Елдегі ең былығы көп сала – денсаулық сақтау саласы. Ащы да болса айтайық, шындық – осы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменінен кейін мұндағы берекесіздіктің беті ашылып жатыр. Төтенше жағдай жарияланғанда бетперде таппадық, одан қалды, дәрі-дәрмектің бағасы аспандап шыға келді. Дәріханалар алдында ұзын-сонар кезек, жаға жыртысқан жұрт. Осының барлығы денсаулық сақтау саласындағы жүйенің салғырттығын көрсетті.
Жайшылықта бюджет қаржысы желге ұшқандығы жөнінде жиі айтамыз. Қазіргі эпидахуалды ескере отырып, дәрігерлер антына адал болса дейміз. Дегенмен, жемқорлық дегеніңіз пандемияға да қарамайды екен. Мәселен, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасары 10 өкпені жасанды желдету аппараттарының әрқайсысын 17,4 миллион теңгеден сатып алған. Аппараттар «СҚ-Фармация» ұсынған бағадан 3 есе жоғары бағаға алыныпты. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты.
Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді. Жиында президент дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтарды сату бойынша құқықбұзушылықтарды анықтауда және оның жолын кесуде тұрақты түрде ведомствоаралық жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтқан еді. Сол кеңесте ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев осы кезге дейін ел көлемінде 18 мыңнан аса рейд жүргізілгенін хабардар етті.
– Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сатудың жолын кесу бойынша (5 шілдеден бастап) ішкі істер органдары заңсыз айналымнан 65 мыңнан аcтам қорап дәрілік препараттарды, жарты миллион медициналық маска мен 36 мың медициналық бұйымды тәркіледі. Олар қымбат бағада сатылған. Сондай-ақ, ішкі істер органдары дәрілік заттарды заңсыз сатудың 348 фактісінің жолын кесті. Полицияға 284 адам жеткізілді, оның 138 -і – медицина саласының қызметкерлері, – деді Бас полицей.
Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев елдегі эпидахуалдың күрделенуі шенеуніктердің жауапкершілігінің жоқтығы мен сыбайлас жемқорлық фактісімен байланыстырып отыр.
– Әлеуметтік желілерді мұқият бақылайтын кез келген адам коронавирусқа байланысты жағдайдың күрделенуінің басты себептерінің бірі – сыбайлас жемқорлық, бюрократия мен жауапсыздық деп санайды және менімен келіседі, – деді Алик Жатқамбайұлы.
Ресми ақпаратқа сенсек, пандемиямен күреске бөлінген қаржының ұрлануына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Айталық, Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі алаяқтық жолмен аса ірі көлемде мемлекеттік ақшаны ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті. Сондай-ақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 3 қылмыстық істі тергеуде.
Елдегі эпидахуалға қарамай, жемқорлыққа жол бергендер «көршісінің үйі өртеніп жатқанда малының басын үйітіп алғысы келгендердің» әрекетіне ұқсайды. Біз бас үйітуге неге бейілміз?..
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!