кінәсін өтеушілерді төмендетудің бір себебі секілді. Осы бойынша 276 шағымның түсуі сотталған адамдардың денсаулығына деген көзқарастың төмендігін көрсетеді. Медициналық көмек көрсетудің сапасыздығы, нашар тұрмыстық жағдайлар, тамақтың жеткіліксіздігі – бұл тек көрініп тұрған мәселелер ғана. Ішінде жасырынған проблемалар одан да көп болуы мүмкін. Адамдарды азаптау мен адамгершілікке жатпайтын жағдайлар сотталғандардың өмірін одан әрі қиындатып, тағдырын қастандықпен талқандауға жасалған қадам екенін түсінсек екен. Егер мемлекет адам құқықтарын тек бос уәделермен емес, нақты әрекеттермен қорғауды мақсат тұтса, түрме жүйесіндегі бұл қорлықтар аяқталуы тиіс. Қоғамнан оқшауланған адамдарға тек жаза емес, тиісті жағдайлар жасау міндет. Өйткені, жаңа айтқанымыздай, айыпталған адам да – құқығы бар қоғам бөлшегі.
Мұнан өзге азаматтардың экономикалық құқықтары, әсіресе, еңбекақы мен әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты шағымдар 1,5 есеге өсті. Әлеуметтік әділетсіздік көргендердің көрсеткіші бойынша өткен жылы Қазақстанда еңбек құқықтарының бұзылуы, жеткілікті тұрғын үйге қол жеткізудің қиындығы және денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктер көзге бірден байқалады. Әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі – осы. Еңбек құқықтары бойынша өтініштердің көбеюі жұмыс берушілердің жұмысшылардың құқығын елемеуінен туындайды. Төмен жалақы, заңсыз жұмыстан шығару, еңбекақыны уақытында төлемеу сынды мәселелер жиі кездескен сайын, мемлекеттік бақылаудың аздығы менмұндалайды. Жеткілікті тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген азаматтардың да құқықтары жиі бұзылып отыр. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандар бұл қиындықты ерекше сезінуде. Үкімет тарапынан уәде етілген бағдарламалар мен жобалар бар болғанымен, іс жүзінде олардың орындалуы сирек көрінеді. Статистика осылай дейді.
Құқығы шектелгендердің қатарында мүгедектер де бар. 2023 жылы олардың өтініштерінің саны төрт есеге өскен. Жарымжан жандардың көпшілігі медициналық көмек пен әлеуметтік қолдауға қол жеткізе алмай жүр. Олардың өмір сүруі оңай болмаса да, кей мемлекеттің оларға ден қоюында дәметушілік бар ма дерсің. Мүгедектік тобын белгілеуден бастап, тиісті әлеуметтік көмекті алу процесі ұзақ жолдың торабына айналған. Бұл жағдай тек мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз құқықтарын қорғауға күші жетпей, жүйенің күрделілігіне шағымдануына алып келді.
Мәселенің мәнініне үңілсек, елдегі адам құқықтары жөніндегі жағдай айтарлықтай күрделі. Мәселе тек ресми статистикада емес, бұл сандық көрсеткіштердің артында тұрған әрбір жеке адамның тағдырында. Адам құқықтары жайлы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылғанымен, олардың орындалуы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Құқықтық жүйенің тиімді жұмыс істемей отырғанын мойындауымыз керек. Жүйелі реформалар жасалмайынша, бұл жағдай өзгере қоймас. Адам құқықтарын қорғау үшін тек айыппұлдар мен сот процестері жеткіліксіз. Ең алдымен, қоғам мен құқық қорғау органдарының адам құқықтарына деген көзқарасы түбегейлі өзгеруі тиіс. Сала мамандарының пікірінше, құқықбұзушылықтар мен заңбұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидаты енгізілуі керек. Мемлекет пен қоғам бірігіп, адам құқықтарын сақтау ісін ілгерілетсе ғана жоғарыдағы көрсеткіш көбеймейді деген болжам бар. Ондай болмаса, статистика тек өсе бермек.
Е.ҚАЛИЛУЛЛА.
Инфографиканы жасаған автор.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!