Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арлы азамат «ішпей-жемей» сотталып отыр

18.02.2021, 11:30 572

Елімізде сыбайлас жемқорлық­пен күрес жұмыстарының  қарқынды жүргізілуі құптарлық. Әсіресе, мемлекет басында жауап­ты тұлғалардың шені мен байла­ны­сына қара­мастан қылмыс­та­ры­ның әшкере­ле­нуі бүгінгі қоғамда үлкен қолдауға ие. Несіне жасы­ра­мыз, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық салаларына еніп, адамдардың ой-санасына үстемдік жасап алды. Кей жағдайда, ел тізгі­нін сеніп тапсырған басшылар жеке бастарының мүддесін ойлап, қылмысқа баратыны жасырын емес. Сондықтан, құқық қорғау органдарының бұл қылмыс түрлерімен аяусыз күрес жүргізуін қолдаймыз. Бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі қызмет­керлерінің еңбегі орасан екенін мойындауымыз қажет.

Сонымен қатар, сыбайластық­пен, жемқорлықпен күресуде шектен шығып, қызбалықпен адам құқықтарының аяқ асты болуына, заңды бұрмалау жолымен дәлелдер іздеп адамды қаралауға тырыспауымыз қажет, яғни асыра сілтеуге жол берілмеуі тиіс. Тергеу органының тексеруіне іліккен әрбір адамның артында қылға ілініп тағдырлар тұр.

Осы тұрғыда, облысымыздың бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов, оның орынбасарлары Мұрат Имандосов пен Марат Делмұхановтың сот үкімімен әртүрлі мерзімге бас бос­тандығынан айырылып, сотталуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде бұл азаматтарға араша түсіп, әділдік сұрап отырған олардың отбасы мүше­лерімен қатар, облысымыздың белгілі азаматтары да пікірлерін білдіруде.

Бұл азаматтарға қатысты қыл­мыстық істің сотта қарау кезінде бірнеше сот отырыстарына онлайн жүйесі арқылы қатысып, М.Имандосовқа қатысты айыптың негізіне алынған куәлардың жауаптарын тыңдадым.

Мұрат Самұратұлын жиырма жылдан бері жақсы білемін, бір аудан­да қатар қызмет атқардық. Ата-анас­ынан алған жақсы тәрбиесімен қатар, өз саласының кәсіби маманы, мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтап, республикамыздың түрлі аймағында жауапты қызмет атқарған белгілі азамат. Қара басының қамы үшін емес, елдің мүддесі үшін ерен еңбек етті. Салық саласында көп жылдар қызмет атқарып, кейіннен Қазалы, Қармақшы аудандарының әкімі болып, қарапайым адамдардың проблемасын шешуге тікелей араласты. Қызметте де, тұрмыста да қарапайым болып қала білді. Арты­нан жаман сөз ермеді. Қолы таза, намыс­ын, арын сатқан жоқ. Мәселен, Қазалы ауданында атқарған ауқымды жұмыстарын қарапайым халық әлі күнге дейін жыр ғып айтып жүр һәм игі істерінің жемісін де көріп келеді.

Мұрат Самұратұлы – мемлекетшіл тұлға! Қызметте өз міндеттерін атқаруда адамгершілік пен мемлекет мүддесін қатар ойлайтын. Жас­тайынан елмен етене араласып, халық­тың мәселесін жеке басының жұмысынан жоғары қоятын отбасында тәрбие алғанынан болу керек, алдына келген мұқтаж жанға көмек беруді борыш санайтын. Соның дәлелі болар, бүгінде Мұрат Самұратұлы жалалы болғанда қарапайым адамдардың өздері ара түсіп, қолдау  көрсетуде.

Менің түсінгенім бойынша Мұрат Самұратұлы Имандосовты кінәлауға бір ғана куәнің «Түркістан қаласында салынып жатқан моншаның құрылысына аударылған ақшаны қолма-қолға айналдыр» деген жауабы негіз болған. Және оның өзі тергеудің басында «ақшаны қолма-қолға аудару жайында тапсырманы М.Делмұханов берді» десе, кейіннен басқаша жауап беріп, «бұл тапсырманы Мұрат Имандосов берді»  деп  өзгерткен.

Біріншіден, куәлік беріп айыптап отырған адам өзі осы қылмысты жасау­да  белсенді рөл атқарған.

