Ішкі істер министрінің орынбасары Сәрсенов Сәкен Сейітжаппарұлы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сапар аясында министрдің орынбасары Қызылорда облысының активіне және жеке құрамға өңірдің жаңа полиция бастығын таныстырды.
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы болып полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы тағайындалды.
«Ергешов Серік ішкі істер органдарында 2000 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Әртүрлі басшылық қызметтер атқарды. Бұған дейін ол Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымында болған» деп атап өтті Сәкен Сәрсенов жаңа бастықты таныстыра отырып.
Өңірдің актив жиналысында Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа ҚР Ішкі істер министрінің «Алғыс хатын» табыстады.
Бүгінгі жұмыс сапары барысында министрдің орынбасары облыстық ПД басшылығының және жеке құрамның қатысуымен жедел кеңес өткізді.
Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінің басшыларына заң мен тәртіпті шығайту мақсатында профилактикалық шараларды күшейтіп, азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Алқа мәжілісінде көтерілген осы және полиция қызметіне қатысты өзге де мәселелерді, қойылған басты талаптар мен берілген тапсырмаларды жеке құрамның назарына жеткізді. Нәтижелі жұмыс жасау қажеттігін тапсырып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі. Кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар берді.
Сонан соң Сәкен Сәрсенов қылмыстың алдын алу мен оларды ашуда заманауи технологияларды қолдану, цифрландыру деңгейімен, бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен танысты.
Облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығын аралаған Сәкен Сәрсенов орталықтың заманауи материалдық-техникалық құрылғылармен жабдықталғанын және қызметкерлердің тиімді, нәтижелі жұмысын атап өтті.
Айта кетерлігі, Қызылорда облысында барлық ауданда полиция бөлімдерінің жедел басқару орталықтары жұмысын бастады. Заманауи жоба ҚР Ішкі Істер министрінің бастамасымен және Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен республикада алғаш рет Қызылорда өңірінде іске асты.
Бірегей «Жедел басқару орталығы» жобасы аясында 7 аудандағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлығы 588 бейнебақылау камерасы орнатылған. Әр ауданда 77 бейнебақылау камера мен 7 жылдамдықты өлшегіш құралы бар. Өткен жылы камера көмегімен 138 қылмыс ашылып, 50 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Жұмыс сапары аясында министрдің орынбасары Шиелі ауданы мен Байқоңыр қаласында болды. Жергілікті полиция бөлімдерінің жұмысымен танысып, қызмет жағдайын және материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді.
Бөліністердің жеке құрамымен кездесу барысында бүгінгі таңда Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған міндеттері мен нақты талаптарына тоқталды. Қоғамдық тәртіпті жоғары деңгейде қамтамасыз ету, қызметті жетілдіру, қызметкерлердің заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтауы және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бойынша нақты мақсаттар қойды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!