Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зағип балаларды қоғамнан тыс қалдырмайық

16.06.2022, 11:20 352

Тағдырдың біреуге ерте, енді біреуге кейін беретін сынағы бәрінің де басынан өтпей қоймайды. Сондай сынақтардың ең зілі – адамды, әсіресе балаларды көз жанарымен сынау деп білеміз. Қоғам өмірінен мүлдем тысқары қалмайтын көз жанарынан айырылған балалардың қашанда болмыс-бітімі ерек. Себебі, олардың сезу түйсіктері өте жоғары болады. Бүгінде облысымызда 18 жасқа  дейінгі  240 зағип бала бар  екен. Бүгін осы  тақырыпта  сөз  қозғамақшымыз.

Аймақ бойынша көзінің ауруымен сабылатын адамдардың әр жағдайы түйт­кілді мәселеге айналуда. Әсіресе көз мүгедек­тігімен есепте тұратын балалары бар ата-ана үшін қиын екені анық. Айтатын болсақ, бар проблема облыс бойынша балаларды қарайтын көз дәрігерлерінің тапшылығынан екені белгілі. Сонымен қатар, зағип балаларға арнал­ған жеке сауықтыру орталықтарының ашылмайтыны қарапайым халықтың ашуын тудыруда. Сондай-ақ, әлеуметік жәрдемақы есебімен берілетін қаражаттың  жеткіліксіз екенін айтып жұртшылық наразылығын білдіріп жатыр. Қамқорлығында екі бірдей мүгедектігі бар баласы үшін жанын пида етуге дайын жерлесіміз Назерке Кадированы сөзге тартқан бола­тынбыз. Баласының бір көзі көру қабі­ле­тінен айырылса, екінші көзін аман алып қалу басты арманына айналған ана қазір қимыл-қозғалысына дейін қомақты қаражатты  талап  ететінін  айтып  өтті.

– Қазір мемлекет тарапынан берілетін көмектің жетпейтінін барлығы біледі. Өйт­кені қазір қымбатшылық қысып барады. Тапқанымыз бен балаларымыздың мүгеде­ктігіне берілетін ақшаның дәрі-дәрмек пен ем-шаралардан артылмайтыны белгілі емес пе? Республика бойынша ерекшелігі бар балаларға арналған ешқандай мемлекеттік орталық жоқ. Бар болған күннің өзінде жеке клиникалар өте қымбат қаражатты талап етеді. Бір отбасында бірнеше мүгедектігі бар балаларды емдету үшін ата-аналарға оңай тимейді. Әйтеуір, қарызданып, қауғаланып, «көмек жәшігін» ұстап көшеге шығудан  жалтармаймыз. Әлеуметтік жәрдемақы қаражатын 5 пайызға өсірсе, базар бағасы 10 пайызға бірден  шарықтап  кетеді, – дейді  ол.

Расында да, баға шарықтап, теңге құнсызданған нарықтық заманда мүгедек жандар былай тұрсын сау адамның өмір сүру жағдайы күрт төмендеуде. Иә, бұл тақырып басқа бағытты қозғайды. Біздің «жырымыз» – көз мүгедектігі бар бала­лардың мәселесін шешу. Осы тұрғыда Қызылорда облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департамен­тіне хат жолдаған болатынбыз. Олардың мәліметінше, бұған дейін Қазақстанда мүгедек балалар 16 жастан бастап 18 жас­қа дейін ғана топтарға бөлінетін болса, енді 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне қарай топқа бөлінеді. Осыған байланыс­ты, мүгедектігі бойынша МӘЖ-ның мөлшері мүгедектік тобына қарай көбейеді. Яғни, әр санаттағы бала әртүрлі жәрдем­ақы мөлшерімен қамтылады деген сөз. Биылдан бастап 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 52345 теңге, бірінші топтағы жетіден он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 71787 теңге мөлшерінде, ал екінші топ бойынша – 59449 теңге, үшінші санаттағы балаларға 52345 теңге­ні құрайтын қаражат беріліп жатыр. Осы  төңіректе жауап жазған департамент басшылығы толық сауалдарымызды қанағаттан­дырмады.

Жеткіліксіз қаражаттың жыры тау­сылар емес. Оған қоса облысымызда дәрігерлер мен емдеу орталықтарының жоқтығы қала тұрғындарын басқа аймақтарға тіпті, шет мемлекетке де­йін жетеле­уде. Сондықтан мүмкіндігі шектеу­лі жандармен байланысты тығыз орнатып, олардың сұраныстарына барынша жұмыс атқарылуы керек. Айта кететін болсақ, мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың қамқоршыларына арналған республика бойынша жатын орын жоқ. Емделуге барған мүгедектер алатын жәрдемақысын қайда жеткізерін білмей әлектенуде. Мемлекеттен қашанда қолдау күтетін бұқараның, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі зағип жандар үкіметтің үнемі қамқорлығында болғаны жөн. Тағдыр тәлкегімен келген зағип бүлдіршіндердің жарық сәулені көруді аңсайтыны жасырын емес, сол себепті оларға деген ыстық ықыласымыз бен қолдауымызды арттырғанымыз  дұрыс.

Көмек қолын созатын қорлардың да азайып бара жатқаны, олардың мүгедек жандарға жанашырлық танытпайтындығы бізді қынжылтатыны айқын. Қазір билік басындағылар да сол қорларға сенім артып алғанға ұқсайды. Ал ол қайы­рымдылық қорлардың бір көрініп, артынша ізім-қа­йым болатынын жасыра алмаймыз. Қалың бұқараның өзі үкіметтен келе­тін қайырымдылыққа сеніңкіремейді. Сонымен қатар, алдыңғы жылы жөндеу жұмысынан өткен Қызылорда қала­сындағы №5 көзі нашар көретін ба­лал­ардың арнаулы мек­теп-ин­тернатының тарлығы ата-ананы сарыуайым­ға  салуда.

– Балалардың ашық, кең бөлмеде қыс­тырылмай білім алғанын барлық мүгедектігі бар балалардың әке-шешелері қалайды. Мектептің тарлы­ғын бәріміз көзімізбен көріп жүрміз. Көзі нашар кө­ретін немесе мүлдем көру қабілетінен айырылған оқушыларға жаңа мектеп пен сауықтыру орта­лықтарының және бала айналысып, көңілін бөлетін ойын алаңдары­мен толық қамтылуын қалай­мыз, – деді көпбалалы әрі көзі ғаріп баланың анасы  Назер­ке  Кадирова.

Биылғы жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бала­лар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай балалар­ға арналған түрлі іс-шаралар мен әлеуметтік көмек түрі  көр­сетілетінін атап  өтті. Бірақ, 2022-нің жарты жылын да «жеп» қойдық, әлі жоспарланған жобалардың қарқыны байқалмайды. Біз «Балалар жылында» әлеуметтік жәрдем алатын балалардың жағдайы түзеліп, мүгедек балалардың бар ұсынысы бойынша жұмыс­тар жүргізіледі деп қабылдадық. Бұл жолда құрылған жобалард­ың орындалатынына күмәнмен қарағымыз келмейді. Және мүмкіндігі шектеулі балалардың болашағы  бұлыңғыр болмауын, тасада қалған жоспарлардың  құндылығы  жоғалмауын  тілейміз.

Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: