Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілсіз жаудан келер қауіптің алдын алу маңызды

15.04.2025, 15:52 134

Бүгін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте өртке қауіпті маусымға дайындық барысы және су тасқыны жағдайы туралы мәселелер қаралып, бірқатар олқылықтар назарға алынған болатын. Осыған сәйкес аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан аумағында атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды.

Айталық, 2025 жылдың І тоқсанында аудан аумағында барлығы 12 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 есеге көбейген. Өрт салдарынан жарақат алғандар да бар. Аудан әкімі тілсіз жаудың алдын-алу бағытында әрбір жағдайға жауапкершілікпен қарап, тиісті жұмыстарды қазірден қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар орман және дала өрттерін болдырмау керектігін жеткізіп, жауаптыларға қауіпті аумақтарға минералды жолақтарды жаңғырту жұмыстарын толық әрі сапалы жүргізуді тапсырды.

Аудан аумағында шаруа қожалықтардың егістіктер мен жайылымдарда және шабындықтарда құрғақ шөптерді өртеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілу керек. Бұл бағытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп жұмыс жасау маңызды. Мәселеге ауылдық округ әкімдері де бей-жай қарамауы тиіс.

Мәжілісте көтерілген кезекті мәселе су тасқыны жағдайы туралы болды. Биыл Кіші Аралға түскен судың көлемі айтарлықтай ұлғайғаны байқалады. 2024 жылдың вегетация кезеңінде Кіші Арал теңізіне түскен судың көлемі де едәуір ұлғайды. 2022 жылдың қазан айында Кіші Арал теңізінің су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 40,42 метрді құрап, су көлемі 18,5 млрд. текше метрге азайған болатын. Қазіргі таңда, су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 41,13 метрді құрап, теңіздегі су көлемі 22,3 млрд. текше метрге дейін көбейді. Бұл мәселеге байыпты көзқарас танытқан аудан әкімі аудан аумағындағы жайылымдық жерлердің сулану деңгейін де тілге тиек етті.

«Биыл Сырдария өзенімен келетін су көлемінің мол болуы және «Аспай» су ағытқысының көмегімен Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесі толықтай су алды. Әрине мол суды береке дейміз, бірақ екінші жағынан тілсіз жау екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан мол судан келетін қауіптің болу ықтималдығын ескере отырып, тиісті мамандарға жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын», – деді Аманжол Сақыпұлы.

Жиын соңында аудан басшысы жер жырту жұмыстарына қысқаша тоқталып, бұл мәселеде шаруа қожалықтарына тиісті көмекті үйлестіру үшін арнайы техникалардың мүмкіндіктерін пайдалану керектігін атап өтті.

Арал аудан әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: