1983 жылы Шевченко қаласындағы көпқабатты 17-үйдің 13-пәтері алдында учаскелік милиционер қандай шешім қабылдасам деп ойланып тұрды. Несібелі Нақыпова көршісінің үш күн бойы пәтерінен шықпаған соң, 02-ге телефон соққанын және осыдан бір ай бұрын күйеуі қайтыс болып, жүрегіне бірнәрсе болды ма деп қорыққанын айтқан соң, милиционер «домуправты» шақырып, пәтер есігін бұздыртып ішке кірді. Кірген бойда қолқаны сасық иіс жарып кеткендіктен бәрі де мұрнын саусағымен басып ішке кіргенде, залдағы люстра ілетін ілмешекте пәтер иесі асылып тұрды. Көршісі Несібелі бақырып жылап жіберді, не дегенмен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан болуы керек. Милиционер із кесушілерді шақырды. Олар келгенде стол үстінде қайтыс болған күйеуінің суретінің бұрышында қара мата тұрғандықтан, әлі де «қырық күн» болмағанын білді. О бастан тергеушілер әйелдің өз еркімен асылып өлмегенін білді. Біріншіден, асылып өлетін әйел ресторанға баратындай қымбат қызыл көйлек кимейді және боянбайды, екіншіден, көршісі Несібелінің айтуынша, люстра таза хрусталь болған, ол да жоқ болып шықты. Екі күннен кейін сараптама қорытындысы жорамалды растап шықты. Әйел денесінен жаны шықпас бұрын қатты мас болғанын және сол қолының тамырына күшті наркотик енгізгені анықталды. Қатты мас болған әйел, біріншіден, ауыр люстраны қалай шешіп алады және бетонға қағылған ілмешекке арқанды өзі ілгеннің өзінде тырнақ астынан арқанның түгі қалар еді ғой.
Сонымен өлген әйел ұлты украин Лариса Акименко болып шықты. Маңғышылақ жеріне салынған қала орны Ақтау деп аталса да, оған ешкім де мән бермей Шевченко деп атады. Себебі, ХІХ ғасырда украинның ұлы ақыны Тарас Шевченконы Ресей патшасы қазақтың жеріне жеті жылға жер аударған еді. Сондықтан қаланы Киев қаласының архитекторлары жобалады. Құрылысшылар да Украинадан шақырытылды. Кейін қала салынып болған соң басым бөлігі осы қалада қалып қойды. Неге қалмайды? Мұнай өндіретін жерде жалақы да жоғары, пәтер де кезексіз берілді. Лариса Акименконы көршілері «қара жесір» деп атап кеткен екен, себебі әр байға тиген соң күйеулері 1-2 айдан соң жандары «жаһанамға» кетіп отырған екен. Сондықтан жаңадан ашылған істі тергеушілер өз ара «қарақұрт махаббаты» деп атап кетті. Себебі, Маңғыстаудың аптапты ыстық күндерінде қарақұрттың шағуы өте қауіпті еді. Жыланның уынан 15 есе күшті болатын. Осы қарақұрт ұрғашысына шағылысқан еркегін ұрғашысы жібермей жеп қоятын. Төрт рет үйленіп, төртеуі де өліп отырғандықтан Ларисамен қарақұрт екеуі бір-біріне ұқсас еді. Лариса Акименко жетім болғандықтан балалар үйінде тәрбиеленді. Мектеп бітірген соң, қатар қыздары сияқты күйеуге шығып, балалы болуды ойлаған да жоқ. Есіл-дерті баю болды. Сондықтан жеңіл жүріске салынып, қалталы еркектер есебінен өмір сүрді. Лариса еш жерде жұмыс істемесе де, пәтері қымбат дүние мүлікке толы болып шықты, мұндай үйде алтын мен қымбат тасты әшекей бұйымдар мен ақша болатыны белгілі ғой. Бірақ оларды қылмыскер іздесе, астан-кестенін шығарар еді ғой. Не де болса жақын танысы болуы мүмкін деп тергеушілер топшылады.
Лариса Акименко француз жазушысы О.Бальзак суреттегендей жасы 30-35-тегі етегінің желі бар, жеңіл мінезді, жеңіл жүріске салынған қатын екені анықталды және қайтыс болған төрт күйеуі де ауқатты бай болғанын білді. Осы жерде тағы да көрші құрбысы Несібелі Нақыпова көмектесті, бірінші күйеуі Бексұлтан Бегімбаевтың баласы Русланның Ларисаны «буындырып өлтіремін» дегенін естігенін айтады. Осы кезде базарда хрусталь люстараны сатып тұрған саудагер де табылды. Оның айтуынша, люстраны жас қазақ жігіті арзан бағаға сатып кеткенін айтты. Күдікті ретінде Руслан Бегімбаевты тергеуге алады. Русланның фотосын көрсеткенде люстраны сатып тұрған сәудагер бірден ол емес деді. Бексұлтан Бегімбаев қара жұмысшы болса да, аңшылықты кәсіп еткендіктен бай-ауқатты тұрғаны анықталды. Әйелі қайтыс болғанда қолында ұлы Русланнан басқа екі қызы қалған екен. Балаларының болашағын ойлап атып алған киік, шошқаларын өткізіп, ақшасын балаларын оқытамын деп жинап жүрген. Бірақ ол ақшаны «Сберкассаға» емес үйінің еденінің астында сақтаған. Бексұлтан қырыққа да жетпегендіктен әйелсіз тұра алмайтыны белгілі, белін суыту үшін ресторанға барғанда, бар орындығында коктейль ішіп отырған Ларисамен танысады. Басы бос екенін біліп екеуі үйленгенмен, бар тіршілігі ауылда болғасын, үйін сатып көшіп келмейтінін айтқан соң, екеуі жиі ұрысып жүреді. Бір демалыста балалары нағашыларының үйіне кеткенде, екеуі үйінде қалып Бексұлтан мылтығын тазалап отырғанда атылып кеткенде оқ басына тиіп, тіл тартпай кетеді. Еден астына жинаған ақша да жоқ болып шығады. Ал мектеп бітіретін баласы Русланның бірден әкесінің өліміне Лариса Акименко кінәлі деген сөзі есепке алынбай. Бексұлтан Бегімбаевтың өлімі туралы қозғалған іс «бақытсыз жағдайда болғандеп жабылып қалады. Руслан Бегімбаев Ларисаның үйіне барып «әкемінің өліміне сенің қатысың бар. Мен қара жұмыс істермін, бірақ екі қызымды оқытамын деп жинаған әкемнің ақшасының тең жартысын екі қарындасыма қайтар» дегенде, Лариса: «ешқандай да ақшаны білмеймін» деп пәтерінен шығарып жіберіп жатқанда: «әкем өз ажалынан өлген жоқ, сені буындырып өлтіремін» деген сөзін көршісі Несібелі Нақыпова естіген болып шықты. Тергеушілер 17 жастағы Русланның сөзі дұрыс екенін сезіп босатып жібереді. Себебі, үшінші күйеуінің әйелінің хатына байланысты сол әйелді тергеушілер «разработкаға» алған болатын. Айтпақшы, Ларисаның екінші күйеуі туралы айтпаппын ғой.
Каспий теңізінің суы тұзды болғандықтан, Шевченко қаласымен қатар 1962 жылы теңіз суын тұшытатын және қалаға жылу мен жарық беру үшін АЭС салынған болатын. Осы атом электр станциясындағы автопарк директоры Марат Хамзин басы бос еркек еді. Ол да белін суыту үшін ресторанға жиі барып жүріп, жалғыз отырған сұлу келіншек Лариса Акименкомен танысып үйленеді. Ол да бір айдан кейін жүректен қайтыс болып кең пәтері, жеке автокөлігі мен «Сберкассасындағы» ақшасының мұрагері болып қалады. Үшінші күйеуі Батырхан Кубенов Каспий теңізінде итбалық мен балық аулаушы еді, сонымен қатар бос уақытында броконьер ретінде заңсыз бекіре балығын аулап тұрақты табыс оған орасан зор ақша әкелді. Әсіресе ол кезде бекіренің қара уылдырығы оған орасан табыс әкелді. Сондай-ақ итбалық майы медицина мен косметикада қолданғандықтан базарда тез өтіп, үнемі сұранысқа ие болатын. Қалтасындағы мол ақша «санын қыздырғандықтан» Батырхан да кешке ресторанға барып, түнгі көбелектермен көңіл көтеріп жүргенде, жалғыз өзі аяқтарын айқастырып жіберіп коктейль ішіп отырған қызыл көйлекті Ларисамен танысады. Бірден төсекке тартпақшы болған Батырханның қолын қағып, «мен күйеуім қайтыс болған жесірмін, тек күйеуге шығатын еркекпен ғана танысамын» дегесін, сұлу қатынның жүзінен басы айналған Батырхан «маған тұрмысқа шық» деп ұсыныс айтады. Ол үшін әйелімен заңды түрде ажырасып, төрт бөлмелі кең пәтер сатып алып беріп, ішін дүние мүлік пен қымбат жиһазға толтырады. Бірақ бір ай бірге тұрғасын Батырхан Кубеновтың броконьерлік бизнесі құрықталып, тұтқынға алынып, СИЗО-ға қамалды. Сол жерде камерадағы қылмыскерлермен керісіп төбелескенде, біреуі «заточканы» өкпесіне сұғып алады, қан көп кеткендіктен түрменің медпунктінде өліп кетеді. Лариса болса кең пәтер мен мол ақшасының иесі болып алады. Осы Батырхан Кубеновтың әйелі Раушан Ларисаға жазған хатында: «менің күйеуімді отбасынан ажыратып алғанымен тұрмай, ОБХСС-ке сен ұстап бердің. Сені жауапқа тарту керек. Мен сен қатынды соттатпай тынбаймын» деген хаты тергеушілердің қолына Ларисаның почтасы арқылы түскен болатын. Шындығында Батырханды ОБХСС-ке ұстатып жіберген Лариса Акименко еді, бірақ ол өлді ғой. Тергеушілер Раушан Кубенованың үйін тінту жүргізгенде Ларисаның фотосы мен сары шашы табылады. Сол кезде Раушан амалсыз бар шындықты айтуға мәжбүр болады: «менің күйеуімнің өліміне Ларисаның тікелей қатысы бар дегеніме милициядағылар сенбей іс жабылып қалғасын, одан өзімше кек алмақшы болдым. Орыстың тәуіп кемпіріне барып, Ларисаны өлтіретіндей дуа оқытып беруін сұрағанда, тәуіп кемпір дуалау үшін маған Ларисаның шашы және фотосы керек деп сұратып алдырды. Кемпір дуа оқып берем дегенше, Ларисаның өзі асылып өліп қалды. Мына фотоны мен шашты лақтырып тастаймын деп жүргенмен ұмытып кетіппін. Оны осы тұрғанда сіздер тауып алдыңыздар. Ал, шаш пен фотоны маған Ларисаның көршісі Несібелі Нақыпова 50 сом берсең үйінен алып берем деді, шашты екеуі шаштаразға барғанда білдіртпей алғаны үшін бағасын 100 сомға көтергесін, оны да тауып бердім. Ол ақшаға қатты мұқтаж еді, себебі, баласы Ерлан есірткіге тәуелді болғасын емдетуге керек екенін айтқан болатын.
Сөйтіп, Несібелінің сыртынан бақылау (наружка) орнатты, оның бір ісі күдік туғызды, күнде таңертең вокзалға барып, сол жақтан жұмысқа баратын әдеті түсініксіз болғандықтан, «наружканы» жүргізе берді. Тергеушілерге тағы да Ларисаның көршісі Несібелі өз көмегін ұсынды. Несібелінің айтуынша, төртінші күйеуі Хасан Әлиевтың інісі Надирмен қарым-қатынасы дұрыс болмай үнемі жанжалдасып тұратынын айтқасын, разработкаға осы Надир Әлиевті алды. Хасан бастапқыда буфетте істейтін Несібелімен танысып жүре бастағанда, оңаша кездеспекші болып үйіне шақырады. Алайда, романтикалық кеш болмай қалды. Көршісі Лариса Несібелінің үйіне тұз сұрай келгенде, Хасан Ларисаны көріп ынтазар болып қалады, осылайша Несібелінің мұрнының астынан Хасанды алып кетеді. Бүкіл зауытты тауармен қамтамасыз ететін мекемені басқаратын Хасан мен Ларисаның арасындағы қарым-қатынас үйленумен тынады. Бірақ, бір айдан кейін түскі асқа Лариса қуырылған кортопқа маринадталған саңырауқұлақты қосып береді. Екі сағаттан кейін Хасанның асқазаны ауырып ауруханаға түскенмен кешке қарай қайтыс болады. Тергеу барысында Хасанның маринадталған саңырауқұлақтан уланғаны, оны базардан сатып алғаны белгілі болды. «Түскі асты өзіңіз неге жемедіңіз?» деген сұраққа «созылмалы гастритпен ауырғандықтан қуырылған тамақ жеуге болмайды» деген соң, іс тағы да жабылып қалды да, жесірі ретінде кең әрі үлкен жер үйі мен автокөлігіне ие болып қалды. Бұл некеге Хасанның әке-шешесі мен інісі Надир қарсы болғандықтан, араларында жанжал болып тұрғаны болмаса, оны өлтірмегенін нақты айғақпен өзін ақтап алады. Бұл кезде Несібелінің наркоман ұлы Ерланның фотосын люстра сатып тұрған сатушыға көрсеткенде бірден осыдан сатып алдым деді.
Тергеушілер Несібелінің үйіне сау етіп кіргенде ол бірден түсінді, өз еркімен жауап бере бастады. Болашақ күйеуім болады деп жүрген жігітіне аяғы ауыр екенін айтқанда ол із-түссіз жоқ болып кеткен екен. Баласы бір жарым жасқа толғасын бөбекжайға беріп өзі жұмысқа тұрды, баласына қарауға да уақыты болған жоқ. Бақылаусыз өскен ұлы Ерлан ауладағы бұзақы балалармен жүргендіктен бастапқыда темекі шекті, сосын ішімдікке үйір болды, сосын инеге отырды. Есірткіге тәуелді баласы үйдегі заттарды сата бастады, балконға тығып тастаған люстраны да арзан бағаға сатып жіберген еді. Осындай күйзелісте жүргенде ауқатты әзербайжан Хасанмен танысып, оны тағдырдың өзіне күліп қарағаны деп үйіне шақырғанда, ойда жоқта тұз сұрап келіп ортаға киліккен Лариса оны да өзіне қаратып алып, АХАЖ-ға барып некеге тұрып алғанын естігенде, іштей кек алуға көшті. Кешкісін үш бөтелке «Портвейн» алып барғанда, Лариса ресторанға бармақшы болып қызыл көйлегін киіп, боянып алып шығайын деп жатыр екен. Сол кезде Несібелі «саған мұңымды шағып бір жеңілденіп қалайын деп едім. Сен болсаң менен ресторанды артық көріп тұрсың, мен сені жақын құрбым деп жүрсем» деген соң амалсыз бармай қалады. Екеуі ортаға портвейнді қойып, сырласа бастайды. Үшінші бөтелкені тауыспай-ақ Лариса мас болып қалады. Несібелі төсегіне жатқызып, баласының наркотик ампуласының үш еселенген дозасын тамырына бірден егеді. Сосын төбедегі люстарны алып, арқан тұзағын мойнына салып болып кетейін деп жатқанда, қымбат хрусталь люстраны қимай алып кетеді. Оны ұлы Ерлан ампулаға ақшаға таба алмағасын өте арзанға сатып жібереді. Ларисаның үйінде жиі болып тұрғандықтан Несібелі құрбысының ақшалары мен алтын бұйымдарын қайда сақтайтынын білгендіктен, оны табу қиындық туғызбады. Наружка орнатқандықтан ұрлаған заттарды вокзалдағы 15 тиын төлеп бір тәулікке автокамераға сақтағаны белгілі еді, күнде таңертең жұмысқа бара жатып 15 тиын салып ұзартып отырған еді, үйде сақтауға қорықты, нашақор ұлы Ерлан бәрібір тауып алатын еді. Автокамерадан 20000 сом және аса ірі көлемде алтын мен бриллиант бұйымдар шықты. Тергеу барысында Ларисаны өлтірген себебі, нашақор ұлын емдетіп, ауылдық жерден үй сатып алып, тыныш өмір сүргісі келгенін айтты. Сот Несібелі Нақыповаға 15 жыл беріп, ұлы Ерланды нашақорлықтан күштеп емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.
Бақытжан Абдул-ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы, журналист-дайджест.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!