Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заман мінберіндегі сыр

14.09.2023, 11:15 279

HALYQLINE.KZ

публицистика

Таза, мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады.

Таза, мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады.

Асан Қайғы

Әлбетте, өркениет жүйрігі білім саналады. Баяғыдай атпен емес, ақылмен озатын заманда байлық пен дәрежені ғана малдану өмір диалектикасымен әсте қабыспайды. Мақтангершілік пен даңғойлық қанымызға сіңісті болып бара жатқаны арқамызға аяздай батады. Оған бүгінгі әлемдік аласапырандағы Қазақстанның аңғал кейпі секемшіл сыбыр қосады.

Жә, салғаннан таусыла сөйлеп жігерімізді жасытпайық. Өткелегі көп державалық тайталастарда ел тізгінін бекем ұстау түгіл ауызға да абай болу қажеттігі көлденең қоңырау соғады. Жер көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орындамыз деп кеуде қағудың өзі әбестеу көрінеді. Топ бастап тұрған Ресейдің, оны өкшелеп жүрген Канада, АҚШ және Қытайдың алапат территориясы, Бразилия, Австралия, Үндістан мен Аргентинадан кейінгі бар-жоғы 3 млн шақырымға жуық кеңістігімізді қаншалықты игеріп жатқанымыз туралы ауызды емес, жанды ауыртар шындыққа жүгінгеніміз абзал болар еді. Осы арада қоса кетер қақпақұл ескертуіміз де жөнсіз болмас. Өткінші өнер додалары мен спорттық бәсекелерде «бізді 19 млн көрермен көріп отыр!» деп аттан салатын жүргізушілердің құлағына алтын сырға ілгіміз келеді. Бұл цифрды бөрікті аспанға ататындай етіп жып еткізіп ауызға оралту мүлдем қисынсыз. Қытай мемлекетінің бір қаласының өзінде осыншама тұрғын мекендейтінін тәжді тажал жадымызға құйып тастаған жоқ па?! Демек, мұндай көпірме ұрандатуға эфир еркіншілігін шектеу керек.

Иә, шымбайға бататын шындығымыз шаш етектен. Ұлан-байтақ ұлы даламыздың бесігі әр ауылдан тербелетінін тәубе тұтуымыз керек. Баяғыда арқалы ақын Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деп жырдан шашу шашқаны бекер емес. Қазір онсыз да қию-шиюы көп қалаға ауыл жастарының аңдағайлап аттандауы етек алып барады. Былайша, бабалар атамекені біртіндеп қарттар қонысына айналып бара жатқаны іштей кіп алдырады. Бұған тежеу салар тетік көпшілік ырқынан тыс қалып бара жатқаны өкінішті. Бұл аса ділгер мәселе билік тізгінін ұстағандардың түбегейлі экономикалық амал табуымен ғана шешілетіні әмбеге аян.

Туған жер туралы толғанбайтын пенде жоқ. Даладан қанат қақтық па, қаладан қиял қудық па, бәрібір бабалардың батасы қазық болып қағылған, Жиреншенің «Ай-хай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!» деп жеркепеден шығып жатқан аяғын шаттық шапанымен жапқаны шынымен-ақ рухымыздан ажырап кеткені ме?! Мұншалықты тіл безеуімізге кең-байтақ республикамыздың ана тұсынан да, мына тұсынан да ауызсуға зарыққан, жол мехнатынан запы болған, ауру азабынан әуре-сарсаңға түскен мыңдардың жанайқайынан құлақ тұнып болғандай.

Еліміздегі көп мәселенің қиюы кетіп қалғаны сәт сайын алдымызды орағытады да отырады. Жарылыстар, тасқын сумен тайталас, жыл бойы жаңбыр тілейтін өрт алапаты неге жиілеп барады? Мұны тағдырдың табалауы деп бағалауға болмас. Иманы басым қазақтың кең далаға қиянат жасағанын тарихтың өзі мойындата алмайды. Жер-жердегі іс басындағылардың табиғат пен адам арасындағы тәуелділік пен қажеттіліктің аражігін шатастырып алғаны бармақ шайнатады. Ел ахуалын шалағай жоспарлау мен орындаушылық жауапкершіліктің төмендігінен және жадағай ақпаратқа тоқмейілсу дертінен іздеуміз керек тәрізді.

Шіркін, кіндік кескен киелі өңір жайлы кім ағынан жарыла сыр бөліспейді дерсіз? Бәріміздің бойымызда бұл ұшқын мәңгі сөнбейді. Поэзия дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың ұлттық ұраны іспетті

«Кең далам – анам, мен – балаң.

Ендеше қалам бер маған!» деген шалқыма сырынан-ақ «Мен қазақпын» деген мақтаныш мәлімдемесі атойлайтыны қандай ғажап?! Бұл жыр эстафетасын Қасым Аманжоловқа табыстасақ, әлі күнге ой ошағымызды қапелімде маздатып жіберетін парыз маңдайшасындай суреткерлік серті ерікіз тәжім еткізеді.

«Уа, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер!».

Өткен жыл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемге де ауыртпалығын ала келді. Қаңтардағы елге жасалған қиянат бұған дейінгі өтпелі кезеңдердегі барлық келіспеушіліктен асып түсті. Мемлекетке сатқындық жасаудың тарихта кездескен және ұшыраспаған қитұрқы көріністері белімізді бүгілте жаздады. Сыртқы алакөз күштердің және арамызда жүрген іштен шалу арандатушылары қапелімде мемлекет іргетасын шайқалтуға тап берді. Жалпыға мәлім содырлы сойқанның сипатын қайталап тіл ұшына оралтудың өзі жаныңа жарақат салады. Сол себепті осы қапы қалудың төркінін іздеп, ойша сабылудың азабына түскеніміз әлі күнге күрсінтумен келеді.

Ежелден кеңістікті сүйетін, жақыннан жау іздемейтін қанымыздың тұщылығы, маңдайымыздан аққан терге орамал түгіл, алақан да жолата бермейтін көнбістілігіміз төте сұраққа дайын жауабын тоса қойған жоқ. Шамасы, жауды жақыннан емес, жаттан ғана күтетін қарапайым сақтығымыз тағы да қамсыздық қамшысын босағадан гөрі төрдегі шапан тұсына іле салған бейқамдығымызды алға тартатындай. Жә, өзімізді тақымдай бермей, ұлттық ұстанымымыздың жайма-шуақ табиғатын айыпты орындығына отырғызуымыз тым әбес болар. Жауыз демейтін, мейманына төрін ұсынатын рухани елгезектіміз бұл күйзелістен де жағамызды жыртпай, тіс қайратпай, сабыр самалымен ішкі дықты, жүректі жұлмалатпай, ет пен терінің арасындағы шаншуға ғана балаған шыдамдылығымыз жер жүзі халықтары тарапынан қаһармандық қамалындай бағаланды.

Қаңтар бүліншілігінің салдарымен ішкі және сыртқы күрес әлі бірталайға созылар. Жан дүниеміздегі рухани аласапыран жуық арада сейіле қоймасы баршамызға аян. Ұлттық құрылтай мінбесінен академик Асқар Жұмаділдаевтың бүлік кезінде көз жұмбай, дария кешпей тап болған аңғал жастарымыздың неліктен қателікке ұрынғанын өткірлей кеткені де қапы қалған тұсымызды іштей бажайлатады. Демек қателік төркінін аға ұрпақтың құрмет төрінен ұзамауы, жас буынның белі бесіктен шықпай жатып пайда табудың сан түрлі амалдарына бой үйретуі, білім мен мәдениет және тәрбие бақылау орындарындағы өскелең ұрпақтың жан дүниесіндегі бұлқыныстарды дөп басып қадағалауының босаңдығынан іздеуіміз әділетті шығар.

Қазақ поэзиясының сұңқары, жалынды күрескер Сәкен Сейфулиннің «Альбатрос» поэмасындағы ескерту жолдары күні бүгін де тарих мінбесінен үндеу тастайды.

«Сен Альбатрос жерде, көкте, теңізде

Қырағы көз қалғып кетті дегізбе!».

Бұл ишарат көсемдерге емес, көпшілікке, мемлекет тізгініндегі баршаға аманаттаған жыр бойтұмарындай бағаланса несі артық?!

Қазақ тарихында өркениет көшіне айқын бет түзеген данышпан ақын Абай Құнанбаевтың қара өлеңнен шығыс поэзиясына ойысып, одан батыс мәдениетіне орыс тілі арқылы қанығуы туған әдебиетімізге тұңғыш бетбұрыс қадамдар әкелді. Оны өзі де риясыз мойындап, «Батысым Шығыс болып кетті» деп түйсінуі хас таланттың бекзат бітімін дәл бейнелейді. Жыраулар поэзиясына құлақ тосқан делебешіл қауым классикалық әдебиет өлшемімен өлең құраған Абайдың философиялық түйінді образды ойлау қолтаңбасын бірден бойына сіңіре алған жоқ. Оның заманалар жігінде жан дүниеміздің орынсыз құбылуына сын садағын кезеуі, үстем тап пен езілуші арасындағы теңсіздікті өткір сынның отымен қақтауы саясат найзағайындай құбылысқа айналды.

«Мен бір жұмбақ адаммын

Оны да ойла

Мыңмен жалғыз алыстым

Кінә қойма!».

Тағы да қазақ сөзінің патшасы Абай төрелігіне бас шұлғимыз. Қателіктер құрсауындағы қазіргі елең-алаң кейпіміз бара жатқаннан да, келе жатқаннан да кеңес сұрайтындай дағдарыс өткелінде ұлылар ұлағатынан пәрмен күтетіндей. Мұндайда феодализм отауынан ытқып шыққан данагөй ақынның «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, сендерге де келейін енді аяңдап!» деп әбігерленуден гөрі нақты әрекетке шақыруы рухани белкөтерме жасағандай әсер қалдырады.

Шынтуайтында, Абай дәуіріндегі ұлттық болмысымызды бірден құлдыратқан тойымсыздық пен бақастық, желөкпелік пен итаршылық тәрізді кертартпалық бүгініміз түгіл, ертеңімізге де қылымси көз алартатындай. Жаңа Қазақстан атауын тіл ұшына түсірген президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел іргесін сөгер мұндай рухани кереғарлыққа біржолата тоқтам жасалатынын, дүйім жұрт күткен қабырғалы шешімдерімен бекемдеуін өзіміз түгіл, өзгелер де бәрекелді десіп қуаттауда. Сертте тұру – хан мен қараға, данышпан мен батырға бірдей әлімсақтан келе жатқан тәмсіл тәжірибе. Биылдың өзіндегі екі бірдей Жолдаудың өне бойынан боссөзділік пен алдарқатпа болжамдар мүлдем ұшыраспайды. Нақты тапсырма, межелі мерзім, күтілетін нәтиже тайға таңба басқандай. Сын садағына ілінбей жатқан сала жоқ. Шешімдер итжығыс иірімінде қалмайды. «Неден қателестік, қалайша қапы қалдық?!» деген алаң көңілмен өзімізді өзіміз мыжи берсек, жігер жанитын нәтиже қайдан шығады?! Сол себепті әрбіріміз тұманды сейілтіп жіберетін күн шұғыласындай жүрек тазалығына ден қоюымыз жөн тәрізді.

Қордаланған кемшілік жалаң аттандаумен түзелмейді. Мемлекеттік қадағалаудың пәрменді де жетеқабыл тәсілдеріне мықтап табан тіреуіміз қерек шығар. Құрылыстағы, жол салудағы бақылаудың бетімен кеткендігіне қашан нүкте қойылады? Тендерді желеу етіп, аннан-мыннан құралған кәсібилік және техникалық әлеуеті жадағайлау кездейсоқ құрылымдар оп-оңай жеңімпаз болып кеткен жоқ па?! Бұрынғыдай қалыптасқан құрылыс трестері, жылжымалы мехколонналар, жол салу технологиясына бастан-аяқ негізделген тәжірибелі құрылымдар шоғырландырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Ертеректе салған үйдің құлап, төселген жолдың тулақтай болғанын кездестірмегеніміз иықты шайқатады. Смета, жоба, жұмсалған қаржы арасындағы есеп-қисап және бекітудегі ауызжаластық мемлекеттік қабылдауға дейін неге өткір сараптауға алынбайды?!

«Әркімнің туғар жері – Мысыр шаһары» дейтін желпу сөз баяғыдан бар. Сөйткендейін, атағы айдай әлемге аян Арал теңізінің пұшайман кейпін жан жадыратқан Көкарал бөгетінің үміт сәулесін өшірмей тұрғандығы дәтке қуат. Трансшекаралық өзендердің артылған құйылысынан талмап отырған алып айдынымыздың бүгіндері шағын көлдер жүйесіне айналғанының өзіне шүкір дейміз.

Сондай бұйығы қолтықтағы менің туған жерім Жалаңаштың қазіргі қардар мәселесі қамшы өріміндей болып нығыздалып қалыпты. Ауылдан отыз шақырымдағы «Үшшоқы» тұмсығындағы теңіздің шөкімдей бөлігінен ау салып, су маржанын сүзгендері атакәсіпке адалдықтың бойтұмарындай сезіледі. Туған жерден бір елі ажырамай отырған көнбіс жерлестеріме қаралай қызығамын. Әкелер салып берген тамдарын жаңа тұрпаттағы үйлермен дүр жаңартқан жастардың төзімділігі мен еңбекқорлығына бәрекелді дейсің. Араларында жеке кәсіпке икемделгендері де назарлы көрінеді. Бір артықшылығы, бұл мекенде мал өрісінің тарлығы байқалмайды. Талаптары жүрген сырттағы түлектер ауыл келбетін нұрландыруға әркез қамқор қолын созады. Атағы көпке мәлім Сасықбай әулиеге кесене тұрғызып, зәулім мешіт салып, асарлату тәсілімен мектеп есігін айқара ашқандары жүрек жылытады.

Мыңға жуық тұрғыны бар Жалаңаштың қанағат қақпасынан әрі аса бермейтін шыдамдылығы – мұнда ауызсу мәселесінің түбегейлі шешілгендігінде. Сарыбұлақтың балдай тәтті суы малына да, жанына да жетіп жатыр. Баяғы әдетпен сай ернеуіндегі құдықтардың суы кермектеніп кетсе де, ара-тұра иінағашын тербетіп еркелей қадам басқан қыз-келіншектердің ибалы қылығына қызығасың. Осы арада бұл ауылдың өркениет үрдісіне емексіп, әр үйге газ құбырын тарту жөнінде ауыз қыздыруын да бекер дей алмайсыз.

«Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма!» дегендейін, бұл мекеннің өте мұқтаж проблемаларын билік тарапына төте қоятын кез жетті деп білемін. Аудан орталығынан бар-жоғы 60 шақырымдағы Жалаңаштың көлік жолының сапасыздығы мүлдем сын көтермейді. Тәуелсіздік қарсаңында төселген тас жолдың әбден кенеуі кеткен. Бір жылдары төселген тастары қойдың құмалағындай болып шашырап кетсе, кей жылдары ішінара құрап-жамаған ойпаңдары көлік біткенді тұсаулы аттай бөгеумен келеді. Осынау қысқа аралықты орташа жылдамдықпен ғана секең солқылмен тістеніп жолаушылайтын жүргізушінің де, тұрғындардың да әбден шыдамы таусылған. Ауру-сырқау, кәрі-құртаң жандарға тіптен қиын. Бүйректері солқылдап, жүректері дүрсілдеп, қолқасы шаң қапқан күйі қалаға қатынау неткен азапты?! Ал осынау көпті қажытқан жол ауыртпалығын биліктің қай буыны қашан түзеп, тақтайдай тегіс асфальт жолға айналдырады екен?!

Президентіміздің кейінгі Жолдауында астын сызып көрсетілген жарқын жанашырлықтың бір парасы жоғарыда баян еткен бұйымтайымызды келесі сатыдағы лауазым иелеріне нұсқап тұрғанын іштей ұғынамыз. Білім саласына қатысты «Жайлы мектеп» деген жаңа жүйелеуді жанымызға жақын балай отырып, Жалаңаштағы асар тәсілімен тұрғызылған қоңторғайлау мектепке жаңа қос қабатты ғимарат тұрғызылса, нағыз әділдік туын желбіреткенмен пара-пар қабылдар едік. Сол жолдауда аталған созылмалы сырқаты бар жандар үшін күндізгі емдеу бөлімі іспетті оңалту орталығының өмірге келетіні жайлы тұжырым қарт жағалаудың қамкөңіл тұрғындарына бұйырса керемет қой. Ауыл жасөспірімдері саламатты өмір салтын айғақтап шынығатын бір стадион тұрғызылса, несі артық?! Аса бір ескерілмей жүрген жағдаятты қағаз бетіне қиялатудың өзі тым кештік қылады. Ауылдағы 60 жылдан бері жаңармаған көне клубтың осы заманғы мәдениет үйіне айналуына кім кедергі болды екен?! Сол тәрізді бұрынғы мектеп үйінің иесіз ескерткішке айналғаны мүлдем түсініксіз.

Мен ауыл түлегі ғана емес, шындық шабарманы журналист болғандықтан бұған дейін тізбелеп келген қордаланған ауыл проблемасына қалам ұшын еркін бұруыма түрткілейтін басты уәжді алғаш рет ортаға салғалы отырмын. Әкімшілік бөліністе Мергенсай ауылдық округі деп аталатын бұл төңіректе жарыққа шықпай жүрген бір құпиялық бар. Алпысыншы жылдарға таяу көршілес Мергенсай ауылының тұрғындары сол маңда құпия әскери бөлімінің ұйғарымымен Жалаңашқа мал-жанымен түгелдей көшірілді. Қарулы күштер бекерден-бекер мұндай қадамға бармайды. Демек бұл арада белгісіз сынақ қатері қылаң береді. Жолаушылаған ауыл адамдары Қарашың тұсындағы жұмбақ бөлімнің немен айналысқанын әлі күнге білмейді. Тұрғындардың айтуынша, белгісіз себептен бірталай мал тырапай асқан. Жалаңаштағы осынау аса ділгер мәселелердің қаншама жылдан бері аудан, облыс әкімдерінің назарына ілікпей келгенін үлкен сұрақ белгісі ғана арашалайды.

Ал қазіргі әрбір талқылауында адалдық пен әділдікті таразы басына тең тартатын парламенттегі жаңа тұрпаттағы сенаторлар мен мәжіліс депутаттары кең байтақ қазақ даласындағы осындай мүшкіл кейіптегі ауылдардың көкейтесті мәселесін күн тәртібіне жедел шығаруы нағыз іскерлік бастауы емей немене?! Шіркін, қажыған қазақ ауылының кезек күттірмес дат дей тұғын жандармен ахуалын уәде түйіншегіне орамай, жедел өзгерістермен баянды етсек кәнеки! Ендеше Қызылорда облысы, Арал ауданының Мергенсай ауылдық округіндегі осы жанайқайды басшылық тартпасына тықпаламай, тікелей ел алдында көз ұялып, құлақты шыңылдатар шындыққа қай деңгейдегі жауапты тұлға болмасын жедел жауап беретін бұйымтайдың үкімет базарлығына айналар сәтін баршамыз болып асыға күтейік. 

Парыз жүгі ар таразысына тартылғанда, бел қайыстыратын аманат салмағы бәрімізді діңкелетіп тастайды. Тарих бетін парақтасақ, қыршын кеткен Шоқан Уәлихановтың қазақ мәртебесін алғаш рет әлемдік кеңістікке шығарғаны, Ыбырай Алтынсаринның жас буынды білім даңғылына қадам бастырғаны, қазақ оқымыстыларының көшбастарына айналған Ахмет Байтұрсыновтың сұңғыла қайраткерлігі рух өлшеміндей бағаланатыны мәңгілік символға баланары хақ. Сұлтан Махмудтың жан шырылы күні бүгін де маңызын жойған жоқ.

«Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам!

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам?!».

Осынау жалғыз шумақта дәуір таңдамайтын, қандастың бәрін құбылаға қарай тәжім еткізетін құдыретті сезім жатқан жоқ па?!

Жаңа Қазақстан атауы жаппай бас шұлғумен емес, «арым – жанымның садақасы» дейтін имани сертпен тамырлас болғанда ғана жүрек жылытады. Сөйткендейін, ақпарат кеңістігі арқылы ұлт ұятындай қабылданатын тарихи тұлғаларымыздың телевизияның алтын қорында жатқан сұхбат, жүрек жарды жүздесулердің бүгінгі көрермен аудиториясымен қайта қауыштырылуы – кезек күттірмейтін қажеттілік. Сөз зергерлері Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Сұлтан Оразалинов, Нұртілеу Иманғалиұлы тәрізді көгілдір экранды әр үйдің шаттық шаңырағына айналдырып жіберетін салиқалы сырласуларымен қайта жүздессек кәнеки!

Дандайсу мен тоғышарлықтың дәурені өтті. Енді баршамызға мұқалмас жігермен омыраулайтын кез келді. Бабалар мен даналар, батырлар аманаты мерей мінбесінде асқақтағай. Елімізге бейбітшілік бәйгесінде шаттық шабарманы мәртебесі бұйырсын. Қойнауына құт, жүрегіне иман ұялаған дана халқымыздың талай өткелектен сағы сынбай жайран қаққанын арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтан асырып кім айтсын?! 1963 жылдың қарашасынан 1964 жылдың сәуіріне дейін қойын дәптерін қалыңдатқан «Мен қазақпын» атты ғажайып поэмасын жер жүзіндегі қандастарымыз өмір бойы пір тұтып өтері хақ. Ендеше, сіз де қадірлі оқырман, аталмыш қасиетті дастанның нүкте қояр сонғы түйініне қайыра бір зер салыңызшы?!

«Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім!

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім!».

Жаңабай  КЕМАЛ,

Қазақстанның  кұрметті  журналисі,

Арал  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: