Ақпарат ғасыры саналатын заманда интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отыр.
Әккілердің құрығына ілініп, қарапайым халық адал ақшасынан күн сайын айырылып қалып жүр. Олардың көбі әлеуметтік жағдайларды түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналастырудан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау жұмыстарына көмектесуге уәде етеді.
Қызылордалық полицейлер алаяқтықтың, оның ішінде әсіресе интернет-алаяқтықтың жолын кесу мақсатында түрлі профилактикалық шаралар жүргізуде. Олар интернет-алаяқтықтың түрлерін, жасалу жолдарын, олардың кеңінен пайдаланылатын айла-амалдарын әшкерелеп, халыққа алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін не істеу керектігін тұрақты түрде түсіндіруде.
Қызылордада жыл басынан 698 алаяқтық қылмысы тіркеліп, оның 248-і интернет алаяқтық қылмыстарына жатады. Алаяқтық қылмысымен 219 тұлға ұсталды.
Мысал ретінде 2023-2024 жылдары аралығында 27 жастағы азаматша интернет желісіндегі автокөлік сататын жарнама сайтына жалған жарнама жариялап, көлікті сатып алуға қызығушылық танытқан желі қолданушыларынан жарнаманы алып тастау үшін алдын ала қаражат жіберуін сұраған. Осылайша, оңай олжа көздеген әйел жоқ көліктерді сатқан. Алаяқ әйел ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Интернет-алаяқтықтың күн өткен сайын күшейіп бара жатқанын алға тартқан полиция қызметкерлері азаматтарға күдікті қоңырау мен хабарламалар алғанда бірден банкке немесе полицияға хабарласуға кеңес береді.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!