Жақында әлеуметтік желіден бір кәсіпкердің жақсы жазбасын оқып қалдым. Онда өзіне таныс шенеуніктің бір адамын жұмысқа орналасуын өтініп, онысы орындалмаған соң, өзіне қырын қарай бастағанын жазыпты. Расында, бір адамды алу үшін екінші маманды жұмыстан шығарып жіберу қаншалықты қисынға келеді? Жұмыс орны деген тартсаң соза беретін, оған адам сыя беретін резеңке емес. Алайда біздің қоғамда не жоқ дейсің? Бізде сыйластықты сыбайластыққа, қамқорлықты жемқорлыққа жалғайтындар бар.
Жыл аяғына жетіп үлгермесе де, Қызылорда облысы бойынша бармақ басты, көз қыстылыққа жол берген 40 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 25-і – пара беру, 2-еуі – ШОБ қызметіне заңсыз араласу, 17-сі – мемлекеттік бағдарламаларды игеру бойынша сыбайластыққа барған деректер. Осылайша біз халықтың жыртығын жамайды деп иек артып жүрген лауазымды адамдарымыз өз есебіне де түзу болып шықты. Қатар тізілген 40 қылмыс бойынша 37 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оның 2-еуі – облыстық деңгейдегі бірінші басшылар, яғни «үлкен» кісілер көрінеді.
Қазір ХХІ ғасыр. Хан, қара деп бөлетіндей заман жоқ. Демократия. Оқыған адам, еңбектенген адам ойындағы арманын орындауға толық мүдделі. Санасы ашық адам үшін айқын көріністер. Жұрттың несібесінен жырып жемей-ақ, өзгенің қалтасындағыға қол сұқпай-ақ, көз тікпей-ақ көздеген мақсатқа біліммен, еңбекпен жетуге де болады. Қазіргі заманғы баюдың заңды және заманауи үлгісі осы. Ал пара алып, қадіріңді өз алдыңда бір, өзгенің алдында тағы бір кетіріп, жаман атты көріну – ескіліктің жұрнағы, санасы өткен ғасырдан оза алмаған адамның айласы.
Бүгінде департамент қылмыс болды деген ұранды азайтып, болады-ау деген болжалды жерлерде қылмыстың алдын алу бағытындағы қам-қарекетке кіріскен. Яғни, сыртқы талдау жүргізу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жасайды. Жыл басталған 8 айдың ішінде 7 мекемеге сырттай бақылау жүргізген. Соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында 28 ұсыныс енгізілген. Бүгінде сол ұсыныстың 7-еуі орындалып, талдау субъектілерімен 5 нормативтік актіні бекіту қамтамасыз етіліпті.
Тендер деген қайнаған қазанға да назарды бір салып қоймаса болмайды. Асайтындар да, ойына келгенін жасайтындар да, қазанның қаспағын қашайтындар да – осы қазаннан аз-кем ауыз тигендер. Сондықтан биылғы «тендер» жоспарланып отырған, мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастыратын 30-дан астам ұйым мен мекеменің жұмысына тексеру жүргізілген. Оларға тауарлар мен қызметтерге нарықты шектеу бағадан жоғары баға қою фактілері бойынша ұсынымдар беріліп, департамент артық ақша жұмсаудың алдын алған. Сөйтіп бюджеттің 200 млн теңгесі болжалды түрде үнемделіп, босқа кетпеген.
Әзірге аймағымыздағы сыбайлас жемқорлық сипатындағы істердің жай-жапсары осындай. Тек осы көрсеткіш жыл аяқталғанша тұрақталып, жалғаспаса игі…
НАМАЗШАМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!