Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі электр энергиясының тапшылығын сынға алып, жаңа генерациялық қуаттарды іске қосудағы проблемаларды атады. Мемлекет басшысы бұл қатарда Қызылорда, Түркістан, Алматы және Екібастұзды атап өтті, деп хабарлайды Halyqline.kz.
28 қазандағы Жолдауында Президент электр энергетикасын дамыту мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігіне тікелей әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, әлем электр энергиясына сұраныс күрт артқан кезеңге аяқ басты. Сондықтан Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел ретінде өзінің шикізаттық мүмкіндігін энергетикалық және технологиялық дамуға айналдыруы қажет.
Мемлекет басшысы елдің энергетика саласында жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемалар жеткілікті екенін атап өтті. Атап айтқанда, қыс мезгілінде электр энергиясы жетіспегендіктен Қазақстан көрші мемлекеттерден қуатты жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр. Ал жазда энергияны әлдеқайда төмен бағамен кері қайтарады.
— Қазіргі жағдайда электр энергиясымен қамтамасыз етілу әр мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің, тіпті экономикалық егемендігінің шешуші факторына айналды. Шын мәнінде, электр энергиясының дәуірі басталды. Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық дамуға айналдыру аса маңызды. Ашығын айтқанда, бұл салада мәселе өте көп. Бізде кәсіби энергетиктер санаулы ғана, есесіне энергетика мәселесіне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды өткізіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент энергетикалық тапшылық мәселесі ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, қыс мезгілінде жоғары бағамен электр қуатын сатып алып, жазда төмен бағамен қайтару тәжірибесі саланың жүйелі проблемаларын көрсетеді.
— Қазақстан энергетикасы жыл сайын елеулі тапшылыққа тап болады. Сондықтан қыста, тұтыну шарықтаған сәттерде көрші елдерден электр энергиясын қымбат бағамен сатып алады. Кейін жазда сол тауарды едәуір төмен бағамен кері қайтарады. Осындай қарапайым «бизнес» ондаған жыл бойы жалғасып келеді. Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе деп түсіндіреді, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев бұған дейін Балқашта жылу электр орталығының құрылысын аяқтау мүмкін болмағанын да еске салды. Сондай-ақ бірқатар өңірдегі жаңа электр қуаттарын іске қосу мерзімдерінің бұзылып жатқанын сынға алды.
— Сондықтан кезінде Балқашта басталып кеткен жылу электр орталығының құрылысын да тоқтатып тастағанына таңғалуға болмайды. Қазір де Түркістанда, Қызылордада, Алматыда және Екібастұзда генерациялық қуаттарды іске қосу жұмыстары кешеуілдеп жатыр, – деді Президент.
Қызылордадағы жағдайға қатысты ресми ақпараттарда айырмашылық бар. Облыс әкімдігі бұған дейін қаладағы қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығы іске қосылып, электр энергиясын өндіріп жатқанын хабарлаған. Энергетика министрлігінің тамыз айындағы мәліметіне сәйкес, жаңа станция іске қосылғаннан бері шамамен 500 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндірген.
Сондықтан Президенттің Жолдаудағы сыны Қызылордадағы нақты қай генерациялық қуаттардың іске қосылуына қатысты екені қосымша түсіндіруді қажет етеді. Өңірдегі жұмыс істеп тұрған станцияның өндірісі мен жобалардың толық аяқталу мерзімі бір мәселе болмауы мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!