Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

23.04.2020, 10:56 688

Алдажар ӘБІЛОВ

14.  ҚАНДЫ   ҚАҚПАН  

Сағадаттың қылмысын мойындауы туралы хабар сол күні-ақ Ақмешіт пен Жаңақорған арасын­  байланыс пен қаңқу қазанына айналдырып жіберді. «Ойбай-ау, Сағадат дегенің талай­дың қанын жүктеген қанішер банды екен, өйтіпті, бүйтіпті, аяқ-қолын кісендеп, түрмеге тастапты» деген өсек сол қазанның тасып төгілген көбігі іспеттес болса, нағыз әңгіме басқа­ жақта болатын. Егер жаратушымның құдіретімен сол күні телефон сымы арқылы айтылы­п жатқан әңгімелерді барлық адам есітет­індей болып кетсе, адамдар сұмдығынан талайлардың жүрегі ұстап қалуы да мүмкін еді.

– К-көке… Анау мойындап қойыпты…

– Не айтыпты? Тергеуші кім?

– Облыстан келген жігіт. Хваткасы қатты екен, анау бір күннің ішінде барлығын мойнына­ алыпты. Е-енді не іс – істейміз?

– Қатынша ойбайлама! Кімнен білдің? Нені мойындапты?

– Адвокаттан. Бәрін өз еркімен мойындап, қол қойып беріпті, кеше хаттап, видеоға түсіріп қойыпты, енді тек сотқа барады екен. Тергеуші де бір сұмдық дейді, адамның ішіне кіріп кетіп, айтпасын айтқызатын көрінеді.

– Әй!.. Мен сенен тергеушіге характерис­тика бер деп тұрған жоқпын ғой. Әлгі нақұрыс нені мойнына алыпты? Айтпайсың ба соны адам құсап.

– Енді… сасып… Ордабекті өлтіргенін мойынд­апты.

– Сосын? Ана жай туралы әңгіме жоқ па?

– Болмаған сияқты…

– Өй… сияқты-мияқты деген сволош… Әй, есуас болмасаң түсінуің керек ғой. Ол әңгіме болды дегенше сені қамайды деген жоқпын ба өткенде.

– А-ата-маңыз, к-көке! Адамды қорқытып… Құдай  сақтасын.

– Құдай да «сақтансаң, сақтармын» деген. Адвокаттан ақша аяма, ананың не айтқанын толық  біл. Ал, әлгі нақұрыс бақташыны өлтір­генін мойындаса – ол өзінің шаруасы, тіпті оның сол бойынша сотталып кеткені жақсы, к… шыққан шиқандай болып қанды ішіп болды ғой. Бізге тек ана шаруа ашылмауы керек. Так… Қалғанына қимаң қышымасын… Соттағыларға ескертем… Болды, телефон соғып, миды ашыта­ берме, маңызды болса ғана хабарлас.

Сағадат болса уақытша ұстау абақтысында ойға шомған, көз алдынан бүкіл ғұмыры, соңғы жылдар оқиғалары тізбектеліп өтуде. Ойлап қараса… Ех..! Өкінішті жалын бүкіл ішін аралап, лапылдап аузына келгендей болады.

«Елеске малданып, алдауға түсіп, кісі қанын жүктеген сияқты. Оның болу себебін ашық айтс­а – бірталай адам сотталуы мүмкін және мұның да қылмысы ауырлап, зонада өтер жылы да ұзармақ, сондықтан осы айтқанынан таймағаны дұрыс қой. Бірақ, іші күйіп барады, шешең­ді с… жолы болуларын қарашы, тап-таза қалып барады. Сырттан қарасаң керемет адамдар сияқты, істеп жүргендері анау. Осы жұрт мына байлардың көбісі пашти қылмыскер екенін біле ме екен? Әй, білмейді-ау. Ай… дүние тағы бір айналып келсең… Түбіңе мен жетемін әлі Жәмит, қара да тұр, дірілдетіп бұтыңа сигізбесем Сағадат болмай кетейін, шешеңді с…!

Осының барлығы неден басталып еді, өзі? Иә, ана жылғы аламан дүбір, атышулы ат жарыс­ынан, бас жүлдеге Toyota Land Cruiser Prado тігілген бәйгеден басталған екен ғой. Әкесі бар болғыр да қоймады: «Оу, мына елге белгілі Жәмит туыс асыл тұқымды жүйрік атын додаға қоспақшы, бәйгенің жайын білетін атшаба­ры жоқ болып қиналып саған қолқа салып­ отыр екен, нең кетеді, атына шауып көр, шабандоз емессің бе, озып келсең бір жағынан абырой, екіншіден, ауданның бензенін ұстап отырған  камерсант емес пе, құрқол қалмассың», – деп. Иә, сол жолы көрсең ғой Жәмитті, аузы  жаялықтай  болып  мәз-мейрам болды емес пе, бас бәйгеге келген машинаны айналып шықпай қалған жоқ па, тіпті сол күні соның ішіне қонып еді ғой дүниеқоңыз ит. Сол күні емес пе еді тал шыбықтай бұралған Шынарды бұған қосатын болғаны, қызын шақырып алып, мұнымен таныстырып, «Жігіттің төресі, нағыз азамат», – деп мақтағаны, қыз да кетәрі сияқты емес көрінген, сөйтсе сұмдығы ішінде екен ғой, сонда бұлар мені ойнатып жүргені ме?! Осыдан аман келейін, көрсетемін ойнатқанды жетпіс жеті әкеңнің аузын с…».

Миы сапырылысқан ойдан қорғасындай болып, басы бейне шытынап жарылып кететін­дей көрінуде. «Қызы да бір әперис екен ғой, бұл қайдан білсін, үш жыл мұрындықтады да отырды-ау… Алматыдан каникулға келді бітті – бұған хабар салады, тапқан-таянғанын қалтасына салып бұл жетеді ентігіп. Ақмешіт, Жаңақорған, Шымкент, Түркістанда бұлар бармаған кафе, ресторан қалды ма екен, сірә. Әй, жарымеспін ғой, мисыз әумесермін ғой, ау, ол кім, мен  кім – деп бір ойланбағаным-ау, құмалағымды қаға алмай жүріп байдың сұлу қызы не теңім десейші… Атын да баптадым, бәйгеге де, көкпарына да шаптым… Қаншама табыс тапты… Одан бірдеңе берсе де, бермесе де риза боды­м ғой мен дөрак. Әкем қасқа да мақтаншақтау еді ғой, марқұм: «Балам, солардың айтқан­ын істей бер, жаман болмаймыз», – деп ыңылдады да отырды, ыңылдады да отырды. Ал, істедік – не таптық, сотталайын деп отырмын  енді…

Қайдан білейін мен сорлы, болашақ қайын атам болады деп жүрген, оның үстіне автозәпіравкілердің құдайы атанған адам бар, анау облысты ұстап тұрған көзі бақырайған алпамсадай дәу бар, «Өскеннің» жігіттерінің машина­лары батпақтап қалыпты дария жақта, итеріп шығарысып жібер» дегесін барған едім ғой, үлкен лауазымды адамдардың машинаны бірге итерісіп жүргеніне қарап сонда: «Алла-ау, мынау­ не деген керемет адамдар, не деген кіш­пейіл жандар» – деп ойлаған едім ғой. Сөйтіп жүргенде ішіндегі адамдарымен қоса машина дарияға күмп берді. Ішінде екі адам бар екенін, олардың кім екенін кейін естіді ғой бұл сорлы. Сонда мыналар ана марқұмдарды әдейі дарияға ағызып жіберейін деп тұрған жоқ па – деген ой келмегенін қарамайсың ба. Ол ой келсе – осылай­ отырар ма едім. Кейін білді ғой мұның сырын­, бармағыңа қоса басқа жеріңді тістесең де барлығы кеш еді ғой ол кезде. Не болса да – бітті енді, алты жылдан бері мазалап, ұйқы бермей жүрген салмақтан құтылды. Бүгін бір тыныш ұйықтайтын шығар енді. Көзі ілініп бара жатыр еді, тағы да көз алдына Ордабек келді.

Әй, Ордабек… Ордеке! Тағы келіп тұрсың ба? Бәрін мойныма алдым. Риза шығарсың. Тіпті түсіме кіріп, тісің ақсиып, маза бермей қойдың ғой. Сені өлтірейін деген ой жоқ еді, әлгі иттер­дің айтағына еріп… Не дейсің? Мал қайда дейсің бе? Иә… иә… сен өлерден он күн бұрын мал санағы­ өтті ғой, сенікі түгел шықты. Сен өлгесін жүргізген санақта сексен жеті бас кем шықты. Оны мен алдым, қара басты ғой әлгілердің сөзіне сеніп. Біліп жатқан шығарсың, ана Тұрғанбай туысқаның да бар қасымда, сенің денең­ді кепеге тыққасын, оны қасыма ертіп, малды өзіміздің қораға айдай жөнелдім. Әкем сорлыға кім айтқанын білмеймін, ауылдан сырттағ­ы қораға малды айдап келсек «Урал» мотоцик­лімен  келіп, есігін ашып тұр ғой. Негізі әлгі камерсант шығар солай істе деген шешеңді… Ол малдың біразын әлгі дәу бастық, біразын камерсант құртты, маған тигені қой құмалағындай ғана. Ал, мен болдым… Тұрсынбай сорлы да барлығын мойындапты ғой, жалғыз­ болмаспын, келер қасыма мөнтеңдеп. Құлың болайын, маза берші енді маған…».

Бұл кезде облыс басшыларының бірі болып отырған лауазымды адам да осы іске қажетті дегенд­ермен телефон арқылы байланысып, көңілін бірлеп отырған. Сонда да ойынан жаңақ­орғандық кәсіпкердің хабары шығар емес. Осы жігітті іші ұнатпаса да, лауазым иесі оның дүние байлық үшін бәріне дайын екенін ұнатады, онысы бұған жақсы, ақша болып құяды.

Сол күні, иә… иә, осыдан алты жыл бұрын ол «көкелеп» тағы да келген еді, Ресейден бензин­ әкелу үшін көмек сұрады. Бұл ішінен «Не деген аппетит» – деп қойды анау «бір сос­тав» дегенде. Ойлана бастады, одан түсетіні де аз емес, оның үстіне көктемгі егіске бөлінгеннен қытығаны бар, оны да осыған сатқызады, қомақты қаржы болатын түрі бар. Біраз ыңыранып отырды, санасында ананың «Жаңақорған ауданы бес-алты айдан бері айлық алған жоқ, жалақы орнына мал, астық, жанар-жағармаймен құтылуда» деген сөзі, бір сәт мол қазына түсетін істің құлағы көрінгендей болды. Аудан басшысына телефон соқты, барлық шаруашылықтар бойынша жалақы қарызы жоқ екен, әлгінің айтқаны рас болды. Облфинмен, банкпен сөйлесті әр ауданға там-тұмдап беретін ақша  келіпті.

Ертеңіне бұл іске кірісті. Құпия ұстайтын екі арызқойы бар еді, соның біреуін шақыртты да, қалтасына жолпұлы үшін ақша салып, жұмыс бағытын түсіндірді, ол жолға шықты. Сол күні мұның атына Жаңақорғаннан телеграмма түсті, кімнен екені белгісіз, бірақ «Өскен» колхозы халқы көптен ақша алмаған, жиналып, көшеге шықпақшы екен – деген мағынадағы хабар қолына тиісімен лауазымды адам аудан бас­шысы­на, аудандық банкке телефон соқты, «Өскеннің» төрағасын өзіне шақыртты.

Кеңес билігінің соңғы жылдарында Шымкент облысынан қызмет бабымен ауысып келге­н жігіт ағасы ел жағына қайтқысы келе­тінін бұған бірнеше рет айтқан болатын, ылдым­-жылдымы жоқ оны ұнатпайтындықтан бұл келісім бермей жүрген-ді. Мезгілі енді келген сияқты. Екеуара әңгіме ел жайын сұраудан басталды. Анау терлеп-тепшіп баяндауда. Біраздан­ соң бұл телеграмманы көрсетті, ананың­  көзі  шарасынан  шығып  кетті.

– Апыр-ау, мен шыққанда аман еді ғой… мен шыққанда аман болатын…

– Сен шыққанда не болғаны бізге керек емес, неге халықты толқуға дейін жеткізесіңдер?

– Енді… Ауылдың айтқанын істеп отырмыз ғой… Енді…

– Інім, саған жаным ашып отыр. Сырттың адамысың, еліңнен де ұяламын, ертеңдері «Бір жігіт елдеріне барып қалып еді, сиғызбай, соттаты­п жіберіпсіңдер», – деген әңгімеге қалармыз. Не болғанда да мына әңгімені басу керек, жоғарыға шығып кетсе – не болатынын Құдай білсін. Мен ауданыңның басшысымен, райфомен, банкпен сөйлестім, қазір облбанкке­ келіп тұрған ақша аз ғой, әр ауданға жеті-сегіз миллионнан ғана беруге мүмкіндік болып тұр. Мен сендердің ауданға бөлінген қаржының барлығы­н сендерге бергізгелі отырмын. Дабыра­ қылмау керек, көп қаржы ғой, ертең түстен кейін кассирді бір көлікпен жіберіп, райбанктен сол ақшаны алып ал, келесі айда келесі колхозға­ береміз, сөйтіп отырмасақ болатын емес.

– Ау, біздің айлыққа қарызымыз жоқ, бәрін мал, запчасть, бензин есебінен беріп тастағанбыз. Мұны не істейміз сонда?

– Барлық ұжымда да сондай. Ал шу шығарып отырған сендердің ауылың, сосын мен сендерге­ көмектескелі отырмын. Келесі айдың есебінен беріңдер, әйтеуір, ел тынышталу керек. Понятно?

– Жақсы…Түсіндім… Бір таблетка «Уаз» және екі-үш жігіт бөлейін кассирдің қасына.

– Өйтпе. Жұрттың құлағын көтеруге бол­май­ды. Бес орындық «Уаз» шоферымен болса – сол жетеді. Кассир екеуінің бес-алты қап ақшаға шамасы келетін шығар…

– Келеді ғой…

– Дұрыс. Ешкімнің білмегені жөн, «Сақтықта қорлық жоқ» деген, бүгін кері қайтып, басбухпен бірге құжаттарды дайында. Бірақ, оған ештеңе айтпа, кассир де білмесін. Банктегілер олардың түстен кейін 4-тен өте келгені дұрыс – деп отыр, сонда ешкім күмәнданбайды екен. Әдетте ақша алуға кассирлер ертеңгісін барады ғой, оны жұрт сезіп қояды екен. Көрдің бе… мен банкке «Өскен» қай уақытта келсе де ақша босат­ыңдар» деп тапсырма бердім. Кассир мен шоферға тек жолға шығарда айт. Осыны ың-шыңсыз   бітірсек, сенің  өтінішіңді орындауды ойланып  көрерміз…

Барлығы лауазымды адам ойлағандай болды, банктен ақша алып шыққан кассирді бұлар көпірге бұрылар көше қиылысынан күтіп алды. Өз машинасын Жәмиттің гаражына кіргізіп, соның жол талғамайтын көлігіне мінген лауазымды адам машина қозғала бере: «Алла, істің сәтін сала гөр та!» – деп күбірлеп алды…

Жәмиттің көлігінің жанында тұрған облыс басшыларының бірін көрген кассир құлдырыңдап жүгіріп келіп, сәлем берді. Көлік ішіндегі бес-он минуттық әңгімеден соң олар Жәмиттің жол көрсетуімен дария бойындағы таса тұсқа барып, суға тойып дария бойында жатқан кент тұрғындары сиырларының арғы жағына тоқтады, кездесу құрметіне ішу басталды. Шоферға да ішкізді, дауысы күркіреген лауазымды адам олар мас бола бастағанда Жәмитке «Кіріс!» – деп бұйрық берді. Ол әлгі екеуін «Уазға» мінгізіп, тағы да ішкізе бастады. Көп ұзамай екеуі де ұйқыға кетті, Жәмит бұл кезде олардың аузына арақ құя бастаған болатын. Әбден жеткілікті болды деген шамада күркіреген дауыс естілді: «Достаточно!». Жәмит қаптағы ақшаларды өз көлігіне апарып салды. Лауазымды адам риза: өйткені бәрі өзі жоспарлағандай болуда. Енді тек машина мен ана екеуін құрту қалды. Екеуі машинаны итеріп көргенмен орнынан қоз­ғалта алмады, дөңгелектер дария бойының ылғал құмына батыңқырап кеткен екен, шамалары келмеді.

– Әй, немене мұнда надежный жігіттер жоқ па?

– Бар ғой… Жаңа үйдің жанында жүрген Сағада­т деген…

– Давай… Онда соны ертіп әкел…

Зуылдап тұрған машинаға сөз боп па, ол Сағадатт­ы лезде-ақ жеткізді. Үшеулеп машинаны итере бастады, Сағадат жанын салып мықшыңдауда, орнынан қаттырақ қозғалып кеткен машинаның рөлін бұл кезде Жәмит дарияға бұрып үлгірген болатын. Сағадат шошып кетті.

– Ойбай… Құрыдық, аналар суға кетті…

– Енді қайттік? Бұл – Жәмиттің дауысы. Сағада­тқа дым білмейтін болып көрінген сиқы.

– Дымыңды шығарма! Кеттік. Біз ештеңе көрген жоқпыз. Сен бұл жерде болған жоқсың. Сотталып кеткің келмесе – тіліңе ие бол!

Барлығы да күркіреген дауыс иесінің айт­қанына  көнді.

– Сені биіктің ар жағындағы шеткі үй жаны­н­ан күтеміз. Ана сиырларды арлы-берлі айда, мына жерде із қалмасын.

Қанды қақпан осылайша «шарт» етіп, қауып түскен болатын.

(Басы  өткен  сандарда.   Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: