Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тектіден тараған тұяқ еді…

19.12.2022, 9:10 674

HALYQLINE.KZ

Уақыт неткен жылдам. Әне-міне дегенше ұзақ жылдар бойы әулие, батыр Жанқожа бабамыздың Қызылқұмдағы мәңгілік мекенінде шырақшы болған Иманғали Сағадинұлы көкемнің өмірден озғанына да 40 күн болыпты. Иманғали көкеміздің бейнесі көпшіліктің жадында туралығымен, ерекше келбетімен сақталып қалғаны сөзсіз. «Жақсының аты өлмейді».

Мұнан көп жыл бұрын Иманғали көкеме еріп Жанқожа батыр бабамыздың бейітіне зираттап барған болатынмын. Жанымда сол кезде үшінші класта оқитын үлкен ұлым Қайыркелді бар. Киелі мекен маған қатты әсер етті. Есімі исі қазаққа мәлім даңқты, әулие Жанқожа батыр бабамның бейітінің басында тұрғанымды ойлағанда тұла бойым дірілдеп, жүрегім дүрсілдеп соқты. Батыр бабамыздың бейітінің қасында айнымас серігі болған Жақайым Қызылбас палуанның және сексеуілден қаланған жауынгер серіктерінің қорымдары бар екен. Қызылбас палуанның аса аумақты бейітін көргенде қайран қалдым. Иманғали көкемнен Қызылбас палуанның өте алып адам болғанын, ат көтере алмағандықтан түйеге мініп жүргенін естігенде таңданысым арта түсті. Иманғали көкем мүлде айбаттанып кетіпті. Онсыз да сұсты жүзі тіпті түнеріп, бетіне адам тура қарауға жасқанатындай аруақтанып алған. Батыр бабаның бейітін айналып жүріп әулие аруағына сыйынып, тәу еттік. Иманғали көкем зор дауысымен баба аруағына бағыштап құран оқыды.

Міне, ғажап! Менің көз алдыма батыр баба бейітінің қарсы бетіндегі биік төбенің басында көзінен от шашып, құйрығымен жер сабалаған қып-қызыл алып жолбарыс елестеп, құлағыма жер-көкті күңіренте кісінеген арғымақтың үні келгендей болды. Иманғали көкемнен рұқсат сұрап, батыр баба аруағына мен де құран бағыштадым. Іштей өзімнің, отбасымның, ел-жұртымның амандығын тіледім. Батыр бабамның аруағына сыйынып тұрып «Қасиетті әз баба! Өзіңіз жайлы дастан жазғым келеді. Рұқсат беріңіз!» деп жалындым. Сол күні батыр баба бейітінің аумағындағы тінеуханаға қонып шықтық. Ауылға қайтар алдында Иманғали көкем бәрімізді батыр баба бейітіне ерітіп апарып, тағы да баба рухына құран бағыштады. Үйге қиналмай аман-есен оралдық. Көп ұзамай «Жанқожа батыр» атты көлемді дастанның алғашқы бөлімін жаздым. Арада бір-жар жыл өткенде Иманғали көкем Жанқожа батыр бейітіне тағы да ерітіп апарды. Осы жолы да жанымда ұлым Қайыркелді болды. Киелі мекендегі бұрынғы көрініс қаз-қалпында қайталанды. Биік қырқада керілген қып-қызыл жолбарыстың алып бейнесі… Кісінеген арғымақтың үні…

Баба бейітін айналып жүріп тәу еттік. Иманғали көкемнен соң әулие бабамның рухына мен де құран бағыштадым. Батыр бабамның аруағынан «Жанқожа батыр» дастанын аяқтауға рұқсат сұрадым. Үйге келісімен дастанның келесі бөлімін жазуға кірістім. Осылайша «Жанқожа батыр» дастаны өмірге келді.

Иманғали көкем нағыз батырға тән алып тұлғасына сай кесек мінезді адам болатын. Көңіліне жақпаса кім болсаң да тура бетіңе айтады. Ертеректегі мына оқиғаны көпшілікпен бөліссем. Қызылорда қаласында өткен Қазалы күнінде аудан басшылары Иманғали көкеме Жанқожа бабамыздың тұтынған заттарын көрмеге апаруға өтініш жасайды. Көкем келіседі. Бабаның тұтынған заттарының арасында семсер, құран кітап, шақпақ тас бар екені білетіндерге мәлім. Көрмені аралап жүрген сол тұстағы облыстағы беделді басшы батыр бабадан мирас болған семсерді қолына алып, қынабынан жартылай суырыпты. Осы мезетте күтпеген көрініс болады. Мұны көрген Иманғали көкемнің қабағы жауар бұлттар түйіліп: «Қылышты неге қынынан суырасың? «Қынынан суырылған қылыш қан тілейді» дегенді білмеуші ме едің?», – деп ақырып жіберіпті. Қаһарлы дауыстан селк ете түскен әлгі басшы Иманғали көкемнен кешірім сұрап, қылышты орнына қойыпты. Бұл Иманғали көкемнің бойындағы бабадан ұрпаққа жалғасқан батырлық қасиетін аңғартады.

Иманғали Сағадинұлы 1938 жылы 1 шілдеде Арал ауданы, Ұялы аулында дүниеге келген. Жеңгеміз Шәпен Әлмұратова екеуі он бала тәрбиелеп өсірген. Иманғали Сағадинұлы еңбекке ерте араласып, Ұялыда балықшы болып жұмыс істеген. Иекеңнің қайраттылығы соншалықты сол кезде небары жетінші класты бітірген бала Иманғали жылымның бір басын өзі тартады екен. Ал, мұз оятын салмақты сүйменін (лом) естияр жігіттердің өзі пайдаланудан тартынады екен. Әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың бейітінде 35 жыл шырақшы болған. Еңбек ардагері медалінің иегері. Иманғали көкеміздің бойында емшілік қасиеті де бар екен. Иекеңнің емін алған науқастардың құлан таза айығып кеткендері де баршылық. Қазіргі таңда Жанқожа батыр бабамыздың бейітіндегі шырақшылықты ортаншы ұлы Еркін жалғастыруда. Иманғали Сағадинұлы 2022 жылы 14 қарашада 85 жасында өмірден озды. Иманғали көкеміздің қырық күндік асы 25 желтоқсанда Ғани Мұратбаев ауылы, Таскенов көшесі №50 үйде жергілікті уақытпен сағат 12:00-де болатынын ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжат, Иекеңнің көзін көргендер мен дәмдес болғандардың назарына саламыз.

Суретте:

Иманғали көке мен Шәпен апа;

Жанқожа баба бейітінің шырақшысы Иманғали Сағадинұлы мен жазушы Молдахмет Қаназ.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: