Алматы облысы Қосөзен кентінде ер адам “Бубусик” есімді итті әйеліне үргені үшін жеке үйдің ауласында атып өлтірді. Иттің иесі үй жануарына екі рет аяусыз оқ атқанын айтты.
Бұл туралы halyqline.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Threads әлеуметтік желіде болған жағдайды баяндаған Сұлтан “Бубусиктің” адамдарға сенгіш, кімді болса да қуана қарсы алатын адал жануар болғанын айтты. Оның сөзінше, сол күні ол итті Қосөзен кентіндегі әпкесінің үйіне апарған.
“Пәтерімнің төлемақысына қатысты қиындықтар болғандықтан итті екі күнге әпкемнің үйіне апарып тастадым. Сол уақыт ішінде бұл мәселелерді шешемін деп ойладым. Үшінгі күні алып кетемін деп ойладым, әпкеме жазып үлгермедім, ол маған иттің басынан жараланған суретін жіберді. Сөйтсем мен кеткен соң әпкем сыртқа шыққан. “Бубусик” оның артынан еріп шыққан. Сыртта көршісін көріп қалған. Иттер қоршалған аулада жүреді, сол жерде балалар да ойнайды. Олар ешқашан балаларға шабуыл жасаған емес, оларға қауіп төндірмейді. Тек аулада бір үлкен ит бар. Сыртқа біреу шықса, ол да еріп бірге шығады. Менің итім әлі кішкентай күшік, ол бәрін қызық көреді. Сөйтіп ол көршінің жанына барған, ол итті аяқпен теуіп жіберген. Ит қайта жақындағанда оған тас атқан. Үй жануары жақындауға болмайтынын түсініп, кетіп қалған. Кейін әпкем иттерді аулаға кіргізіп, қақпаны жауып, балаларды балабақшаға апаруға кеткен”, – дейді Сұлтан сол күні не болғанын баяндап.
Бірақ әпкесі үйге оралғанда Бубусиктің өлексесін тауып, бірден Сұлтанға хабарласқан. Әйел итті көршісі өлтірді деген күдікпен оның WhatsApp нөміріне жазған. Сұлтанның айтуынша, әпкесі көршілерінен кімде қару барын білетін. Одан “Итті неге өлтірдің?” ден сұраған. Бастапқыда ер адам кінәсін мойындамаған, бірақ кейін оның бұл әрекетін басқа көрші көрген болып шықты. Өзі де ісін мойындаған.
“Аудиожазбаларда ер адам иттің әйеліне үргенін, алдымен ескерту ретінде оқ атқанын, екінші оқ атылған кезде иттің өліп қалғаны айтылған. Бірақ қазір ол бұл сөздерінен бас тартып отыр”, – дейді Сұлтан.
Болған жағдайдан соң иттің иесі полицияға жүгінген.
“Оқиғаны тіркеуге келген учаскелік инспектор Өтеген батыр ауылынан болды. Өтінішті де сол жаққа бердік. Бірақ біз көшірмесін сұрағанда “канцелярияға барыңыз” деді. Біз барып күттік, бірақ соңында өтініштің жоғын, оны әрі қарай өткізіп жібергенін, тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Біз сол күйі көшірмесін ала алмадық. Өзім университетте оқимын, сабағымды қалдыра алмаймын, уақытым жетпейді. Бүгін қайтадан Қосөзенге барып, жағдайды реттеймін. Істі заңгерге тапсырдым: адвокат прокуратураға және e-Otinish, e-Government порталдарына хат жазуға кеңес берді”, – дейді иттің иесі CMN.KZ порталына берген сұхбатында.
Threads желісінде Сұлтан істі жүргізу үшін материалдар жинап жатқанын және қолы ашық жандар аударған қаражатты оқиғаны тіркеу және құжаттарды дайындауға кететін шығындарға жұмсап жатқанын жазды. Әлеуметтік желіде ол жасалған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлары туралы жазып отырады.
Жануарға екі жақты рентген жасалған, оның денесін тасымалдау қызметі төленген, ол мұздатқышқа орналастырылған. Оны сақтау үшін 10 күнге ақша төленген. Бірақ кейін оны ұзарту қажет болады. Енді Beeline компаниясынан қоңыраулардың детализациясын алу үшін бару керек. Сұлтанның өзінде ер адамның қылмысын мойындағаны туралы аудиохабарламалар бар. Сот оны қабылдауы үшін ресми транскрипт және нотариалды түрде куәландыру қажет. Бұл қызметтің құны – шамамен 300 000 теңге.
“Сен жақсы әлемдесің, сен бұған лайық емес едің. Жанымның жартысын алып кеткендей күйдемін, айтар балағат сөздерім де таусылды. Соңғы суретінде жаңа киіммен едің…” – деп Сұлтан Бубусикке соңғы сөздерін арнады.
Фото: threads.com/@sy.li.fa
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!