Алматыдағы №72 тергеу изоляторында әйелдер аштық жариялады. Мұнда жақында сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан да отыр.
Бұл туралы Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова Facebook парақшасында жазды. Әйгерім Тілеужан адвокатымен кездескенде изоляторда әйелдер аштық жариялағанын айтқан.
– Әйелдер жетекшілікке арыз жазған, себебі оларды басқалардан бөлек ұстауы керек. Бірақ 72 әйел ортақ камерада отыр, олардың құқығы бұзылып жатыр. Әйгеріммен бір камерада отырған әйелдердің ішінде біреуінің астмасы асқынған, екіншісінде эпилепсия бар. Әйгерім айғайлап көмек шақырмағанда олардың жағдайы қиын болар еді. Белгілі бір ауруы бар адамдарды арнайы камерада дәрігердің бақылауында ұстау керек, – деп жазды адвокат.
Айдарханованың сөзінше, қазір изоляторда кемі екі әйелдің аштық жариялағаны белгілі, әйелдердің көбі қамау орнындағы жағдайға наразы әрі әділ тергеу мен әділ сот шешімін талап етеді. Әйгерім Тілеужан да аштық жариялауы мүмкін дейді қорғаушы.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Азаттыққа басында «жағдайдан хабарсызбыз» деген, кейін «ақпарат күтіп отырмыз» деді. Комитеттен әзірге жауап келген жоқ.
Қазірге дейін аштық жариялағандардың бірі Бағдагүл Андреева (Қалиасқарова) былтыр қарашада «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алуды жоспарлады» деген күдікпен қамауға алынған.
Әйгерім Тілеужан – Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі бойынша 4 жылға сотталған белсенді әрі журналист. Бұл іс бойынша тағы төрт адам 8 жылға сотталған. Үкім әлі күшіне енген жоқ. «Әуежай ісі» бойынша сот үкімі қоғамда сынға ұшырап, бір топ қаламгер президенттен араша сұраған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!