Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

19.03.2020, 10:46 830

Алдажар ӘБІЛОВ

9.  БЕЙНЕТАСПАДАҒЫ  ДӘЙЕК

Сәске түс болса да күн көзін ашар емес, сол түнерген қалпы, ауық-ауық не қар, не жаңбыр екені белгісіз бірдеңені бүркіп қояды.

Қазыбек ағайынды Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтермен және Кенжебаев, Сыздықовтармен кездесіп, бейнетаспаға жазыпты, ал Тұрғанбай Ақмешітке кетіпті, дүйсенбі күні келеді­ екен. Орынбек 101-мен болған әңгімені баяндап, жұмыс бағытын айтты да, Қазыбекке ризалығын білдіріп, Нұрлан екеуіне тынығып алуға  кеңес  берді.

– Ау, өзің ше?

– Мен бұған үйренгенмін ғой. Сырт көзге тергеушінің жұмысы кабинетте отырып атқа­ратын қызмет сияқты көрінеді, алайда біздің салад­ағы ең мехнатты қызмет осы ма деймін. Екі-үш күндеп ұйықтамай жүрген кездер де аз болған жоқ.   Осы «штабтарыңда-ақ» тынығып аларсыңдар. Мана бір қарағанымда Сағадат та, Асқар да ұйықтап жатқан еді. Тағы бақылап қайтайын.

Төргі бөлмеге енген Орынбек Сағадаттың оянғанын байқады. Ол басы салбыраған күйі біруақ отырды да, ымдап мұны өзіне шақырды. Көп ішкендіктен болса керек көзі қанталап кеткен­. Шамасы құпиялап бірдеңе айтпақ. Орынбек Сағадат отырған тұсқа өтіп бара жатқанда­ байқамаған адам болып Асқардың аяғын  қаға  өтті.

– Ба-ла, рө-рө-шкі мен бір жа-пырақ қағаз әкеп  берші.

Оның сыбырын бұл әзер есітті. «Ол неге керек болды екен? Не болса да көрейік, айтқандарын әкеліп берейін». Осы ойға бекіген Орынбек есікке беттеген тұста тура Асқар мен Сағадат­ екеуінің арасында тұра қалған еді, ол Асқардың көз қысқанынан оның оянғанын, бірақ өтірік ұйықтап жатқан болып, күдіктіні аңдып жатқанын білді. Бұл әкелген қағазға Сағадат телефон нөмірі мен адресті тездетіп жазды, бірақ екі көзі Асқарда, бір-екі рет тамағын кенеп еді, Асқар қозғала қоймады. Анау сонда да сыбырға көшті.

– Ба-ла! Мы-на а-дрес-ке, не телефонға менің осы үйде екенімді жеткізсең. Менттер ұстап отырғанын айт. Егер бәрі дұрыс болса, күйдірмеймін, астыңа ат мінгіземін, бизнесіңе де  көмек  берем.

Бұл түсінгенін аңғартып, басын изеп, шығып­ кетті де, Қазыбек пен Нұрланның жанына келіп, болған  жағдайды  айтты.

– Тіфу… Әй, мынау нағыз екен ғой… Пәшес­тің пәшесі екен ғой мына сұмырай. Осыдан кейін қалай тынығарсың? Адыра қалды ұйқы да, күлкі де. Жігіттер, мынадан байқамасақ болмай­ды, қашырып алып, масқара болармыз әлі. Одан да, дым білмеген болып бірге тамақтанып алайық, сосын видеоларды көрсетуге кірісейік. Ореке, сен ымдап ананың сәлемін жеткізгеніңді сездіріп қоярсың. Сол кезде мынау­ сәл де болса сенімдірек  болып, жайбарақат  отырары  анық. Сендер кіре  беріңдер, мен  насыбай  атып  алайын.

Барлығы бірге тамақтанды, Орынбек Сағадатқа ымдап, тапсырмасын орындағанын білдірді,  анау  бірден көңілденіп сала берді. Біраз уақыт билік тақырыбына барып қайтты. «Не деген дөрактар, а? Елді осылай басқара ма екен?  Дұп-дұрыс тұрған дүниені тас-талқан етті. Қала  біткенді  қиратып тастады, колхоз-совхоз тарады, жұмысқа  орналастырамыз  дейді, онысы­ бар ғой – жеген әңгіме, ненің жұмысы, қайдағы жұмыс? Билік халыққа қызмет етеді – дейді, о заман да, бұ заман халыққа қызмет еткен­ билік болған емес, болмайды да. Кеше аудан, облыс басқарып, елді сорғандарды бүгін әспеттеп жатырмыз көшеге, мектепке атын беріп, солар не еңбек істеді? Отырды сәбет үкіметінің  рақатын көріп, халықтың мойнына аяқтарын  салбыратып  жіберіп… Әне, елге еңбек етті  деп  Әуелбековті айту керек. Солай…».­ Бір-екі жүз грамнан соң ол тіпті шалқыды:­ «Осы жұрттың мілитсаны жек көретіні­не миым жетпейді. Ау, мілитса бол­маса халық  бір-бірін түтіп жемей ме? Онсыз да тонап­, ұрлап жатқан жоқ па бірін-бірі. Тіпті, әкім-сәкімдердің өзі солардың арқасында талтаң­дап жүрген жоқ па?!». Содан соң барып: «Бүкіл мілитсаның денсаулығы үшін!» – деп алып қойды. Орынбек мынаның сөзіне іштей таңғалуда. «Білмейтін адам мынаған алданып-ақ қалғандай екен. Сонда бізді бала көріп отыр  ма бұл. Мына  жігіт кез келген жерде сатып  кетуден тайынатын  емес  ғой».

Бұдан соң жеделдете іске кірісу керек болды, жауапты қызметкер бейнестаспаны телеви­зорға қосты, барлы­ғы­ның да назары соған  ауды.  Әуелі  Сағадаттың мойындауы көрсетілді. Орын­бек­ күдіктіні бағуда, ол болса бір қызарып, бір сұрланады. Бір сағаттан аса көрсетілген жазбаны көріп болған­ кезде Сағадат­ бетін басып отырып қалды. Түрі кісі шошыр­лық  болып  кеткен.

– Мастық қой… Мас болып, аузыма не келсе соны айтыппын. Мұны неге менен жасырын түсіргенсіңдер. Бұларың заңсыз…

– Неге заңсыз? Қазыбек, Асқар және мен қатысып отырмыз… Немене саған үш сотруд­ник­  аз болып отыр ма? Ешкім сені қина­ған­ жоқ, айтқан – өзің. Біз саған бейне­жазу жүргізіледі деп кеше ескерттік, ол да дикто­фонда жазулы тұр. Енді  неге  қыңырайып  отырсың?­

Нұрлан күдіктіге тіктеле сөйледі, ол Орын­бекк­е қарайды, шамасы, өзін құтқару­шыларды  сұрағаны  болуы  керек, бұл екі иығын көтеріп,  «білмеймін»  дегенді  ұқтырды.

– Енді  ғой… не ғой… Әлгі шешең… не болды екен?

– Бәрін қойып, бізге тіл тигізейін дедің бе?

– Жоқ, жо-жоқ, сендерге емес, есіме бірдеңе түсіп  кеткені ғой.

– Енді келесілерін көр.

Тағы да теледидар қосылды, әуелі ағайынды­ оқушылар Серікхан мен Жолбарыс Мәте­новтер­дің, сонан соң Кенжебаев пен Сыздықовтың бейнетаспаға жазылған куәліктері көрсетілді.

Сағадаттың ұнжырғасы түсіп кетті. Басы салбырап, жынынан айырылған бақсыдай болып­  отыр.

– Кешеден бері мені неғып баптап, бағып жатыр  десем, бәрін қымтап, түрмеге дайындап отыр  екенсіңдер  ғой… ә… кәззаптар…

– Ей, не сандалып отырсың? Барлығын өзің айтып отырған жоқсың ба? Енді неғып бізден көресің?

– А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… құрттыңдар ғой… Құрымаған нем қалды енді… А-а-а-й-й-й…

– Жоқ! Біз емес сені құртқан… Сен өзіңді өзің құртып отырған адам емессің бе? Жазықсыз жанның қанын мойныңа жүктедің, сөйте тұрып бізді  кінәлайсың.

Әңгімеге Қазыбек араласты: «Әлі ақша туралы­ да айтуың керек қой». Сағадаттың көзі шарасынан шыға оған тесірейе қалған.

– Не қылған ақша?

– Оу… Тыңдап отырған жоқсың ба? Сен картаға уыстап ақша тігесің, Тұрғанбай болса марқұмның қалтасындағы бобыраған ақшаны алады. Оу… ел ақша түгіл оның көлеңкесін де көрмей отырған кезде бұл не қылған батпан құйрық? Ол байлық сендерге қайдан келген?

Сағадаттың беті тағы да көгістене бастап, самай тұсы жыбырлап қоя берді, қолымен уқалап әлек, бірақ сыр берген жүйке көнер емес, бір кезде барып қарлығыңды даусы шықты.

– Ешқандай ақшаны білмеймін. Оның қайдан алғанын сүйегі қурап қалған көкелеріңнен сұрарсыңдар.

– Ал, картаға салған ақша ше?

– Ақ адал ақшам – табан ет маңдай терім. Немене бізді тезек теріп жүр деп пе едіңдер?

– Жо-ға… Біздікі еске салып қойған ғой… Енді мынаны көрейік.

Теледидардан Ордабектің жесірі Шынар Ермағанбетқызының отбасы, дастарқан үсті, үрпиген балалары, әйелдің зарлы әңгімесі көрсетіле бастады. Әйелдің жылап, балалардың шулаған тұсына келгенде Сағадат бетін басып отырып қалды. Тісі шықыр-шықыр етеді, ауызы бір жағына қисайыңқырап: «Әл-г-і… шешең…. неғып жатыр екен… Ойбай-ай, ойбай… құрыдым-ау, құртты-ау мені, тап қана жеті әкеңнің аузын…» – деп жыламсырай бастады.

Қазыбек енді оған уақыт беру керектігін ескере­: «Ал, азамат Кәрішалов ойланыңыз, біз саған екі сағаттай уақыт береміз. Манадан бергі көргендеріңді ақыл елегінен өткіз. Өзің айт­қандай басың қатты істейтін жігітсің ғой, келеше­гіңді  ойла. Кедергі  жасамайық, қабырғаңмен кеңес. Бұдан кейін бәрі кеш болуы мүмкін, ол кезде өзіңе ренжімесең кімге ренжисің, тілеп алған тағдырың – зонада шірисің. Біз сені келес­і бөлмеде күтіп отырамыз. Саған жәрдемші – тек шындық. Осыны  ұмытпа. Ойлан.­..» – деді.

Екі сағаттан соң Сағадат қылмысын мойындап, хаттамаға қол қойды. Алда оның қалай құбылатынын кім білген, із кесушілер дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Түнгі 11-де күдікті ИВС-ке жеткізілді, кезекшілерге қатаң ескертіліп, барлығы  құжатталды.

Орынбек ертеңгі  жұмысының бағытын ойша шамалауға кіріскен. Ішінен Кәрішаловтың қамалғанын түнде жақтастары біліп қал­маса екен деп тіледі, таңертеңгіге тәуекел, сенімді жігіттер бар, олардың  дегенін  болғыза қоймаспыз  деп  бір  түйіп  қойды.

Бұлар манағы үйге беттеді. Кент қалың ұйқы құшағында. Көзге түртсе көргісіз қараңғы, тағы да шатыр-шатыр етіп найзағай ойнады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: