Әсілі, біз тойшыл халықпыз. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін алғашқы кезде таршылық пен тапшылық алқымнан алғаны рас. Соған қарамастан әр қалада бір-бірінен асып түсетін мыңдаған мейрамхананың бой көтеруі – тым тойшыл екендігіміздің бұлтартпас дәлелі. Лайым, әр отбасында тек жақсылық пен қуаныш бола бергей. Дегенмен, тойшыл болумен қатар, ойшыл да болу орынды-ау.
Осыдан ұмытпасам 5-6 жыл бұрын 80 жасқа келген кісінің мерейтойы бір маңдайалды мейрамханада өтіп жатты. Қуанышқа жиналған халықтың қарасы көп, бәрі көңілді. Ән, би, күй, жүрекжарды лебіздер мен тілектер қарша борап, отағасыны үлде мен бүлдеге орап жатыр. Соған қарамастан 80 жасқа келген кісінің көңіл күйі пәс, онша емес секілді көрінді маған. Бір орайы келген сәтте той иесімен сөйлесудің сәті түсті.
– Аға, 80 жасыңыз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға бақ-дәулет, ырыс-береке тілеймін. Жасыңыз 100-ге жетсін! – дедім.
Аға байсалды кейпімен менің бетіме бағамдай қарап:
– Әй, інім-ай! Ұл-қыздарым ғой, қоймай, әке 80 жасыңды дүркіретіп атап өтеміз деген. Әйтпесе, енді менің кәрі қойдың жасындай жасым қалған шығар. Бұл маған неге керек?! Бұл біздің салт-дәстүрімізде бұрын болмаған, жоқ дүние ғой, – деді ақсақал күрсініп. Аға ақынжанды кісі екен. Әңгімесін әрі қарай мынау өлең жолдарымен жалғастырды:
– Қоздырып дүйім жұрттың делебесін,
Кеңейтіп киіз үйдің керегесін.
Ән шашу, би мен түрлі сансыз тілек…
Тыңдауға нар тұлғаңды «шөгересің».
Керемет, тым көңілді сауық-сайран…
Бұл кеште «бір күн көктеп көгересің».
Туған күн – оған дұрыс, маған бұрыс,
Күн сайын «кері» кетіп көнересің, – деп аяқтады сөзін.
Ақсақал сөзінің астары түсінікті. Бабаларымыз бұрын: «Әй, бір күнім өтті-ау, әттеген-ай!» деп қамығады екен. Ағаның ойына сол бабалар сөзі түсті ме, кім білсін. Бүгінде күніміз өтсе қуанып, алдағы күнді асыға күтетін халге келдік қой. Иә, біреу бардың есебін, біреу жоқтың есебін таба алмай, қарызданып-қауғаланып той жасамайды. Тым тойшылмыз ғой, ойшыл да болған жөн-ау. Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейік.
Қанжығалы ҚАЗЫБЕК
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!