Атамыз – жетпісте. Мен ем жүргізіп, атам әңгіме айтады. Өмір туралы, діннен де хабары мол, көргендері туралы әңгімелейді. Жақсы адамның әңгімесін тыңдау да бір ғанибет қой.
– Әйелім үйге қызымның баласын алып келді. Жиен ғой енді. Сол кезде 7-8 айлық. Анау баланы көргенде, шошып кетесің, тырбиған, адам баласына ұқсамайды, бақа сияқты. Кемпіріме ұрыстым, «неге мынаны алып келдің, ертең өліп қалса, құдалардан сөз естиміз?» деп.
Бізбен бірге үйде тұрып жатты. Тамақ жегенде, біздің балалардан қалыспайды. Жеп алады да жата қалады, сәлден соң ұйықтап қалады. Бірақ, әлденбеді. Күндегі әдеті осы, тамақты көп жейді, бірақ сол ілмиген қалпы. Түрінен адам шошиды, адам баласына ұқсамайтын сияқты. Маған сол күнде, өліп қалатын сияқты болады да тұрады.
Бір күні құдам шақырды, түйе соймақ екен, соған көмектесуге. Өзімнің де шаруам көп еді, амалсыздан келістім. Барып, сойып бердім. Кетерімде «қолүздік» деп бірталай ет беріп жіберді. Үйге келген соң үйдегілер етті асып, кешке тамаққа отырдық. Етті өзім турадым, ішінде түйенің өркеші бар. Әдетім сондай, етті ірі-ірі қылып тураймын. Байқап отырмын, кішкентай жиен туралған өркештің төрт түйірін жеді. Сосын аунап, жатып қалды. Оны ересек қыздарым төсегіне жатқызды. Кемпірім сол күні түнгі ауысымға кеткен. Еттен соң шайымызды ішіп болып, біз де жаттық.
Түннің бір уағы. Жаңағы бала шырқырап жыласын. Үлкен балам көтереді, қоймайды, қыздарым бірінен соң бірі оянып көтеріп жүр. Бала көнбейді. Шырқырап жылағанда аяқ-қолға тұрмайды. Біраз уақыт өтті. Орнымнан тұрдым да, баланы қолыма алып, құйрығынан салып-салып, ұрып жібердім. «Ұйықта енді» деп ұрысып қоямын. Ұрғаннан ба, әлде жылап шаршады ма, бала ұйықтап қалды.
Таңертең қыздарым ерте тұрып, мектепке кетеді. Бірақ соның алдында, баланы түбекке (горшок) отырғызып, сосын төсегіне жатқызып кетеді. Күндегі әдеттері сол.
Бүгін де солай, баланы көтеріп, түбекке алып кетті. Мен көрпенің астында ояумын, көріп жатырмын. Бір кезде қызым «көке» деп шар ете қалды. Ойым «ана бала өліп қалған екен, қызым оны байқамай, көтеріп алған. Түбекке отырғызғанда ғана байқаған шығар» деп қоямын. Қызым қоймады шырылдап, көкелеп. Орнымнан асықпай тұрып, қастарына бардым. Кішкентай тірі, орындықта отыр. Қызым түбекті көрсетеді. Қарасам, жыбырлап жүрген, үлкенді-кішілі құрттар. Быжынап жүр. Кейде, аттарды сойғанда ішектерінен неше түрлі құрт шығар еді. Тап сондай. Өте көп, жыбырлаған жәндіктер.
Балаға қарасам, көңіл күйі жақсы. Содан бір аптаның ішінде, бала тіптен басқа түрге енді, ет жинап, беті қызарып, көзінің алдындағы қара дақтар кетіп, жатып алатын балам, жар жағалап жүріп кетті.
Міне, өркештің балаға тигізген әсері. Баланы өсірмей, жегенін тәніне жұқтырмай жүрген осы паразит құрттар екен. Соны түйенің өркеші айдап шықты ғой. Қазір, әне өледі, міне өліп қалады деп жүрген сол немере балам зіңгіттей азамат болды, 11-сыныпта оқиды, – деп атамыз әңгімесін аяқтады.
PS: Бұл әңгімені естіген біз де таң қалдық. Антипаразитарный деп неше түрлі таблетканы, басқа да сұйықтықтарды ауруларға ұсынып жатамыз. Ойламаған жерден атамыздың әңгімесі бізге тағы да бір емнің көзін ашып берді. Сіздер де біліп жүріңіздер: паразитке қарсы емнің бірі түйенің пісірген өркеші екенін.
Есенбай Ағаділов,
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!