Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданып, бүгінде оны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бұл құжаттың басты мақсаты – елімізде адам және қоғам, мемлекет игілігі үшін жасалған қатынастарды реттеудің құқықтық мәдениетін одан әрі жетілдіре түсу. Бұл – күннен-күнге дамып келе жатқан заман талабы. Сондықтан да Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстан дамуының бағыттарын анықтау барысында сот және құқық қорғау жүйесін жаңғыртуды тікелей міндеттердің бірі ретінде қойып отыр.
Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады. Сонымен қатар, соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытып, болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажеттігіне тоқталды.
Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені, адамның аталған құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда ешкімнің оны бұзбауға, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғалатыны, қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайтыны, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені көрсетілген.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттар ірілі-ұсақты әкімшілік істерді қарап, заң шеңберінде жазалау шараларын тағайындайды. Жасыратыны жоқ, жылдан-жылға ұсақ бұзақылықтың түрі мен саны көбейіп келеді. Ұсақ бұзақылық дегеніміз қылмыстық бұзақылыққа жетеғабыл әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады. Қоғамдық орындарда боқтап-балағаттау, азаматтың ар-намысына тию, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер, егер өздерінің сипаты жөнінен қылмыстық жауапқа тартуды талап етпесе, ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Заңда ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жолмен ықпал ету шараларын қолданудың айрықша тәртібі белгіленген.
Бұл туралы Президент биылғы Жолдауында былай деп атап көрсетті: «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс. Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам».
Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуға тиіс. Осы ретте айта кетер жайт, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының жазалу бөлігінде заңдарға өзгерістер енгізіліп, құқық бұзушыларды отыз тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдардың міндеттері – адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, халықтың денсаулығының, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылық, меншікті, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін әкімшілік құқықбұзушылықтан қорғау, сондай-ақ, олардың жасалуының алдын алу болып табылады.
Осы міндетті жүзеге асыру үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдар әкімшілік жауаптылықтың негіздері мен принциптерін белгілейді, қандай әрекеттердің әкімшілік құқықбұзушылық болып табылатынын және олардың жасалғаны үшін қолданылатын жазалардың түрлерін, сондай-ақ, әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адамға қай мемлекеттік органың (лауазымды адамның) қандай әкімшілік жаза және қандай тәртіппен қолдануы мүмкін екенін айқындайды. Ал, тек қана Заңға бағынатын біздер, яғни судьялар халықтық сенімге ие болу жолында қызмет атқаруға міндеттенеміз. Сот саласының келешек көкжиегін бағамдаған Жолдау талаптарын басшылыққа ала отырып, тәуелсіз еліміздің тұғырының биік болуына ат салысу – біздің абыройлы борышымыз әрі міндетіміз.
С.Утегенова,
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының судьясы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!