Иә, шынында, соңғы уақыттарда мемқызметшілердің адалдығына сын көзбен қарайтындар көбейіп кетті. Соқыр статистиканың сергелдеңіне түсіп, болмағанды болды, өтпегенді өтті деу қалыпты құбылысқа айналған.
Өткен аптаның аяғында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Алғашқы болып мінберге Әдеп жөніндегі кеңестің 2021 жылғы 28 қаңтары мен 19 ақпанында қабылданған шешімдердің орындалуы жайлы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаевтың хабарламасы тыңдалды.
– 28 қаңтарда кеңес отырысында 7 мәселе қаралған болатын. Ондағы Жалағаш және Жаңақорған ауданы әкімдіктерінің атқарған жұмыстары туралы қаралған мәселе бойынша 10 ұсыныс берілген. Қазіргі таңда берілген ұсыныстардың барлығы орындалды. Одан бөлек, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі атқарған жұмыстарының нәтижелерін хабарлаған мәселелер бойынша 8 ұсыныс берілген. Олар орындалу үстінде. Сондай-ақ, көлік прокуратурасының «ұсынысты созбалаңға салуы» мәселесі бойынша Шиелі ауданы әкімдігіндегі жауапты тұлғаға шара қолданылды. Ал 19 ақпандағы отырыста 8 мәселе қаралды. Ондағы ұсыныстар толығымен орындалған жоқ. Дегенмен, толық орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз, – деді Берікбол Ұзақұлы.
Сонымен қатар, соңғы отырыста тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсынысты қарауға 9 бірдей мемлекеттік қызметкер өтініш білдірген еді. Алайда кеңес мүшелері барлығынан бірдей бас тартып, өтініштерін қанағаттандырмаған болатын.
Келесі болып атқарылған жұмыстары туралы есеп беруге Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев сөз алды. Бүгінде ауданда 132 мемлекеттік қызметші жұмыс істеуде. 2019 жылы сол қызметкерлердің 36-сына тәртіптік жаза қолданылса, өткен жылы 28 адам жазаланған. Аудан әкімі есеп бойынша атқарылған жұмыстар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған шараларды айтумен болды. Дегенмен, ол шаралардың нақты өткендігіне күмән бар. Себебі, есеп аяқталған соң, кеңес мүшесі Нұрлан Көбегенұлы аудан әкіміне баяндамада көрсетілген сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған зерттеуі туралы айтып, сауалнаманың қорытындысын сұрады. Алайда аудан әкімі ондай сауалнаманың өткенін білмейтінін айтып, мұндай зерттемелерден бейхабар екенін жеткізді. Әкімнің өзі дайындап әкелген баяндаманы білмей, өз сөзінен жаңылғаны қызық болып көрінді. Санамызды «бұл аудан әкімінің есепті еселеуге арнаған өзіндік тактикасы ма?» деген сұрақ қаптап, өтіріктің арты бір-ақ тұтам екеніне тағы да көз жеткізіп қайттық.
Жалпы, Сырдария ауданындағы ішкі ахуал алаңдаулы екені жасырын емес. Аудандағы тұрмыстық мәселелерден бөлек, электронды қызмет көрсету де тоқырап тұр. Мемлекеттің алдында бұл қызметті 80-90% көрсету міндеті тұр. Ал ауданда бұл көрсеткіш 40 пайызды ғана құрап отыр. Бұл – облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Өткен жылы мектепке дейінгі ұйымдарға құжат қабылдау бойынша 1067 қызмет көрсетілген. Барлығы толық қағаз түрінде көрсетілген екен. Ал іс жүзінде бұл қызметті 100% портал арқылы электронды форматта көрсетуге толық мүмкіндік бар. Аудан әкімі өз кезегінде бұл мәселені толық орындауға техника мүмкіншілігінің жетпейтінін айтып, қағазбен жұмыс істеген тиімді екенін алға тартты. Осы тұрғыда, аудан әкіміне мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларына және әдеп кодексіне қатысты 5 ұсыныс беріп, орындалғаны жайлы ағымдағы жылдың 18 сәуіріне дейін ақпарат беруді тапсырды.
Келесі кезекте мемлекеттік кірістер департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілінің атқарған қызметі тыңдалды. Онда әдеп нормаларын бұзғаны үшін 6 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, заңбұзушылықтардың алдын алуға байланысты бірнеше сауалнама мен шара өткізіп, БАҚ-пен тығыз байланыс жасаған екен. Десе де, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жасаған заңбұзушылықтар да аз емес. 2020 жылы 18 маусымда «Facebook» әлеуметтік желісінің қолданушысы М.Арапов «Отыз емес екі жүз адамға той жасаған салық басқармасының басшысы» атты сыни пікір жариялаған. Анықтау барысында Сырдария ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Н.Нұрсейтовтың өткен жылы 5 маусымда ұлының тойын жасағаны белгілі болып, тойға қатысқан басқа да мемқызметшілерге тәртіптік жаза қолданылған.
Жалпы, департамент қызметкерлерінің санитарлық талапқа бейжай қарайтыны жасырын емес. Департамент басшысы да бетперде тақпай көпшіліктің назарына түсіп, сынның астында қалған еді. Бір қызығы, жақында Департамент қызметкерлерінің карантиндік талаптарды орындауына қатысты тағы бір шу шықты. Ағымдағы жылдың 8 наурызында халықаралық әйелдер күнін тойлап, отырыс өткені жайлы «Instagram» желісінде мекеме қызметкері сурет жариялады. Суретте департамент қызметкерлерінің ешбірі санитарлық нормаларды ұстанбай отырғанын анық көруге болады. Алайда департаменттің әдеп жөніндегі уәкілі бұл суреттегі отырыс былтыр болғанын, суреттің егесі мұны тек естелік ретінде ғана жариялағанын айтқан екен. Әдеп жөніндегі уәкілдің айтуынша, бұл – шынымен өткен жылдың 6 наурызында болған оқиға. Дегенмен, жауапты маманның бұл сөзінің шындыққа жанасатынына сенбедік. Себебі, суретте отырған Руслан есімді қызметкер өткен жылы мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс істемеген екен. Яғни, ол аталмыш департаментте қызметке мейрамнан кейін, мамыр айында ғана қосылған. Бұл отырыстың осы жылы өткеніне бұлтартпас айғақ десек қателеспейміз, сірә. Алайда департамент өкілі бұл жерден де айласын асыра білген. Оның айтуынша, Руслан есімді жігіт ол уақытта басқа қызметте болып, тек департамент әйелдерін құттықтауға ғана келген көрінеді. Құр сөзге сеніп, «тақымды бос жіберу» ақылға қонымсыз дүние екені белгілі. Аталған мәселені зерттеп, тиісті шара қолдану үшін Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаментіне және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолданған. Бұл мәселеге байланысты әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
Кеңес мүшелері мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғ.Орыновқа жұмысты жүйелеу бойынша 4 ұсыныс берді. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы К.Камаловқа қолданған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсынысты кеңес мүшелері қолдамай, кері қайтарды.
Міне, Әдеп кеңесінің кезекті отырысы осылай өтті. Мақаланың басында айтқандай мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы сын көтермейді. Бір ғана отырыста екі бірдей күмәнді жайтқа кездесуіміз соған дәлел…
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!