Сеніңіз, мейлі сенбеңіз, сансыз нан таппайтын дәуірдеміз. Сандырақтады демеңіз, цифрмен таң атырып, цифрмен кеш батырамыз. «Өмірдің өзі – есеп» деуші ме еді?! Дәл солай, алгоритм мен арифметиканың дәуірлеген тұсында тұрмысты тек жер жыртумен, мал бағумен өткіземін деу қисынсыз. Қараңыз, күніге емес, минутына миллиондап тапқандар маңдайы терлеп, күнге қақталып егін еккендер емес. ІТ салада жаңалық ашқандар, сандық әлемнің «егісін» егіп, «төрт түлігін» көбейткендер. ІТ көші АІ ауылына бағыт алды қазір. Мидың қатпарын тұрмыс алғышарттарымен шаршатпай, жасауы керек дүниені жасанды санаға сала салсаңыз, есебін де, жоспарын да, тәуекелі мен мүмкіндігін толық даярлап береді. Есеп қана емес, цифрлы зерде өлең де шығарады, ән айтып, би де билетеді. Осындай сәтте жарғақ құлағы жастыққа тимейтін журналистиканың да жырақ жүрмесі мәлім. Жуырда тынысы жазуға, сөйлеуге, ақпарат беруге негізделген саланың өкілдерін «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбымен «Astana Media Week» Елорда төріне жиды. Мақсат – жасанды интеллект мүмкіндіктерін журналистикаға енгізу, сандық төңкерістің игілігін көрсету.
Хош, көптен қалмайық, мүмкіндікті мүмкіндікке жалғайық деген ниетпен арқа төріне біз де ұмтылдық. Тәжірибе мен тәлім алудан қай тілші қағылыпты?! Әрі «Жетісу Медиа» құрылымының басшысы қаламды қару еткен тілшілердің қашанда қанатын қомдап жүреді, қолдап жүреді. Мұны да айтпай өтуге болмас. «Тойдың болғанынан боладысы» қызық деген. Алғашқы күннен жаңашылдыққа басталғандай. Әрбір жиын спикерлеріне тіке сұрақ қою жоқ. Арнайы Qr-код арқылы жолданады. Бұл – бұған дейін де жиындарда қолданылып жүрген әдіс, дегенмен сөйлеушінің сөзін бөлмеуге жасалған жағдай. Бірақ, «Ақиқат пікірталаста айшықталады» дегенді ұйымдастырушылар ұмытса керек. Мұндай жиындар қатысушы мен ақыл-ойымен бөлісуші арасындағы диалог нәтижесінде өтіп, тәжірибе алмасу үдерісінде өрбігені абзал.
Әлқисса, жиын орайластырғандай үш күнге созылды. 20-ға жуық пленарлық отырыс пен тәжірибе алаңы ұйымдастырылды. Алғашқы жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Хатты оқыған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов пікір алаңында жалған ақпаратпен күресте жасанды сана мүмкіндіктерінің аз, сандық технология әлі де бұл тұрғыда әлсіз екенін, бұқараның сеніміне селкеу түсірмеуде кәсіби журналистердің еңбегі зор екенін тілге тиек етті. Елімізде жасанды зерде мүмкіндіктерін пайдалану тұрғысында Заң жобасы Парламенттің қарауына берілгенін де атап өтті. Алғашқы жиында «Euronews» телеарнасының халықаралық тілшілері Боян Бркич пен Денис Локтье құнды пікірімен бөлісті. Д.Локтьенің сөзіне сенсек, жасанды интеллектінің қазіргі мүмкіндігі зор болғанымен, журналистиканы алмастыра алмайды. Былай айтқанда, журналист – тек ақпарат таратушы емес, оқиға орнындағы сезімді, «табиғатты» жеткізуші. Құр жеткізбейді, қалай болғанда да ішкі тебіренісін де білдіреді. Ал сандар мен есептерге жүгінетін компьютер сезімнен ада. Боян Бркич компьютерлік зердені жылдап ақпарат таратуға қолдануға болатынын, бірақ ондағы мәліметтерге бірнеше мәрте тексеріс жүргізу керегін жеткізді. АІ-дың өтірік дәлел мен дәйекке сүйенетінін, оның жұмыс істеу алгоритмі есепке негізделгенін, қойылған сауалға орай қорындағы ақпаратқа сәйкес жауап беретіні көп мінберде айтылып жүр. Қарашаш пен Жиреншенің ортасындағы «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген әңгіме есіңізде ме? Сол сықылды жасанды интеллект алыста болса жақын жолды таңдай ма, жақында болса алыс жолды таңдайды ма, жұмыс істеу алгоритміне әрі қойылған сауалға байланысты. Д.Локтьенің: «Жасанды интеллект желідегі жалған жаңалыққа өтірік ой қосып беретіні бар. Ал оны зерделемей тікелей таратса, журналист ретіндегі беделімізге зиян, оқырмандардың сеніміне селкеу түсіреміз», — деді. Мұндай ойды «Жетінші арна» телеарнасының бас директоры Илхам Ибрагимов те қуаттады. Айтуынша, жасанды зердедегі ақпараттың 20 пайызы жалған. «Егер сіз бір ақпаратты бірнеше АІ-дан сұрасаңыз, олар бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі мәлімет береді», — деп халықтың сенімін жоғалтпауда журналистердің рөлі зор екенін, жасанды сана көмекші құрал ғана екенін дәйектеді.
Келесі пленарлық отырыстың ауаны мемлекеттік һәм ұлттық мүддеге жұмыс істеу төңірегінде өрбіді. Жоғарыда айтқанымыздай, АІ-да сезім, мінез деген жоқ. Оны қолданушы – адам. Ал адам көмекші құралды жетекшіге айналдырмау, қолдану барысында әрбір қадамға ұлттық мүдде мен мемлекетшілік тұрғысынан қарау керегі сөз болды. «Atameken Business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов жасанды интеллектінің көмегін пайдаланғанда ойды сараптау қажеттігіне тоқталса, келесі жиындарда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, «Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім, Алматы қаласынан «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлылар тілшілердің жұмысындағы жасанды зердені пайдалану бойынша арнайы ереже қажет екенін, тіпті ережені еліміздің әрбір редакциясы бірлесіп жасақтау керегін алға тартты.
Мұндай форумдардың мақсаты – тәжірибе алаңына айналу. Айналдырып келгенде, келген жұрт іліп алар дүние іздейді. Дейтұрғанмен, бұл форумда жалқыдан гөрі жалпы тақырып көп қозғалды. Биология сабағындағы «Ит бар, иттің үстінде бит бар, биттің құрылысы мынадай» дегендей талқысыз, тек баяндау үрдісін қолданды. Мәселен, өңірден келген журналиске не пайдалы? «Мақала жазу, телеарнаға сюжет даярлау, газет дизайнын жасау, көгілдір экранға бағдарлама даярлау, оқырманға тұшымды ақпарат беру барысында АІ технологияларын қалай пайдалануға болады?» деген сауалға ешкім түсіндірме жүргізбеді. Өңірдегі журналистика туралы жақ ашылмағаны да қиын. «Барлық жол Римге апарады» дегенмен, өңірдегі журналистика ірі агломерациялардағыдай қажеттіліктің бәріне қол жеткізіп отырмағанын, «шектеулі мүмкіндігін», соған қарамастан қатардан қалмауға тырысып жатқанын сараптағандар да болмады. Жалпы, жасанды интеллектінің «жілігін шағып, майын тамызатын» ІТ мамандар неге шақырылмаған? «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» дегенді біз қашан ескерер екенбіз? АІ-дың неліктен 20 пайыз жалған сөйлейтінін, жасанды зердедегі қазақша ақпараттық қорды «жалған дәйексіз» толтыру, қоғамның жасанды сананы қолданудағы тәуекелдері мен қаупі турасындағы сұрақтарға «ІТ қасапшы» жауап бергені абзал-тын.
Форумның тақырыбы – «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы». Қазақ медиясы, қазақстандық басылымдар, оның үстіне аймақтардың басылымдары бұл миссиядан айныған емес. Айнымайды да. Әлеуметтік желіде «баспасөзге жазылудағы қиындықтар туралы, монополист мекеменің әрекеті турасында айтылса» деген ой болған. Форумда бой көрсеткен өңір-өңірдің басылымдарына басшылық қылып жүргендердің де «ай-қабы» сол болды. Бірақ, «бәлду-бәлду – бәрі өтірік» дегендей жақ ашылмады, сөз болмады. Бәлки, ұйымдастырушылар мен форум жетекшілерінде өңір басылымдарының «ұлтқа қызметіне» шүбәсі бар болар. Бірақ, сол басылымда жүргендер өз миссиясынан айнымайды. Біздің «Римдегілер» провинциялардағы ахуалды көзбен көрмей, көңілге түймейтінін жақсы түйсінеміз. Алайда, айдаладағы айқай жекенің «ойбайы» емесін, жартастағыдай жаңғырық шықпаса да, еліміздің түкпір-түкпіріндегі үміт күткен дауыс екенін естір құлақ болса деген тілек бар. Әйтпесе, форумда айтылған жаңашылдық пен ноу-хауды өңір журналистикасы өз қарым-қабілетінше пайдаланып, қанат қағып келеді.
Дастанбек САДЫҚ,
журналист.
Жетісу облысы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!