Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көлеңкелі» экономиканың кедергісі көп

26.11.2020, 10:00 801

Зәуреш Смағұлдың коллажы

Өткен жылдың наурыз айында еліміздің 17 өңірінде басым бағыттары «көлеңкелі» экономи­каны азайту және кәсіпкерлерді қылмыстық қудалаудан қорғауды күшейту болып белгіленген аумақтық экономикалық тергеу департаменттері құрылды. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және бюджеттің толықтығына мүдделі бұл органдардың қызмет ауқымы кең.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаев биыл жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында «Көлеңкелі» экономика сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сондықтан Қаржы министрлігіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің жұмысын негізінен «көлеңкелі» экономикамен күресуге бейімдеуді тапсырамын» деген  болатын.

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті экономикаға ғана емес, қоғамға елеулі залал келтіретін бюджет қара­жатын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік, салықтан жалтару, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын бизнесі сияқты қылмыстармен күреске бағытталған қызметінің биылғы  9  айын  қорытындылады.

Бүгінгі тәжірибе қоғамдық қауіптілігі жо­ғары әрі маңызды қылмыстарды ашуға бағытталған, толықтай «саннан сапаға» принципіне көшірілген. Яғни, адал кәсіпкерлердің мүд­десіне қайшы келмейтіндей, тек «көлеңкелі» экономи­ка  қылмыстарын  анықтау және тергеу­ басты  назарда  тұр.

Экономикалық және қаржылық қылмыстар аясында 2020 жылдың 9 айында 57 қылмыстық істің өндірісі жүргізілген. Аяқталған істердің  52 пайызы сотқа жолданды. Аяқталған қылмыс­тық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал­ мөлшері 1,1 млрд теңге, оның қаржылай 208,8 млн теңгесі өндіріліп, 775,1 млн теңгенің мүлкіне  тыйым  салынды.

Қылмыстық процесс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу және бизнеске заңсыз араласу фактілері болған жоқ.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бюд­жеттен бөлінген қаражатты жымқырудың 8 дерегі анықталған. Соның ішінде, «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасы бо­йынша бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану бойынша 2 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы анықталған ауыр қылмыстардың негізгі бөлігін бюджет қара­жатын жымқыру бағытындағы істер құрайды.

Қолма-қол ақша үшін қылмыстық әрекеттер. «Көлеңкелі» экономиканың салдарынан аса ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл бағыттағы заңсыздықтың кең тараған түрі – кәсіпкерлік субъектіле­рінің салықтан жалтару және «қолма-қол ақша» алу мақсатында ресми бухгалтерлік құжаттарда шаруашылық әрекеттерді көрсетпеуі болып табыла­ды. Яғни, мүліктік пайда алу мақсатында­ жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде орындал­маған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, тиеп-жөнелтілмеген тауарларға жалған­ шот-фактура жазуы. Қолма-қол ақша алуға қатысты осындай қылмыстармен күресу кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері бойынша ақпараттардың жабық болуына байланысты­ күрделі болып келеді. Соған қарамастан, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу органдары аталған бағытта жұмыстарды белсенді жүргізуде. Республика бойынша талдау көрсеткендей, негізі 2017 жылдан бастап, қаржын­ы қолма-қолға айналдырудың өсуі байқалады. Мемлекеттік сатып алу саласында, квазиме­млекеттік секторда көлеңкелі айналым өте жоғары. Жымқырылған ақша қаражатының үлкен көлемі қолма-қолға айналдырылғаннан кейін республикадан сыртқа шығарылатынын ескерсек, бұл – мемлекетке келтірілетін үлкен залал.

Департамент «СТОП ОБНАЛ» жедел-іздестіру шаралары аясында 2017-2020 жылдар аралығы­нда ұзақ уақыт бойы жалған шот-фактураларды жазу арқылы қыруар қаражатты қолма-қол айналымнан өткізген қылмыстық топты құрықтады. Алдын ала есеп бойынша бюджетке келтірілген залал көлемі 776 млн теңген­і құрап отыр. Биылғы жылдың басынан бері бұл бағытта 6 қылмыс анықталған.

Аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, тәуекелділігі басым­ объектілер, яғни қылмыс жиі жасалатын орындар бақылауға қойылды. Екі мәрте екінші деңгейлі банктердің қатысуымен «дөңгелек стол»  кездесуі  өткізілді. Талқыланған  тақырып – заңды және жеке тұлғалардың есеп шоттарынан қолма-қол ақша шешуіне қатысты күдікті операцияларға талдау жасау, комплаенс-контроль қызметін жүйелі ұйымдастыру, күдікті операциялар бойынша шұғыл әрекет ету тетік­тері­н  жетілдіру.

Мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз өңдеу, шығару және сатуға қатысты қылмыстар. Мұнайлы­ өңірлердің бірі Қызылордада мұнайдың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар тоқтамай тұр. Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы биыл 5 қылмыстық іс тіркелген, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Жақында Қызылорда қалалық №2 сотының қашықтан өткен ашық сот отырысы осындай бір қылмыстың жазасын тағайы­ндады. 2016 жылдан бастап кәсіпкерлік­пен, яғни облыстағы мұнай компанияларымен арада жасалған келісімшарттар негізінде мұнай бассейндерін тазалау, нефтешламдарды шығару­ және жою қызметтерімен шұғылданған азамат араға жылдар салып заңсыз әрекеттерге бет бұрған. Мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өңделмеген мұнай өнімдерін қыздырып, тұндырылған өнімді иемдену және сату жоспарын іске асырған. Пайда болған өнімді мұнай қалдықтарын тасымалдауға арналған көлік құралдарының көмегімен кен орнынан алып шығып, заңсыз өнімнің тоннасын 110 мың теңгеден бірнеше заңды тұлғаларға сатуды жүзеге­ асырған. Осындай әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодек­сі­нің 197-бабы 3-бөлігімен, 218-бабы 1-бөлігімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына  кесілді.

Заңсыз ойын бизнесі теріс әлеуметтік салдарымен қоса, жалпы қылмыстардың өсуіне әкелуд­е. Эксперттердің бағалауы бойынша осы саладағы жылдық көлеңкелі табыс 60 млрд теңгеден­  асады.

Қызылордалық экономикалық тергеу дапартаментімен осы бағытта 5 қылмыстық істің өндірісі жүргізілді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесімен тіркелген бұл істердің 3-еуі аяқ­талып, сотқа жолданған. Айналымнан 82 монитор, 77 процессор, 40 телевизор, 8 кассалық аппар­ат, 31 терминал, 9 бейнежазғыш және  10 млн теңгеден аса ақша алынды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министр­лігі Қаржы мониторингі комитетімен бірлесіп, республикалық «ОЙЫН ТОҚТА» жедел-сауықтыру шаралары аясында Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларында заңсыз­ ойын бизнесін ұйымдастырған қыл­мыстық топ құрықталып, бірнеше қалаларда жүргізілген тінту нәтижесінде 5 покер столы,  11 ойын автоматы және 7 млн теңге, 60 мың АҚШ доллары айналымнан алынғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Қазақстан Республ­икасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1, 2-бөлігімен, 307-бабы 3-бөлігінің  1, 2-тармағымен қылмыстық іс аяқталып, сотқа­ жолданды.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабына сәйкес, казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалауында­ және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастыруға жатады.

Тағы бір ескеретін жайт, ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жайлар бергені үшін де заңмен жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, құмар ойын ойнағандарға әкімшілік жауапкершілік  қарастырылған.

Қоғамның және өскелең ұрпақтың болашағы үшін келтірілетін залалдың алдын алу мақсатында «Жастар заңсыз ойын бизнесіне қарсы» атты акция ұйымдастырылып тұрады. Акция кезінде студент жастармен кездесулер өткізіліп, арнайы жасалған бейнематериалдар арқылы түрлі оқиғалар мен жағдайлар түсін­ді­ріледі. Сауалнама жүргізу арқылы құмар ойындарға деген жастардың ішкі қарсылықтарын қалыптастыру әдістемесі қолданылады. Заңсыз ойын бизнесі туралы мәліметтер болған жағ­дайда Департаменттің «21-52-09» нөмірлі сенім телефонына хабарлауды өтінеміз.

Жалған ақша жасау саласы бойынша 9 айда өндірісте 9 қылмыстық іс болған­, оның ішінде 4 қылмыстық іс жедел жолмен­ тіркелген, аяқталған  4 іс сотқа  жолдан­ды.  Жалпы  сомасы 286 500 теңге­ (51), 800 доллар (8) және 500 рубль (1) болатын барлығы 60 жалған купюра айналымнан алынды.­

Ұлттың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында экономикалық тергеу органдары жалған және контрафакт өнім айналымына қатысты деректе­рмен күреседі. Акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық істің өндірісі жүргізіліп, 2-еуі сотқа жолданды. Жедел іс-шаралар жүргізу барысында күмән туғызға­н 22 735 дана алкоголь өнімдері және есепке алу-бақылау маркалары заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді.

Ағымдағы жылдың сәуір-шілде айлары аралығында елімізде пандемия белең алып, карантин жарияланған тұста жекелеген тұлғалар тарапы­нан антисептикалық құралдарды заңсыз және көтеріңкі бағамен сату, дәріханаларда көтеріңкі бағамен дәрілік препараттар сату фактіле­рі анықталып, құрықталды. 4 литрлік бөтелдегі әрқайсысы 24000 теңгеден сатылған 113 бөтел антисептик, сыйымдылығы 5 литрлік 77 бөтелде әрқайсысы 1800 теңгеден сатылған 385 литр спирт айналымнан алынды.

Қазақстан Республикасында дәрі-дәрмектер реестрінде тіркелмеген және сол кезде аса қажет болған дәрілік препараттарды көтеріңкі бағамен сатудың бірнеше фактілері анықталды.

Айналымнан алынған барлық өнімдер, соным­ен қатар 2019 жылғы өндірісте болған қылмыстық істер бойынша айғақтық заттар ретін­де алынып, сақтау қоймаларында тұрған 23772 дана арақ өнімдері мен 1567,5 литр спирт өнімдері облыстық денсаулық сақтау басқар­масына берілді.  Материалдар, тиісінше, облыс­тық­ тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құзырына берілді.

Экономикалық тергеу органдары дербес құрылым болып жұмыс істегелі бірқатар заңна­ма­лық өзгерістерге қол жеткізілді. Тергеу  қызметін саннан сапаға бағдарлау бизнеске қы­сымды 2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында стратегиялық даму жоспарымен 2025 жылға дейінгі құқық қорғау және сот органдарына, қылмыстық істерді кезеңді түрде электронды форматқа ауыстыру тапсырылды. Электронды қылмыстық істерді жүргізу қыл­мыстық процесті қылмысты тіркеуден бастап сотқа дейінгі тергеу, соттың істі қарауы және жазаның орындалуына дейін толық қамтиды. Тергеу барысы онлайн режимде, қадағалаушы прокурорға, сондай-ақ ҚПК белгіленген көлемде, қорғаушы жаққа да қолжетімді болды. Жыл басынан бері Департаментте 6 қылмыстық іс «Е-қылмыстық іс» жүйесінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу электронды форматта жүргізілді.

Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғауды және тергеу шараларының ашықтығын көтеру мақсатында жауап алуға арналған тергеу кабинеттері арнайы жабдықталды. Бұл кабинеттердің ерекшелігі олардың ашықтығы (шыны қабырғалы), яғни кезекшілік бөлімге көрініп тұратын бейнекамералармен жабдықталған.

Экономикалық қылмыстарды анықтау, тергеу­ және алдын алу мақсатындағы халық­аралық шарттар талабына сай Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен, Ұлттық банк жүйесімен алгоритмдер мен ұсынымдар, әдістемелер жасалу­да.

Мұндай шаралар азаматтардың конститу­циялық құқықтарының сақталуына, тергеуші мен процеске қатысушы тұлға арасындағы жемқо­рлық тәуекелін азайтуға, тергеу әрекеттерінің ашықтығына мүмкіндік береді. Әсіресе, қылмыстық әрекеттер жүйесін, адал кәсіпкер­дің ісіне араласпастан, дәлме-дәл анықтауға қол жеткізіледі.

Көлеңкелі сектор – сыбайлас жемқорлықтың етек жайып дамуына қолайлы аймақ, эконом­иканың өсуін тежейді, сонымен қатар инфляцияны жоғарылатып, бюджет тапшылығын туындатады. Ал экономикалық тергеу органдары осы кедергілермен күресуді жүзеге асырады. 

Рашид  ТЕМІРБЕКОВ,

Қызылорда облысы бойынша

экономикалық тергеу департаментінің басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: