Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда қандай құқықтық шектеулер болды?

16.01.2025, 12:00 107

Демократиялық елдерде адам құқығының шектелуі мен бостандығына байланысты мәселелер болмауы тиіс. Дегенмен, сыртқы және ішкі фактордың салдарынан құқықтық шектеуге тыйым болмай тұр. Өткен жылы адам құқықтарына қол сұғу оқиғаларының саны әлемдік зерттеу институттарында жоғары болғаны байқалды. Ішінде Қазақстандағы халықтың құқықтық еркіндігі немесе еркін еместігі де индекстелген. Бұл – көбіне биліктің азаматтарға жасаған қарым-қатынасына байланысты құрылатын статистика.

Алдымен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің сөзіне назар салайық.

2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 5000-ға жуық қазақстандық өз құқықтарының бұзылғанын айтып, шағым түсірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық. Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің есебінде құқықтардың бұзылуының көбеюі адам құқықтарын қорғау саласында шешілмеген мәселелердің әлі де бар екенін көрсетті.

«Қанды Қаңтар» оқиғасынан кейінгі тергеу нәтижелері қоғамда әлі де талқыланып келеді. Бұл оқиға кезінде 200-ден астам адамның қаза табуы азаматтардың құқықтарының аяқасты болғанын көрсеткен маңызды оқиға ретінде есте қалды. Адам құқықтарын қорғау саласындағы ашықтық пен әділеттілікке қатысты қоғам күдігі әлі сейілмеді.

Reporters Without Borders-тің 2024 жылғы БАҚ еркіндігі индексінде Қазақстанның көрсеткіші төмендеген. Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде елдің позициясы өзгермегенімен, нақты ілгерілеу байқалмады. Ал Economist Intelligence Unit-тің  демократия индексінде Қазақстан әлі де «авторитарлық» елдер қатарында тұр. Бұл – әбден зерделеуді қажет  ететін  мәселе.

КИБЕРҚҰҚЫҚҚА  ҚОЛ  САЛҒАНДАР  ДА  БАР

2024 жылы Қазақстандағы интернет еркіндігі мен сөз бостандығы халықаралық ұйымдар тарапынан сынға алынып, елдегі ахуалдың күрделілігі айқындалды. Freedom House ұйымының «Интернет еркіндігі» индексінде Қазақстан 34 ұпай жинап, «еркін емес» елдер қатарында қалды. Бұл көрсеткіш елде сөз бостандығының шектеліп, интернетке бақылаудың күшейгенін айқын көрсетті. Қабылданған «Онлайн платформалар мен жарнама туралы» заң интернеттегі еркін пікір алмасуға үлкен шектеу қойды. Заң бойынша күнделікті 100000-нан астам қолданушысы бар платформалар Қазақстанда заңды өкілдік ашып, жалған ақпараттарды жоюға міндеттелді. Бұл талаптарды орындамаған платформалар бұғат­талу қаупімен бетпе-бет келді. Соны­мен қатар, тәуелсіз журналис­тер мен құқық қорғаушыларға жасал­ған кибершабуылдар жиілеп, елдегі интернеттегі еркіндікті одан әрі шектеді. 2024 жылдың ақпанында Қытайдың мемлекеттік қолдауындағы APT41 хакерлік тобының Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымына екі жылдан астам уақыт бойы рұқсатсыз қол жеткізгені анықталды. Бұл жағдай елдегі киберқауіпсіздікке алаңдаушылық туғызып, азаматтардың жеке мәліметтерінің қорғалуы мен интернет  кеңістігінің  қауіп­сіз­дігі мәселесін ашық көрсетті. Мұндай оқиғалар интернеттің бақылау­да болуы елдегі ақпарат алмасу еркіндігіне және сөз бостандығының дамуы­на үлкен кедергі келтіріп отыр­ғанын дәлелдейді. Тәуелсіз БАҚ пен әлеуметтік желілерде пікір білдіру мүмкіндіктерінің шектелуі, сондай-ақ журналистерге жасалған қысым Қазақстандағы демократия­лық құндылықтардың әлсіреуіне ықпал етуде. Халықаралық ұйымдар ел үкіметін реформалар жасауға шақырып, интернет пен сөз бостандығының қорғалуын қамтамасыз  етуді  талап  етуде.

Елімізде өткен жылы әйелдер мен балалар құқықтарының қор­ғалуы мәселесі қоғам мен халық­аралық ұйымдардың басты назарында болды. Әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және балалардың қауіпсіздігіне байланысты оқиғалар елдегі  құқықтық  жүйенің осал тұс­тарын  ашып  көрсетті.

НҮКЕНОВА  «НҮКТЕСІН»  ҚОЙДЫ…

Әйелдер құқықтарының қор­ғалуы тұрғысынан 2024 жылы Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамды дүр сілкіндірген маңызды оқиға болды. 2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы мейрамханалардың бірінде 31 жастағы Салтанат Нүкенова қатыгездікпен ұрып-соғудан қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің қаншалықты өзекті екенін ашық көрсетті. Қоғамда әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғауға бағытталған реформалар мен нақты шараларға сұраныс күшей­ді.

Осы оқиғадан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Жаңа заң ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттерін қылмыстық құқықбұзушылық санатына енгізді. Бұл өзгерістер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды қадам болды. Дегенмен, құқық қорғаушылар гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін заңнамалық шаралардан бөлек, құқықтық мәдениетті арттыру мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталған кешенді саясат  қажет  екенін  алға  тартуда.

Amnesty International ұйымы әйел­дер құқықтарының қорғалуына қатысты сын-пікірлерін білдіріп, тіркелмеген діни ұйымдарға тыйым салу және олардың қызметін шектеу әйелдердің құқықтары мен еркін­дігін шектеуі мүмкін екенін атап өтті. Ұйым қоғамда әйелдер құқықтарын қорғауды жақсарту үшін заңнаманы ғана емес, оның тиімді орындалуын да қамтамасыз ету маңызды екенін мәлімдеді.

ШЕРЗАТ  ҮШІН  ШЕРЛІ  БОЛДЫҚ…

Балалар құқықтарының қорғалуы мәселесі де қоғам назарында болды. 2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысының Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болат пышақ жарақа­тынан көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қайтадан алдыңғы қатарға шығарды. Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық пен оның алдын алу шараларының жеткіліксіздігі туралы талқылаулар күшейді. Құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуі балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі кемшіліктер  бар  екенін  көрсетті.

Шерзат Болаттың өлімі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін құқықтық және тәрбиелік шараларды күшейту қажеттігін айқын көрсетті. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер мен құқық қорғау ұйым­дары балалардың қауіпсіздігіне қатысты жүйелі реформалар мен кешен­ді бағдарламаларды іске асыру қажеттігін алға тартты. Бұл тұрғыда ата-аналардың жауапкершілігін артты­ру, білім беру жүйесінде тәрбие жұмыстарын  күшейту және заң­нама­лық қатаңдықты қамтамасыз ету  маңызды  рөл  атқарады.

САЯСАТТАНУШЫ  СӨЗІ

Осындай жайттарға орай қызыл­ордалық саясаттанушы Мұрат Наси­мов елдегі адам құқықтарының ахуалы, саяси реформалардың тұрақтылыққа ықпалын қалай бағалайтыны жайында, қандай қадамдар жасалуы  тиістігін  айтып  берді.

– Ең алдымен ел тұрғындары негіз­гі өз құқықтарын дұрыс біле ме, соны анықтап алуымыз қажет. Фейк ақпарат­тарға сенеміз, кейде заңсыз болса да таратамыз. Кибералаяқ­тарға сеніп қалатынымыз тағы бар. Демократия деп заңға қайшы кез келген әрекетке барамыз. Сондықтан Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайын ілгерілеумен де, қиындықтармен де сипаттауға болады. Билікті орталықсыздандыру, азаматтардың саяси қатысуын арттыру және саяси бостандықтарды кеңейтуге бағытталған соңғы саяси реформалар қоғамдық мәселелерді шешуге ұмтылысты көрсетеді. Саяси реформалар қатарында конс­титуциялық өзгерістер, саяси партияларды реформалау және сайлаудың ашықтығын жақсарту шаралары бар. Бұл рефор­малардың қоғамдағы сенім мен тұрақтылыққа әсері жан-жақты. Бір жағынан, реформалар қоғамдық мәселелерді шешуге дайын­дығының белгісі, бұл сенімнің қалыптасуына ықпал жасайды. Екінші жағынан, егер реформалар үстірт жүргізілсе және терең жүйелі проблемаларды шешпесе, қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, сенімсіздікті  күшейтуі   мүмкін, – деді  ол.

Сонымен бірге, Мұрат Насимов қоғамдық кері байланыс тетіктерін институционализациялауды  жалғас­тыру  қажет  екенін  баса  ескертті.

– Азаматтар мен саясаткерлер арасында тұрақты және мазмұнды диалог орнату үкіметтің әрекеттері мен қоғамдық үміттер арасындағы алшақтықты азайтады. Басқару­дағы ашықтықты ілгерілету де маңызды. Қолжетімді қоғамдық қабылдау сияқты шаралар есептілікті көрсету арқылы сенімді арттырады. Сондықтан еліміздегі демократия­лық  модель Орталық Азия мемлекеттеріне үлгі бола алады деп ойлаймын. Жаңғыру бағытындағы реформалар мен қоғамдық келісімді сақтаудың тепе-теңдігі үшін тұрақты күш-жігер  қажет, – деді  өз  сөзінде.

Саясаттанушыдан мемлекеттік бақылаудағы БАҚ пен сөз бостандығы шектеулерінің саяси процес­терге  және  билік  пен  қоғам  арасындағы диалогқа әсерін, оны жақсарту үшін қандай қадамдар жасау қажеттігін сұрағанымызда, жазбалар заң қағидаларына сәйкес келу керек екенін  есімізге  салды.

– Айтылып отырған аухал билік пен қоғам арасындағы диалог сапасына әсер етеді. Тек билік жұмыстары мақтала беретін медиа-ортада азаматтар арасындағы күмән мен сенімсіздікті тудырады. Бұл билік пен тұрғындар арасындағы алшақтықты тереңдетіп, саясатқа араласпауды күшейтеді, тіпті, әлеуметтік толқуларға әкелуі ықтимал. Онлайн платформалар мен әлеуметтік желілерге шектеусіз қолжетімділік азаматтарға өз пікірлерін білдіруге және пікірлес адамдармен байланысуға мүмкіндік беріп отырғаны баршамызға белгілі. Сандық кеңістікте еркіндік және демократиялылық сақталған. Тек жазбалар заң қағидаларына сәйкес келуі керек. Тұрғындар өз медиасауаттылығына ерекше мән берулері қажет. Азаматтардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға үйренуі оларға белсенді әрі мәдениетті саяси қатысуға мүмкіндік береді, – деді  саясаттанушы.

Елдің дамуындағы негізгі факторлардың бірі – құқықтық реформа мен биліктің саяси ерік-жігері. Азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ету тек заңдардың ғана емес, олардың нақты іске асуымен  өлшенеді.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: