…Алдымда Арал теңізінің 1957 жылы сол замандағы одақ астанасы Мәскеуде басылып шыққан дастарқандай кең, етек-жеңі далиған, бүктей-бүктей сілікпесі шыққан ескі атлас картасы. О кездері ақжал толқындары жағалауды ұрып жатқан алып айдынның қазір күш-қуаты қайтып, жүз шақырымдай кешегі қайтқан табанын Кіші Арал суы үсті-үстін шайып жатыр…
Картаға үңіліп осы теңіздің о шеті мен бұ шетіндегі жүз шақты аралшықты саусағымның ұшымен жағалап іздеп отырмын. Міне, «Орыс қамыс»… «Мекалай» (дұрысы «Николай»)… «Тайлақ жеген» аралшықтары иненің жасуындай кішкентай нүктелермен белгіленіпті. Бір кезде «Көкарал» аралшығын тауып алып, бір мая шөпке түскен инесін іздеген адамдай көзімді айырмай тінтіп, бұрынғы «Ауан» (қазір ол жердегі ел көшіп, қаңырап қалған) елді мекенінің тұсына келдім. Бұл – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінің бұрынғы білікті ұстазы, қазақ қаламгерлерінің талайына дәріс берген, қиялгер жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың кіндік қаны тамған ата жұрты. Онан әріде Ақбасты… Онан әріде бір шеті Ақтөбе облысына ұласқан, Ұлықұм, Кішіқұмға кірігіп кеткен Құланды түбегі. Бұл енді әлемге әйгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеге кеп, сол дүние-ғаламды атақты «Күткен күн», «Қан мен тер» трилогиясы, «Сең», «Соңғы парыз» атты сүбелі дүниелерімен дүрілдеткен кішкентай ауыл.
Тірі болғанда сексен бес жасқа толатын журналист-жазушы марқұм Айжарық Сәдібекұлының балалық іздері де көк теңіздің ортасындағы Көкарал аралшығының алқаракөк айдынына тұмсығын тығып жатқан «Қармыс» атты кішкентай балықшылар ауылында әлі күнге сайрап жатыр. Осы елді мекенде 1939 жылғы 17 желтоқсанда байырғы балықшы Сәдібектің отбасында дүниеге келген шекесі торсықтай ұлға шілдеханаға жиналған кішкентай ауылдың үлкен кісілері Сыражадин есімін еншілепті. Алайда екі-үш күн жолаушылап кетіп ауылға келген әкесінің ағасы Сәндібекке бұл ат ұнай қоймайды. Үлкендерді дастарқан басына қайта жинап, «Ау, бұл бала Ай туып, айнала жап-жарық болып тұрғанда дүние есігін ашқан жоқ па? Сондықтан аты Айжарық болсын» деп жөргегінде жатқан сәбидің құлағына үш қайтара «Сенің атың Айжарық» деп айғайлапты.
Сол Айжарық ауылда жеті жылдықты, Ауанда орта мектепті ойдағыдай тамамдап, Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) филология факультетіне оқуға түседі. Бұл саланы таңдауда оған классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың алғашқы «Күткен күн» романы кәдімгідей бағыт-бағдар берген сияқты. Өйткені сонау қырығыншы жылдардың соңына қарай кішкентай ауылдың үлкен-кішісі Сәдібек қарттың қоржын тамына кеш түсе жиналып, бала Айжарықтың дауыстап оқыған жазушының аталмыш шығармасындағы Есей, Баян есімді кейіпкерлерін біразға дейін естеріне түсіре алмай, бастарын қатырып отыратын. Жетілік шамның жартымсыз жарығымен кітап оқып жатқан бала Айжарықты кідіртіп қойып: «Әй, бұл төңіректе Есей атты жігіт, Баян есімді қыз-келіншек жоқ сияқты еді ғой. Сонда бұл кім болды екен?» деп бір-біріне сұраулы жүзбен қарап, теңіз ортасындағы аралшықта отырған ауылдардың адамдарын ойша сүзіп шығушы еді. Бұл көркем шығарманың кейіпкерлері екенін «аһ» десе көмейінен жүрегі көрінетін, аңқылдағанда алдына жан салмайтын ақкөңіл ауыл адамдары қайдан білсін.
Сөйтіп отырғанда бала Айжарықтың кірпіктері айқасып, көздері жұмылып, қалың ұйқыға шомып кететін еді-ау. Сол адамдар, сол «Курляндия» (Айжарық ержете келе бұл кітап «Күткен күн» деген атпен қайта жарық көрген еді) романын қара көлеңке шамның түбінде елуінші жылдары ентелей тыңдаған көпшілік «Көкаралдан», «Қармыстан» ірге көтеріп, тұс-тұсқа қоныс аударғалы қай заман. Сол ағайындардың жер қайысқан малы бар, дәулеті бар біразы Айжарық ағамыз дүниеге келмей жатып кеңес үкіметінің заңы бойынша кейбірін жер аударып, кейбірі қысымға ұшырап, сонау Ресейге, Сібірге дейін жеткен болатын. Соның бірі Айжекеңнің бала кезінде ауылға келіпті. Жанында кішкентай қызы бар. Бірауыз қазақша білмейді. Болашақ қаламгер соларды көріп өскен болатын.
Сосын онжылдықты тамамдағаннан кейін ол Арал қаласына дейін кемемен теңіз дауылына ұрынып, әзер жеткен. Ол уақытта аудан орталығы Арал қаласына тек қана ұшан теңіз арқылы кемемен жүзіп жетуші еді. Кейінірек ғой «Ан-2» ұшағы қатынас құралы болғаны. Мектеп бітіріп, оқуға аттанған Айжекең де Көкаралдан көк түтіні будақтаған кемеге отырып көк теңізді көктей өтіп, Арал қаласына табаны тиген соң онан әрі пойызға мінген. Сонан қашан өзі дүниеден өткенше, мәңгілік мекеніне жеткенше Қызылорда қаласында өмір кешті. Алғашқы тырнақалды әдеби дүниелерінен бастап, осы күнге дейін жазған-сызғандары Сыр бойындағы осы қалада жазылып жарық көргенін жақсы білеміз.
Институт қабырғасында оқып жүрген әуелгі жылдары филолог ғалым, ұстаз, кейін жазушы болуды армандаған Айжарықтың қаламынан «Әлімнің әжесі» атты тұңғыш әңгімесі облыстық газетте 1962 жылы жарияланса, қоғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанбековтың «Жалынды жүрек» хикаяты туралы жазған рецензиясы да сол жылы «Қазақ әдебиеті» басылымында, ал «Асуда» атты алғашқы очеркі 1963 жылы өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде басылып, ұстаз болсам деген бағытынан айнып, қаламгерлік жолға түсуге біржола бел байлайды.
«Жазушы болу – өмір бойы жазу, іздену, оқу» дейтін еді-ау Айжекең. Оның алғашқы оқыған кітабы Әбдіжәміл ағамыздың «Курляндия» романы болса, сонан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», «Ұлпан», Сәбит Мұқановтың «Сырдария», «Ботагөз», Ғабиден Мұстафинның «Миллионер» романдарын, бертін келе қазақ прозасының қазіргі ақсақалдарына айналған, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінің қасиетті табалдырығынан имене аттаған Дулат Исабековтың, Мұхтар Мағауиннің, Сайын Мұратбековтің, Әбіш Кекілбаевтың, Қабдеш Жұмаділовтың, Қалихан Ысқақовтың, кезінде «Қазақтың Островскийі» атанған қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің, әдебиетке өзімен бірге келген Жақсылық Түменбаевтың, Тынымбай Нұрмағамбетовтың, Молдахмет Қаназдың, Адам Мекебаевтың, Қажығали Мұхамбетқалиевтің, Төлен Әбдіктің және басқаларының ілгері-кейінді жарық көрген шығармаларын жата-жастана оқыды және қолы қалт еткенде қайыра соғып оқып та жүрді.
Әдебиет те қоғаммен, адаммен бірге өсіп-өркендеп келеді. Орыс әдебиетінен әрідегі Лев Толстойдың, Антон Чеховтың, берідегі Василий Шукшиннің, Валентин Распутиннің, Виктор Астафьевтың, өзге де шетел әдебиетінен Эрнест Хэмуэнгейдің, Габриель Гарсиа Маркестің, Кафканың, Дефоның, Виктор Гюгоның төрткүл әлемге түгел аян болған біртуар әдеби дүниелерін көзі ұйқыға кеткенше кеміргені әлі есінде. Әсіресе Эрнест Хэмуэнгейдің «Шал мен теңізіне», Иван Буниннің теңіз табиғаты туралы әңгіме-хикаяттарына, қазақ әдебиетіндегі Әбу Сәрсенбаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Зейнолла Шүкіровтің, Әнес Сарайдың теңіз, оның жағалауындағы адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы жазғандарын қадағалап қайта-қайта оқитын. Бұл Айжекеңнің мінезіне сіңген мінсіз қасиеті десек те болады. Сондайда балықшы әкесінің қара қайығында ескекші болып еңбек жолын бастағаны еміс-еміс есіне түседі.
Сондайда ғой Көкарал аралшығының айналасындағы Қаратөс, Сарша, Өндір, Бозарал сияқты жер атауларының шоқтығы Айжарық үшін басқа жерлердің Жерұйық, Жиделібайсынынан анағұрлым артық болатын еді. Тіпті қызыл шұнақ аязды, ақ басқын боранды Аралдың қытымыр қысында көкше мұз мәрмәр тастай қатқан кезінде Аралдан Көкаралға, Көкаралдан Аралға үкімет жұмысымен жүргендер немесе ауқатты жолаушылар жарамды жылқы жегілген қашаубай шанамен қатынайтын. Екі ара әжептәуір жер. Бірақ жер апшысын қуырған ат шана азанда қаладан шыққан үстіндегі адамды кешкі күн қызылқұлақтана не ымырт үйіріле Көкаралға жеткізуші еді. Осы суреттер оқта-текте еске түссе жаны жас, қолы қаламнан бір сәт босамаған, шау тартса да шалдықпаған, шаршамаған ағамыздың жүрегіне мизам шуақ себезгілейтін еді көзі тірісінде.
«Менен жастары кіші болса да әдебиет ауылына ерте ат шалдырған, есімдері елге ерте танылған Тынымбай Нұрмағамбетов, Қуаныш Жиенбай, Смағұл Елубай, Сайлаубай Жұбатыров, Жақсылық Түменбаев, Мереке Құлекеновтердің жазған-сызғандарын қалт жібермей оқимын» дейтін еді Айжекең.
Өзі аттай алпыс жылдан бері ажырамай келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінің беттеріндегі әдебиет мәселелері жөніндегі мақалаларға орай кезінде тұрақты түрде ой-пікірін жазып атсалысқан, келе аға қаламгердің есімі журналист ретінде де қарт Қаратау мен айдынды Аралдың арасын жайлаған қалың елге етене таныс болатын. Алғашқы журналистік жолын Жалағаш, Қармақшы аудандық газеттерінен бастаған Айжекең 1971-1997 жылдардың аралығында Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басылымында аға тілші, бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі болып ұзақ уақыт қызмет атқарған. Жазушы әр жылдары жазған әдеби дүниелерінің басын зейнетке шыққан соң ғана құрап кітап етіп, оқырманына ұсына бастаған сыңайлы. Мысалы, қаламгердің тұңғыш кітабы «Көктемін күткен қызыл гүл» деген атпен алғаш баспа жүзін көрсе, 2002 жылы «Аққұмның ақ түндері», 2006 жылы «Ашық мұхитқа шыққан алып», 2009 жылы «Жұмыр жерде біз бармыз», 2011 жылы «Шұғыла шуағы», 2012 жылы «Дарияның тұмасынан жыр боратқан», 2013 жылдары «Парасат майданы», «Қараша үйдің келіні» тәрізді деректі және көркем әдеби дүниелері жарық көріпті. Олардың арасындағы шағын әңгімеден бастап көлемді хикаяттарына дейінгі баршасының оқырман оясынан шыққан сүбелі дүниелер екені даусыз. Ал, баспа тартпаларында уақытын күтіп жатқан әдеби қолжазбалары қаншама. Солардың қатарында «Өлім мен өмір» романын, «Теңіз жағалаған ел» хикаяттарын және басқа енді жарық көретін әдеби шығармаларын оқырмандары іздеп жүріп оқитын болады әлі.
«Жоғарыда айтқанымдай, менің алғашқы оқыған кітабым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романы болды ғой. Аудан орталығынан ауылдағы жалғыз дүкенге кітап деген жарықтық азық-түлікпен бірге жеткізілетін. Әлгі қалың кітапты дүкеннен әкем сатып әкеледі үйге. Жапа-тармағай сабақтан келе оқып жатырмын. Бұл менің 2-3-сыныпта оқитын кезім болса керек, – деп балалық шақтағы кітапқұмарлығын жазушы тағы бір мәрте осылайша есіне алатын. Сөйтіп отырып Айжекең: – Менің кіндік қаным теңіз суына тұмсығын тығып жатқан «Қармыс» деген кішкентай ауылда тамып, балдәурен балалық шағым ақ құмшықты осы жерде өтті деп әңгімемнің әу басында айтқан болармын. Ауылда «Қармыстың моласы» деген көне бейіт болатын. Сірә, ауылдың атын осыған байланысты қойған болса керек. Батыр адам болған десетін ауылдың үлкендері ауызы ертегі-аңызды аңқиып отырып тыңдайтын бізге. Қайдан білейік, ол кездері балықтан басқа ас жемеген, балықшыдан басқа адам көрмеген ауыл балаларына бәрі таңсық болушы еді ғой» деп артта қол бұлғап қалған алыс жылдарды ойша шолатын ол өмірінің соңғы кезеңдерінде.
Қаламгер – өзі өмір сүрген дәуірінің талғампаз тамыршысы, дауылпаз жыршысы. Қоғамымен бірге біте қайнасып, адамымен бірге ғұмыр кешеді. Оның әр шығармасы сол өзі тіршілігімен тұтас тұлғаға айналған ортаның сөзіне сөз қосады. Уәжіне құлақ тосады. Солай болуы тиіс. Солай болып та келеді.
Кешегі келмеске кеткен кеңестік кезеңнің, оның ішінде қазақтың көркемсөз зергерлері атанған Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», Сәбит Мұқановтың «Сырдария», Тахауи Ахтановтың «Боран», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Сең» сияқты шығармалары уақытпен үндескен шырайлы шығармалар болатын. Осы аттары аталып, түстері түгенделген романдарда сол тұстағы қоғам тынысы, қарапайым кенші мен малшының, диқан мен балықшының бейнелері бедерленген болатын. Адамды адам еткен еңбек деген тәмсіл адамзат баласымен бірге жасай беретін ұлы ұғым екені тасқа қашалып жазылғандай айдай ақиқат нәрсе.
Батыс әдебиетін білмеймін, әйтеуір қазақ әдебиеті қашаннан қарапайым еңбек адамдарының тұлғасын жырлауда, ұлы еңбекті насихаттауда ілгеріден қамшы салдырмай келе жатқаны оқырман қауымға аян. Осы орайда прозашы Айжарық Сәдібекұлының «Жазғы демалыста» атты шағын әңгімесі ойға оралады. Әңгіме желісі еңбекті, қарапайым ауылдың жас мұғалімдерінің еңбекке деген құлшынысын паш етуге құрылған. Оқиға да кеңестік кезеңдегі теңіз жағасындағы ауылда өрбиді. Ол кезеңде жоғары сынып оқушыларына жазғы демалысқа шыққан соң бір ай еңбек ету міндеттелетін. Тіпті мектепті тамамдаған түлек те бірер жыл еңбек тезінен өтіп, тәжірибе жинап дегендей, өмір сынағын бастан өткеріп барып жоғары оқу орнына құжат тапсыратын. Осы әңгіменің басты кейіпкерлері де – еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жастар. Ақыры олар жұмсақ кресло, жайлы қызмет, басшылық биік мансапқа қызықпай, ұлы еңбектен өз бақыттарын табады. Адам баласының нағыз бақыты деген де осы шығар.
Автордың «Ректор» атты әңгімесінде баяндалған Әлімхан Ермековты көрмесем де, Жеткерген Қанатбаев есімді ұстазды мен де жастау кезімде көрген болатынмын. Бойындағы ұшан-теңіз білімі мен ұлағатты білігіне қарамастан мейлінше қарапайым жан еді. Алматының жоғары оқу орнында оқып жүргенде Кеңес Одағының батыры, осы институттың ректоры Мәлік Ғабдуллиннің тікелей қамқорлығына бөленген студент. Арал теңізінің ортасындағы Көкарал ауылының түлегі, мектепті күміс медальмен тамамдаған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтың баласы.
Жазушы жоғарыдағы кейіпкерін мейлінше шынайы бейнелей білген және қарапайым тілде соғыстан кейінгі аш-аламан кезеңнің ащы шындығын аша білгендігімен тартымды. Жалпы, Айжарық Сәдібекұлы қазақ прозасында ауыл өмірін суреттеуде алдына қара салмаған Бейімбет Майлинмен үндес, соны ұстаз тұтқан қаламгер десем артық айтқандығым емес. Өйткені, әңгіме-хикаяттарының бәрі шынайы оқырманына езу тартқызатын тұстары, диалог құрудағы тапқырлығы айрықша көзге ұрып тұратын.
Біз біржолы есіктен еніп, табалдырықтан аттағанда «Ақбота» атты кезекті әңгімесін жазып жатқан жазушы ағамыздың соңғы бір жылда мерзімді басылымдарда «Жазғы демалыста», «Ректор» атты әңгімелерімен қатар «Теңіз тағдыры» атты Арал тағдырына байланысты көлемді проблемалық мақалалар тізбегі үзбей жарияланып, оларын бірсыпыра оқып шыққанбыз. Сол жолы жазушы «Жиен қыз» атты әңгімесін әдеби газет беттерінен асыға күтіп жүргенін де тілге тиек еткен еді.
Айжарық Сәдібекұлы баспасөз саласында қырық жылдан астам уақыт тер төкті. Қаламынан әр жылдары жарық көрген мақала-очерктерінің негізгі тақырыбы – Арал тағдыры, адам тағдыры. Тіпті кезінде, зейнеткерлікке жасы жеткенде де өзі атқарған, қалам тербеген республикалық «Сұхбат», «Түркістан» басылымдарының әр бетінде қаламгердің уақыт тынысын аңдатқан, осы өлкенің тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басқан проблемалық мақалалары, ойлы очерктері жиі-жиі жарияланғаны есімізде. Қаламгер жалғыз ғана оңаша ой ойлап, жазу-сызумен ғана шұғылданған жоқ. Аймаққа күрескер азамат жазушы ретінде де танылған тұлға. Қоғамдық өмірге де белсене атсалысып, адами қасиетін асқақтатқан болатын.
Ол сонау тоқсаныншы жылдарғы «Невада-Семей» антиядролық қозғалыстың Қызылорда облысындағы ұйымын алғашқы ұйымдастырушылардың алдыңғы сапында болды. Осы қозғалыстың мүшесі ретінде мерзімді басылымдарда батыл үн қосқан қаламгер. Қазақстан Журналистерінің VIII съезінің делегаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, Журналистер Одағының мақтау қағаздарымен 16 мәрте, 4 мәрте мемлекеттік медальдар мен жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттың марапаттарына, Елбасының Алғыс хатына ие болған белгілі қаламгер Айжарық Сәдібекұлы «Қызылорда облысының үздік журналисі», облыс әкімінің екі мәрте стипендианты, Арал ауданының Құрметті азаматы атанған жан еді.
Осы жылы тірі болғанда сексен бес деген биік таудың сеңгіріне сергек аттайтын журналист-жазушының өмірлік ұстанымы шынайы жазу, оқырман көңілінен шығатын көркем де шырайлы шығармалар туындату болатын. Осы мақсатта ол көзі тірісінде ерінбей-жалықпай еңбек етті. Ол әйгілі ақын, Фаризаның сырласы, мұңдасы, құрдасы болатын.
Айжекең сексен жасқа толғанда бір топ ізбасар інілері шашбауын көтеріп туған ауданының орталығы – Арал қаласында, одан әрі кіндік қаны тамған Көкаралды көктей өтіп, Ақбасты елді мекеніндегі №22 орта мектептегі оқырмандарымен кездесуінде бірге жүрдік. Осы білім ұясында Айжарық Сәдібекұлы атындағы кабинеттің ашылуы сол жолы салтанатты жағдайда өткен еді. Алдағы уақытта Арал қаласындағы жаңа көшелердің бірі аралдық жерлестерінің арман-мақсатын асыл сөзбен айшықтаған жерлес қаламгердің есімін еншілесе, нұр үстіне нұр болар еді.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,
Арал ауданының
Құрметті азаматы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!