Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТӨЛБАСЫ

18.03.2020, 14:54 868

Бұл – біздің үйдегі биылғы төлдің басы, ауыз екі тілде «орыс ешкінің» лағы. Бұйрабастың анасының меймілдетіп шелектің бетін сипай алатын сүті бола қоймас, бірақ иммунитетті сәл де болса көтеруге себі тиіп қалатындай.

Бүгінгі таңда бірқатар жұмыс орындары қызметкерлерін еңбек демалыстарына шығарып, жұмыс күнін қысқартып дегендей шаруалар жасап жатыр. Оның үстіне мектеп жасындағы балалар да, студент жастар да негізінен үйлерінде.

Азық-түлік, жеміс-жидектен адам организмі күш алатыны секілді, реті келіп тұрғанда рухани жағынан да имунитетті күшейтіп алсаңыздар құба-құп.

Классикалық музыка тыңдап, балетті талдап берем деп айта алмаймын, дегенмен қызығушылық танытып жатқандар болса кітап пен кино әлемін көкорай белді көлбей шабатын көк дөнен секілді қысқа ғана бір шолып өтсем…

Кітап дегеннен шығады. Алтыншы-жетінші оқып жүрген кезіміз болу керек, класс жетекшіміз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жалғасбаева Шырынкүл апай кабинеттен кітап бұрышын жасақтады да «ал осы жерді кітаппен толтырайық, қызыққандарың алып оқып тұрарсыңдар» деп ұсыныс тастады. Содан бір топ бала шауып вокзал жанындағы «Союзпечаттың» киоскісіне бардық. Сатылымда Даниэл Дефоның «Робинзон Крузосы» мен Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны» ғана екен. Нәтижесі белгілі, біздің бұрышымыздың кітап қорының басым бөлігін осы екі кітап құрады ғой, ал да оқи бер. Желкенін жел керген ақшаңқан кемелерді тек кинодан көргесін бе, жас капитанның бастан кешкендері жадымда жатталып қалмапты, оның есесіне Робинзон мен Жұманың қасында бала қиялмен біз де болдық-ау осы. Қорғанын салысып, қысқы азығына жүзімін жинасып, ешкілерін бағысып, ағаштан жонып кеме жасасып дегендей… Кластың он тоғыз ұлы мен он алты қызы жабылып жүріп жиырма сегіз жыл үш ай он тоғыз күн дегенде еліне жеткіздік-ау.

Он екі, он бес жастағы жеткіншектердің бұл кітаптар бүгінгі күні де қызығушылығын оятар бәлкім, көріңіз. Мүмкін оқыған кітабына сыйлық тағайындарсыз, қалай болғанда да балаңыздың кітап оқуға қызығушылығын оятуды педсоветте айтатындай шеберлігіңіз біледі.

Ал енді ержеткен, бойжеткендерге сөзсіз Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» сұралып тұрғандай. Айта кетейін, аталмыш роман екеуміз құрдаспыз.

Ал енді жиырмадан асқандар Александр Дюманың қиялы мен қаламынан шыққан «Граф Монте Кристосына», аббат Фариа мен Эдмон Дантестің әлеміне қош келдіңіздер. Пендең де, періштең де, патшаң да, пақырың да осының ішінде… Бір сандық алтын, әшекейімен деп қойсам, жарнамасы қатып кетеді-ау осы…

Кітаптан киноға ауыссақ. Қытай, АҚШ, Канада бірігіп түсірген «Разрисованная вуаль» фильміне назар салыңыз. Жүз жыл бұрынғы Қытай. «Апокалипсистің төрт аттысы» картинасындағыдай жұқпалы оба мен соғыс, аштық пен өлім арасындағы жас жұбайлар…

Ал енді Геродотқа бір бүйрегіңіз бұрып тұрса, Стивен Спилбергтің «Список Шиндлера» фильмін тауып алыңыз. Талай теперішті көрген еврей халқы. Екінші дүниежүзілік соғыс. Дегенмен фильм соғыс пен өлім емес, өмір мен ұмтылыс туралы. Бір адамның өмірін сақтаған, әлемді сақтайды…

Өзіңіздің де, жақындарыңыздың да өмірлеріне жауапкершілікпен қараңыз. Ойлы оқылым, қызықты көрсетілім болсын!

Сәбит  КӨШЕРБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: