Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет ететін психолог нәзік жанды арулар – адамдарға рухани күш сыйлайтын, олардың психологиялық тұрақтылығын нығайтатын маңызды мамандар. Олар құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің күйзелісті жағдайларда салқынқандылық танытып, өз міндеттерін абыроймен атқаруына көмектеседі. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өзінің атқарып жүрген қызметі туралы ТЖ департаменті психологиялық қызмет тобының бас маман-психологы Арайлым Тілеуқабылова айтты.
- Біздің қызметіміз – төтенше жағдайлар саласында қызмет ететін мамандардың психологиялық дайындығын қамтамасыз ету, олардың моральдық-психологиялық жағдайын нығайту және төтенше жағдайлар кезінде психологиялық қолдау көрсету. Төтенше жағдайлар қызметкерлері күн сайын адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жанкешті еңбек етеді. Олардың әрбір әрекеті үлкен физикалық және психологиялық жүктемемен қатар жүреді. Сондықтан біздің міндетіміз – қызметкерлердің ішкі тұрақтылығын, төзімділігін арттырып, күйзелісті еңсеруіне көмектесу. Біз олармен күнделікті әңгімелесу, психологиялық тренингтер өткізу, қиын жағдайларда моральдық қолдау көрсету арқылы олардың кәсіби және эмоционалды дайындығын күшейтеміз. Психолог маман ретінде мен әрбір қызметкердің психикалық денсаулығы мен эмоционалды тұрақтылығы – олардың кәсіби шеберлігі мен қызмет сапасына тікелей әсер ететінін ерекше атап өткім келеді. Біз тек қызметкерлермен ғана емес, сондай-ақ төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға да психологиялық көмек көрсетеміз. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін, бірақ сондай-ақ қоғамға пайдасы мол, игілікті жұмыс,-деді, Арайлым Тілеуқабылова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!