Екіншіден, «моншаға қаржы жетпей жатыр» деп, қорда жиналған ақшаны сұрап, ұсыныс жасаған да, құрылыс фирмаларын іріктеп таң­даған да, оларға қаржыны жұмсауда тапсырма беріп жүрген де – құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы. Ол сотта да, тергеуде де дәлелденгенімен оған назар аударылмайды. Егер 80 миллион теңгені қолма-қол әкеліп бер деп тапсырма берген М.Има­ндосов болса, оның орын­далуын бір жарым ай бойы сұрамағаны қалай? Ақша тамыз айының басында аударылады, ал қолма-қолға тек қыркүйек айында айналдырылады. Істегі дәлелдердің логикасы бойынша Мұрат Самұратұлы ақшаның жұмсалуы мен қайтарылу жағдайынан мүлдем хабарсыз болған. Өйткені, ол құрылыс саласын басқармаған, оған жауапты болмаған. Мемлекеттік қызметте басқа әріптесінің қызметіне араласуға жол берілмейді, ол тәртіп бұзушылық болып бағаланады. Сол себепті, құрылыс саласына жауапты болған орынбасары қызметіне кіріскен соң Мұрат Имандосов бұл мәселемен айналыспаған. Мұны сотта жауап бергендердің барлығы растайды. Бар кінәсі – қаржы болмауынан монша құрылысы тоқтап қалмасын деп мемлекет мүддесін ойлап, жаны ашығанынан күйіп отыр.

Үшіншіден, бұрынғы облыс әкімі Қ.Ысқақов жауабында Мұрат Самұратұлымен абайлап, ойланып сөйлесетінін, олардың қарым-қатынастары тек қызмет бабымен ғана байланысты болғанын және оған мұндай тапсырма бере алмайтынын көрсеткен.

Тергеу органы барынша дәлел іздеп, жасырын да, жариялы да тергеу-іздестіру шараларын жүргізген. Алайда ондай «сөз-әңгіме» болмаған соң дәлелдің табылмауы да ақиқат емес пе? Сонда, өзі қылмысты жасау­ға қатысқан адамның күмәнді жауабына ғана сүйеніп, адам сот­талып  отырған  сияқты.

Сондай-ақ, «Сыр мейірімі» қорының директоры жауабында облыс әкімі орынбасарының көмекшісі болған М.Тасқараев телефон соқты деген, ал Тасқараевпен беттесуде телефон соқпағанын, 80 миллион жайында білмейтінін, Мұрат Имандосов бұл жайында тапсырма бермегенін естіген кезде өз-өзіне күмәнданып отыр. М.Имандосов қор директорын бұрын-соңды танымайды да, арасында байланыс та болмаған. Оны өзі де растап отыр. Міне, істе осындай қиыспайтын тұстар көп. Өкініштісі, осындай азамат ішпей-жемей, басы-қасында жоқ бола тұра (бір ауыз сөзі үшін) 6 жылға бас бостандығынан айырылып, сотталып  отыр.

Сотта анықталған кез келген күмән тудыратын дәлелдер қосымша тексеруді қажет етеді немесе мүлдем айыптау негізінен алынып тасталу керек, яки дәлел болып ба­ғаланбайды.

Қорғаушылардың мәлімдеуі бо­йынша, тергеу барысында жіберілген тергеу реттілігінің сақталмауы сияқты өрескел заңбұзушылықтар жайында сотта өтінішхат берілген екен. Енді жоғары сот инстанция­ларында осы қылмыстық іс әділ көзқараспен қаралып, заңдылықтың үстем болатынына үмітіміз бар.

Елімізде заң үстемдік құрып, адам құқықтарының сақталуы қамтамасыз етілген және сот шешімі мен үкімдері күмән тудырмаған жағдайда ғана сотқа халықтың сенімі күмәнсіз болып, беделі артады. Тергеу органы құқықбұзушылық пен қылмысқа қарсы күресте асыра сілтеп, қателесіп жатқан болса, сот мұндай заңсыздықтарды анықтаған жағдайда үзілді-кесілді жою­ға шаралар қолдануға міндетті. Сондықтан, соттар қара­лаушы пози­цияда болмай, әділдік пен шындықтан таймай, адам тағдырының кепілі болуы тиіс. Сонда ғана халықтың сенімі ны­ғаяды.

Әбдікәрім  АБДУЛЛАЕВ,

прокуратура  саласының  ардагері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: