Оралбек Омаров, Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі:
Былтыр жыл соңында ҚР Ішкі істер министрлігінің Жедел кеңесінде 2024 жыл «Кадр сапасын жақсарту жылы» болып жарияланды. Негізі, жаңа бастамалардың оңтайлы жүруіне әрі халықпен тығыз қарым-қатынасты нығайтып, полицейлердің оң имиджін қалыптастыруда әрбір кадрдың орны бөлек. Сол себепті Сыр өңіріне барған сапарымызда Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Оралбек Омаровпен кездесіп, көкейдегі сауалдарға жауап алдық.
Оралбек Тәубақабылұлы ішкі істер органдарында 19 жыл жұмыс істесе, соның 17 жылын кадр саласына арнаған. Еңбек жолының басым бөлігін осы саламен байланыстырған тәжірибелі басшы осы жылы қолға алынған міндеттер мен өзгерістерге кеңінен тоқталды.
– Оралбек Тәубақабылұлы, «Кадр жылы» аясында қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
– Кадр әлеуетін арттыру жылы ішкі істер органдарындағы жеке құрамның жұмыс істеу сапасын көтеруге бағытталған. Соңғы кезде жиі көрініс тауып жүрген сервистік модель, «Жұртқа жақын полиция», «Қолжетімді полиция» қағидаттарының түпкі мақсаты – халықпен етене байланыс орнатып, сапалы қызмет көрсету. Биыл атаулы жылға орай бірнеше іс-шараны қолға алдық. Ішкі істер министрлігімен бірнеше жоспар бекітілді. Бұл жоспардың барлығы айтылды ма, орындалуы керек. Біз соған сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Басшы құрамның жауапкершілігін арттыру, олардың қызметке деген қабілетін анықтау, өз лауазымына лайықты емес қызметкерлерден ортамызды тазалау мақсатында биыл кезектен тыс аттестаттау болады. Аталмыш сынақ биыл ІІ тоқсанда өтеді деп күтілуде. Ішкі істер министрлігінен нақты тапсырма келген уақытта өткіземіз.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамына тәртіп пен заңдылықты сақтау бойынша тиісті шараларды жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та, Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов те «Әр кадр өз ісін жақсы білуі тиіс, сонымен қатар, адал әрі қарапайым болуы қажет» деген болатын. Жеке құрамнан осы үш қағидаға сәйкес болуын сұраймын әрі соны талап етемін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстануымыз керек. Кадр біліктілік талаптарына сәйкес келді ме, онда жұмысқа орналасуы тиіс. Сонымен бірге жұмысы көңілден шықса, еңбегін еш кетірмей, одан ақша талап етпей, қызметте өсуіне мүмкіндік жасауымыз қажет.
– Енді әңгіме ағынын кезектен тыс аттестаттауға бұрсақ. Одан кейін не өзгереді?
– Кезектен тыс аттестаттаудан өткен қызметкерлерге қатысты бірқатар шешім қабылданады. Бірінші, атқарып отырған лауазымына лайық екені ескеріліп, бір саты жоғарылауға ұсынылады және кадрлық резервке қойылады. Екінші, қазіргі қызметіне лайық деген шешім ұсынылады. Үшінші, бүгінгі қызметіне сәйкес емес болмауына байланысты бір саты төмендеуге жіберіледі. Төртінші, атқарып отырған қызметіне сәйкес келмейді деген ұйғарыммен ішкі істер органдарынан босатуға ұсынылады.
Аттестаттау барысында сынақ тапсыратын қызметкерлермен әңгімелесу жүргізіледі, логикалық-психологиялық тестілеуден өтеді. ҚР нормативтік актілерін білуі бойынша заңнамадан тестілеу тапсырады. Сонымен қатар, өздеріңіз білесіздер, полиция қызметкерлері дене тұрғысы жағынан мығым, физикалық дайындығы жоғары болуы керек, соған байланысты физикалық дайындығы бойынша сынақ тапсырады. Әрбір полиция қызметкері атыс қаруы болып саналатын Макаров тапаншасын емін-еркін қолдана білуі тиіс. Осыған орай, қаруды қолдану бойынша да сыннан өтеді. Осы тапсырмалардың бәрінен шекті ұпайға қол жеткізген полиция қызметкерлері әңгімелесуге жіберіледі. Аттестаттау комиссиясының құрамына сынақтан өтетін сақшылардан лауазымы жоғары қызметкерлер енеді.
– Полиция қызметкерлері сын садағына жиі ілінеді. Бұған не дейсіз?
– Біз қызметімізді мүлтіксіз орындасақ, оны да халық ескеріп, соған сәйкес оң бағасын береді. Біз де – қоғамның мүшесіміз. Бізге қорқып-үркіп қараудың қажеті жоқ. Дана халқымыз «Бес саусақ бірдей емес», «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деп жатады. Тәртіпсіздікке жол берген кейбір қызметкердің іс-әрекеті ақпараттар ағынымен желдей есіп, тез таралады. Соның кері әсерінен ішкі істер органдарындағы өзінің қызметін сүйетін, антына адал қызметкерлердің абыройына нұқсан келеді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген – осы. Әйтпесе, біздің саладағы қызметкерлердің басым бөлігі, тіпті, 90 пайыздан астамы сенуге тұрарлық азаматтар деп ойлаймын.
Полиция қызметкерлері қоғамда болған қылмыстардың басым көпшілігін тергеп, тексереді. Басқа құқық қорғау органы қызметкерлеріне қарағанда, біздің полиция қызметкерлері халықпен тығыз жұмыс істейді. Сондықтан сынға да қалатын – біз. Себебі жұртшылықпен күнделікті жұмыс істегендіктен, кем-кетіктің бәрі көрініп қалады. Алайда қоғам саптағы сақшылардың жанкештілігін де ұмытпағаны жөн. Өз басын қауіпке тігіп, қаншама адамды өлімнен, өрттен аман алып қалып жатыр. Тіпті, өз-өзіне қол салуға ұмтылғандарды ажалдан құтқарып, қолынан келгенше көмек көрсетуде. Осының барлығы көзсіз ерлік деп білемін. Мысалы, осындай бейбіт күннің батырларынан журналистер сұхбат алғанда, олардың барлығы «Мен ештеңені ойламадым, тіпті, ерлік жасау ойымда да болмады. Тек бардым да, қызметтік міндетімді орындадым» деп жатады. Осындай батыл жүректі азаматтарды бағалауымыз керек.
– Әрине. Жеке құрамның кәсіби дамуына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Полиция қызметкерлерінің біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты М.Есболатов атындағы Алматы академиясына, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына жіберіп, біліктілік арттыру курстарынан өткіземіз. Жас мамандардың, тәжірибесі аз қызметкерлердің осы оқу орындарынан білімін жетілдіруге мүмкіндік жасаймыз. Бұдан бөлек, осы жоғары оқу орындарында қайта даярлау курстары бар. Он жылдан аса жұмыс істеген қызметкерлердің білімін қайта жаңарту мақсатында олардың да кәсіби дамуына мән береміз. Жеке құрамның физикалық дайындығын арттыру мақсатында «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамында» жеке құрам аптасына екі рет, қызмет уақыты есебінен бір жарым сағат спорт кешендеріне барып, дайындығын бір пысықтайды. Тапаншадан айына бір рет, автоматтан тоқсанына бір рет атыс сабақтарын өткіземіз.
Жеке құрам психологиялық тұрғыдан да мықты болуы тиіс. Қызметтік ортада моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту мақсатында біз үнемі тренингтер, дөңгелек үстелдер өткіземіз. Ұжымда қолайлы әрі жағымды орта қалыптасса, қызметкерлер де өнімді жұмыс істейді.
ҚР Ішкі істер министрлігіне тәуелсіз еліміздің ішкі қауіпсіздігі жүктелген. Сондықтан әрбір полиция қызметкерінің мойнында үлкен сенім мен міндет тұрғандықтан, олар әрдайым өздерін бірқалыпта ұстауы тиіс.
– Полиция қызметкері болудың қандай артықшылықтары бар?
– Бізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Біріншіден, пәтерді жалға алғаны үшін пәтерақысына қосымша ақша төленеді. Екіншіден, біздің жеке құрамдағы қызметкерлердің мектеп жасына дейінгі балалары балабақшаға кезектен тыс баратын мүмкіндікке ие. Үшіншіден, қызмет барысындағы нысанды киімді толығымен мемлекет қамтамасыз етеді. Мысалы, мұғалімдер жазда кезекті еңбек демалысына шыққанда 56 күн бойы айлығы тоқтап қалады. Ал бізде кезекті еңбек демалысында жүрсек те, жалақымыз сақталады. Бұл – төртіншіден. Бесіншіден, басқа жұмыс орнында қызметкерлер еңбекке жарамсыздық парағын аштырса, жалақысы тоқтап қалады немесе төмен төленеді. Біздің қызметкерлеріміз ауырып қалса да, айлығы толық көлемде төленеді. Бірақ «Айлығым жүре береді екен» деп мұндай парақша аша салу – теріс пікір. Айта кетерлігі, қызметкер бір аурумен үздіксіз төрт айдан және әртүрлі аурумен бес айдан аса ауырса, біз оларды денсаулығын тексерту мақсатында әскери дәрігерге жолдаймыз. Қызметте жарақат алып, ем алатын қызметкерлеріміз бар. Оларға осындай мүмкіндіктер қарастырылған. Алтыншыдан, қызметкерлеріміз шеніне сәйкес зейнеткерлікке 50, 55 және 60 жаста ерте шығады.
Кадрлық офицер ретінде айтарым, жұмысқа қабылданар уақытта әрбір полицеймен жеке сөйлесеміз. Сонда жаңадан жұмысқа қабылданатын мамандарға былай деймін: «Өзіңіз ойлаңыз. Жаңа жылдық мереке. Жұрт бес күн бойы демалады. Таңғы сағат жетіде көлігіңді қыздыруға шығасың, көршілеріңнің бәрі қалың ұйқыда. Ал сен сол күндері «Мен ғана жұмысқа бара жатырмын, мыналардың бәріне демалыс» деп ойламауың керек. Себебі ұзақ жылдар осындай режимде жұмыс істегендіктен, еңбегіңнің зейнетін көріп, олардан бұрын зейнеткерлікке шығасың».
Біздің сала қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасап отырған кезде оның да артында сұрауы бар. Жоғарыда айтқанымдай, оның өтеуі – адал әрі қарапайым қызмет атқару. Ішкі істер органдарына жұмысқа тұруға ынталы қызметкерлердің құлағына алтын сырға, біздегі талап – осы. Біз Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді адал атқаруға міндеттіміз, оған қабілетіміз де, біліміміз де, ар-ожданымыз да жетеді.
– Жақында Кеңейтілген алқа отырысынан кейінгі жиында министр барлық департамент бастықтарына жеке құрамның наркоскринингтен өтуін жүктеді. Осы бойынша сіздердегі көрсеткіш қай деңгейде?
– Біздің ішкі істер органдарында Есірткі қылмысына қарсы күрес деген құрылымдар бар. Сол есірткіге қарсы күресіп жатқан полиция қызметкерлерінің өзі соны тұтынатын болса, қасқырға қой бақтырғанмен бірдей болады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің барлығы наркоскринингтен өтуі бойынша шешім қабылдады. Қазір жеке құрамның 80-90 пайызы бұл талапты орындады. Бір-екі күнде түгел өтетін болады. Ешқандай деректер анықталған жоқ. Бұл өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін керек нәрсе.
– Полиция қызметкерлеріне тәртіптік шара қаншалықты жиі қолданылады?
– Жоқ, жиі қолданылмайды. Егер полиция қызметкері қандай да бір тәртіп бұзушылыққа жол берсе, оған қызметтік тергеу жүргізіледі. Соның қорытындысымен қызметкердің жасаған әрекетінің ауырлығы, жеңілдігіне қарай, тәртіптік жауапкершілікке тартамыз. Құқық қорғау қызметі туралы заңға сәйкес, полиция қызметкеріне берілетін тәртіптік жаза алты ай бойы сақталады. Егер қызметкер тәртіптік шарадан кейін өзіне қатысты тиісті шешім қабылдаса, кемшіліктерді жою бойынша жұмыс атқарса, тәртіптік жазасы алты айдан да бұрын шешіледі. Алты ай мерзім өтіп кеткеннен кейін қосымша тәртіптік жазаға тартылмайтын болса, бұйрық әзірленбейді, автоматты түрде алынып тасталады. Бірақ қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік жауапкершілікке тартқан жағдайда қызметкердің арнаулы атағының мерзімі келіп тұрса, оның барлығы уақытша тоқтатылады. Шара қолданылғаннан кейін келіп тұрған арнаулы атағына бірден қол жеткізеді.
– Сіздер жеке құрамның қатарын мықты мамандармен толықтыру үшін спортшыларды жұмысқа арнайы шақырасыздар ма?
– ҚР Құқық қорғау қызметі туралы заңға сәйкес, тек қана спортшыларды емес, 18 жасқа толған азаматты 35 жасқа дейін жынысына, нәсіліне, ұлтына қарамастан, ішкі істер органдарының қызметкері болуға шақырамыз. Ал спортшы болса, Жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа немесе арнайы мақсаттағы бөліністерге қызметке аламыз.
Жұмысқа қабылданғысы келген үміткерлер сержанттық құрамға ену үшін арнайы орта мектепті міндетті түрде бітіруі керек, ал офицерлік құрамға ену үшін жоғары оқу орнын бітіргені абзал. Заңдық білімі, жүргізуші куәлігі болса, тіптен жақсы. Қызметке қабылданатын ер-азаматтардың бойы 170 сантиметрден, ал әйел азаматшалардың бойы 165 сантиметрден кем болмауы тиіс.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Гауһарай ЕСІМОВА,
Астана – Қызылорда – Астана
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!