Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тренинг һәм тренд

10.03.2022, 10:00 769

Қазіргі таңда әлемде түрлі сала бойынша семинар-тренингтер жиі өткізіліп жүр. Көбі осы мазмұндағы іс-шараға  қатысып,  белсенді  болуға тырысады.  Жастардың  дені  оқу  үрдісі де осы  форматта  өтсе,  тиімді  болар еді  деген  пікірді  де  айтып жүр. Бұған  себеп – еркін форматта өтіп қана қоймай, дискуссияның жаңа қалыпта өткізілуі. Міне, жақында ғана АҚШ жобасы елімізде өткізілді. Бұл Go Viral фестивалі креативті адамдар арасында идеялармен бөлісу және  мақсаттарына жету және олар үшін маңызды  мәселелерді  шешуге көмектесуге  бағытталған.

Мен де 100 адамның арасынан үздік отыздыққа еніп, бұл жобаның қатысушысы болдым. Жобаның ең негізгі факторы алғаш рет қазақ тілінде ұйымдастырылды. Шымкент қаласында тренинг өте жоғары қарқында өтті. Себебі медианың қыр-сырын төрт күнде спикерлер үйретуге тырысты. Және бұл тренинг практикамен де ұштасты. Мәселен, алғашқы күні мәтінді жазу мен тақырыпты дұрыс қоя білу бойынша болды. Оны постты 20 минутта, мақаланы 2 сағатта, кітапты 60 күнде жазатын журналист Жазира Байдалы түсіндірді. Оның айтуынша, инстаграм әлеуметтік желісіндегі аудиторияға қазақы әдеби сөзді қолданып, жазудың қажеті жоқ екенін алға тартты. Иә, бір минуттық видеоны толық көруге зығырданымыз қайнап кететін кез болатыны даусыз. Неғұрлым қысқа болса, соғұрлым оқырман да көбейетін заман екені рас. Сондықтан сайттың көбі ақпаратты қысқа да нұсқа қылып беруге машықтанған. Уақыт үнем болғаны дұрыс, алайда қазақ тілінің жағдайы мұндайдан ыдырап кетпей ме екен? Мақұл, бұны кейін талқылай жатармыз. Қазір әрі қарай тренингтің қызығын айта кетейік.

Тақырып шақырып тұру үшін нендей тәсілді қолданған жөн? Ең алдымен, өзіңді оқырман ретінде сезініп, оқығанда ұнады ма деген сауалды қойып, тақырыпты қойған дұрыс деп санаймын. Бұл туралы спикердің «микроскоп», «дүрбі» және «молекулаларға бөлу» әдістері бар екен. Мәтін қаңқасы жайында айтатын болсақ. Тақырыбы қойылды. Енді лидті  жақсы  бағытта  бастау  керек. Лид – бұл кіріспе. Яғни мәтінде не туралы айтылғанға аса мән беру немесе оқырман қызығатындай изюминкасын тауып жазу. Мақаланың толық оқылуы да лидке байланысты. Ал мәтіннің кез келген типтегі адамға түсінікті болу үшін арнайы «ридабилити» деген индекске жүктеу арқылы анықтауға болады. Жалпы, бұл күні айтылған мәселе көп болды. Егер тақырып қою бойынша бағыт-бағдар керек болса, «Джо Виталеның 30 тәсілі» мен «Виктор Швабтың 100 тәсілі» деген кітаптарын оқып көріңіз.

Екінші күн суретті дұрыс түсіруге арналды. Яғни мәтінге сурет арқылы жан беру. Спикер – режиссер, фотограф, Massaget.kz сайтының арт-директоры Ернар Алмабек. Суретке түсіргенде жіберілетін 5 қателік қисық көкжиек, план ауыстырмау, ракурс ауыстырмау, кадр тереңдігі, автомат режимі екен.

— «Золотой час» кезеңінде сурет сәтті шығады. Өйткені таң атқан уақытта керемет кадрларды алуға болады. Одан кейін «Великолепный час» деген бар. Ол уақытта көбіне силуэт пен пейзаж түсіру әлдеқайда жеңіл, — дейді Ернар Алмабек.

Келесі күні әртүрлі қып креативті видео түсірдік. Хромакейді қалтафонмен де түсіруге болады екен. Бір мақсатқа жету үшін көп шығынның қажеті жоқ. Тек қана қолда бардың қадірін біліп, тәуекел еткен дұрыс.  Мобилограф Әділ Амангельдиев Videoleap бағдарламасы арқылы монтаждауды, Lightroom бағдарламасымен суретті әрлеу бойынша тәжірибесімен бөлісті. Және дронның көмегімен видео туындыны түсірудің шет жағасын білдік. Соңғы шешуші күні SMM маманы Эльвира Қадірханқызы әлеуметтік желіні жүргізуге бағыттады.

Шырайлы Шымкентте өткен америкалық жоба жаһандық аренада алып мемлекеттермен бәсекелес болу үшін жан-жақты болу керектігін ұғындырды. Себебі бір сала бойынша бағытталсаң, алысқа бармайтының анық. Сол себепті жаңа дүниені үйренуден қашпау керек. Барлық адам бірдей мүмкіндікпен жаралған, «жұрттың баласының» істегені сенің де қолыңнан келері сөзсіз. Мұндай жобалар елімізде көп. Міне, әрдайым өмір ізденістен тұрады. Кеудеңде жаның тұрғанда, өзін ылғи да иығыңмен итермелеп отырмасаң болмайды екен… Еске сала кетейін, наурыз бен сәуір айында да мен қатысқан жобаның бірнеше бағытта іс-шарасы өткізіледі. Сондықтан достар, әрқашан жаңа дүниені үйренуге бейімдел.

Азамат АБИМОЛДА.

Қызылорда – Шымкент- Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: