Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Прокуратура: Басты міндет – заң мен тәртіпті сақтау

14.01.2025, 17:35 46

HALYQLINE.KZ

2024 жылы Қызылорда облысының прокуратурасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар ауқымды жұмыс жүргізіп, нәтижесінде қаншама қылмыстың беті ашылды. Құқық қорғау саласындағы бұл орган өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуде және қылмыстық ахуалды тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды десек, артық айтқанымыз емес. Құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында заманауи технологияларды енгізу, сыбайлас жемқорлықпен күрес, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және басқа да өзекті бағыттар аясында белсенді жұмыстар жүргізілді. Осы ретте облыстық прокуратура өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдеріне есеп берген болатын.

Жоғарыда атап өткендей, облыс көлемінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдардың бірлескен жұмысы аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына негіз болып отыр.

Прокуратураның басты назарында – қылмыстың алдын алу. Жыл сайын бұл бағыттағы шаралар күшейтіліп, жаңа тәсілдер де енгізілуде. Ескі стереотиптерден арылған құқық қорғаушылар заманауи жобалық әдістерге ден қойып, қауіпсіздікке қатысты тың шешімдер қабылдап келеді. Солардың бірі – бейнебақылау жүйесін жаңғырту. Жуырда жергілікті бюджеттен бөлінген 2 млрд 240 млн теңгеге 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшегіш құрылғы сатып алынып, аудандардағы адам көп шоғырланатын орындар мен қауіпке бейім, «соқыр» аймақтарға орнатылды. Жаңадан орнатылған камералар заманауи технологиялық мүмкіндіктерге ие. Нәтижесінде, олардың көмегімен бүгінгі күннің өзінде 295 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, бір қылмыстық оқиғаның беті ашылды. Бұл – бейнебақылау жүйесінің тиімділігін дәлелдейтін алғашқы көрсеткіш ғана.

Қазіргі таңда өңірде прокуратураның бастамасымен үш бірдей жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар – «Смарт білезік», «IT тергеу», «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі». Әр жоба тұрғындардың құқықтарын қорғауға және қылмыстың алдын алу жұмыстарына бағытталған.

Оның әрқайсысына анықтама берер болсақ, «Смарт білезік» жобасы үйқамақтағы отырған күдіктілерге арналған. Бүгінде 137 күдіктіге білезік тағылып, олардың қайда жүргендігі жайлы нақты ақпарат алынып отыр. Бұл жоба пробация есебінде тұрғандардың қайта қылмыс жасауын шамамен 28 пайызға азайтуға мүмкіндік жасады. Ал енді «IT тергеу» жобасына толығырақ тоқталсақ, бұл жоба интернет алаяқтықпен күресуге негізделген. Аталған бағыт бойынша, оның алдын алу үшін «Киберпол» тобы құрылды. Олар 749 қылмыстық іс бойынша 151 қылмысты ашып, 62 қылмыскерді ұстады. Сонымен қатар, 434 млн теңге залал өндірілген. Үшінші бастама – «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі». Бұл пилоттық жоба аясында алкогольді шектеу бойынша 104 кәсіпкермен меморандум жасалып, 116 адамды емдеуге жіберу жұмыстары ұйымдастырылды.

Биыл облыс орталығында прокуратураның бастамасымен «Тергеушілер слеті» өткізілді. Слетқа тергеу және анықтау саласының жас мамандары, сот, адвокатура, кәсіби сарапшылар, күштік құрылым басшылары, сала ардагерлері мен ғалымдар қатысты.

Бұдан бөлек, бізбен тиісті органдардың қатысуымен азаптауды болдырмау бағытында кеңейтілген форум ұйымдастырылды. Азаптауды болдырмау және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мақсатында барлық қылмыстық қудалау органдарына бейнебақылау камералары қойылды.

Сонымен қатар, биыл облыс орталығында прокуратураның бастамасымен «Тергеушілер слеті» өткізілді. Слетқа тергеу және анықтау саласының жас мамандары, сот, адвокатура, кәсіби сарапшылар, күштік құрылым басшылары, сала ардагерлері мен ғалымдар қатысты. Жиында тергеу саласының мамандары мен  ардагерлері қызметтегі озық тәжірибелерімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңестерін айтты.

Сондай-ақ Қызылорда облыстық полиция департаментінің арнайы жаттығу алаңында білікті тергеушілер жас мамандарға кісі өлтіру, пәтер ұрлығы және жол-көлік оқиғасы қылмыстары бойынша оқиға орнына қарап-тексеруден шеберлік сабағы өткізілді, – дейді облыстың бас прокуроры Ризабек Кәрімұлы.

Есірткімен күрес те прокуратураның басты назарында тұр. Жастардың тағдырын талқандап, денсаулығын жегідей жейтін бұл қылмыспен күресуде қызылордалық прокурорлар қырағылық танытып, есірткі бизнесінің ауқымды желілерін әшкерелеуде. «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында есірткіге қарсы ауқымды жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтар болсақ, нашақорлыққ байланысты 334 қылмыстық іс тіркеліп, 1,5 тонна есірткі заттары тәркіленді. Есірткі өсірген 54 алқап пен 3 фитозертхана жойылды. 304 интернет-синтетикалық есірткі арнасы бұғатталды.

2022-23 жылдары прокуратураның үйлестіруімен екі трансұлттық ұйымдасқан топ пен голландиялық марихуана өсірумен айналысқан қылмыстық топтың 22 белсенді мүшесі анықталды. Сондай-ақ, халықаралық есірткі тасымалына арналған екі ірі және аймақаралық деңгейдегі жеті заңсыз арнаның жұмысы тоқтатылды.

Прокуратура балалар қауіпсіздігіне баса назар аударып, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жол картасын қабылдады. Балалардың жазғы демалысы кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселесі кеңінен қарастырылды.

2024 жылы прокуратураға бас-аяғы 6639 өтініш келіп түсті. Оның 797-і қанағаттандырылып, 1290 өтініш тиісті органдарға жолданды. Облыстық прокурордың жеке қабылдауында 408 адам болған.

2024 жылы Қызылорда облысы прокуратурасы жақсы жаңалықтарға толы болды. Прокуратура штатына қосымша 3 бірлік берілді. Барлық қала, аудан толығымен жас мамандармен қамтылды. Бұл – соңғы 2013 жылдан бері болмаған жағдай. Жас мамандарды жұмысқа тез даярлау мақсатында тәлімгерлік институтын жаңғырттық. 

Сондай-ақ, Қазалы ауданы прокуратурасының жаңадан салынған ғимараты ашылды. Заман талаптарына сай келетін нысан қауіпсіздік пен технологиялық нормаларды ескере отырып салынған. Ғимарат мәжіліс және арнайы спорт залдарымен жабдықталған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындау, азаматтардың сенімін арттыру және қадағалауды күшейту бағытында жұмыстар жалғасатын болады, – деп, Ризабек Кәрімұлы брифингті қорытындылады.

Брифингтен түйгеніміздей, 2024 жыл Қызылорда облысы прокуратурасы үшін маңызды болды. Расын айту керек, бұл салада атқарылған жұмыстардың көп болуы – қылмыстық іс-әрекеттердің де көбейгені. Қылмыстық істердің пайыз бойынша артқанын құқық қорғау мамандарының өздері де мойындап отыр. Құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылатын жұмыстардың легі тоқтамайды, келер жылы да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: