Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытайлық жасанды интеллект. DeepSeek Open AI-ға балама бола ала ма?

06.02.2025, 10:40 185

Жасанды интеллект саласы күн сайын жаңа жетістіктермен толығып, әлем назарын өзіне аудартуда. Солардың бірі – қытайлық DeepSeek, бұл – көпфункционалды нейрожеліге негізделген чат-бот. Көзіміз үйреніскен ChatGPT платформасынан аса ерекшелігі жоқ. Әдетінше ол күрделі сұрақтарға жауап беріп, мәтіндерді талдай алады, аудармалар да жасайды, сондай-ақ шығармашылық контент те ұсынады. Қолынан келмейтіні жоқ. Соңғы статистикаларға сүйенер болсақ, DeepSeek жоғарыда атап өткен OpenAI-дің ChatGPТ, Google-дің Gemini және Claude сияқты танымал ЖИ үлгілеріне бәсекелес ретінде өзінің жоғары мүмкіндікке ие екендігін көрсетті. Біз бұл мақаламызда жаңа ЖИ-дің технологиялар арасындағы қақтығыстағы феномендігі, сондай-ақ басқалардан несімен ерекшеленетіндігі туралы қаузаймыз. Сөз соңында бұл платформаның Қытай саясатына тікелей бағынатындығы туралы да атап өтіп, мысалдар келтіреміз.

DeepSeek-тің  танымалдығының артуы  таңғаларлық  емес. Мысалы,  2025   жылдың  қаңтар  айында DeepSeek қосымшасы AppStore дүкенінде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және БАӘ елдерінде көш бастап, танымалдылық шыңына жетті. Бұл жетістік компанияның инновациялық шешімдері  мен  өнімдерінің  сапасын  көрсетеді.

Алайда, DeepSeek-тің дамуы тек жетістіктермен шектелмейді. NewsGuard жүргізген аудит нәтижесінде DeepSeek-тің чат-боты 17% дәлдікке қол жеткізіп, батыстық бәсекелестерінен артта қалғаны анықталды. Чат-бот жалған ақпаратты 30% жағдайда қайталап, 53% жағдайда түсініксіз немесе пайдасыз жауаптар берген. Бұл жалпы 83% сәтсіздік көрсеткішін құрайды, бұл батыстық  бәсекелестерінің  орташа 62%  көрсеткішінен  әлдеқайда  жоғары.

DeepSeek  дегеніміз  не?

Жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекенің артып келе жатқаны жайлы айтып өттік. Мұндағы Қытайдың түпкі мақсаты халықты жаңа жасанды сананың көмегімен қамтамасыз ету емес, басқа да әлемдік алпауыт мемлекеттердің нарығына қол салып, өзін технологиялық держава ретінде мойындату секілді. Соңғы жылдары Қытай цифр­лық егемендікке ұмтылып, өз ЖИ экожүйесін қалыптастыруды басты мүдделерінің біріне айнал­дырды. Аталған платформа да – осы сөзімізге  дәлел.

DeepSeek – жай ғана нейрожелі емес, Қытайдың технологиялық дербестікке жасаған нық қадамы. Қытайдағы жасанды интеллектінің сұранысын қанағаттандыру үшін әзірленген. Әрине, әлемдегі ең үлкен интернет-қауымдастықтың бірі саналатын Қытайдың аталған индус­трияның  қажеттіліктеріне бейім­делуі – стратегиялық  шешім.

Бұл модельдің басты ерекшелігі – оның қытайлық дереккөздерге негіз­делуі. Егер GPT-4 жаһандық интернеттен ақпарат жинаса, DeepSeek Қытайдың ақпараттық кеңістігінен қуат алады. Мұның жақсы да, жаман да тұстары бар. Бір жағынан, бұл жүйе Қытайдағы пайдаланушылар үшін анағұрлым дәл, өзекті және реттел­ген ақпарат ұсына алады. Ал екінші жағынан, бұл шектеулі көз­қарас тудырып, белгілі бір тақы­рып­тарға  қатысты бейтараптықтан ауыт­қуы мүмкін. Бұл жайлы сәлден соң  толығырақ  тоқталамыз.

Бір қызығы, DeepSeek-тің пайда болуы OpenAI мен Google-ға бәсеке тудырудан бұрын, Қытайдың өз ішінде Baidu, Alibaba және Tencent секілді технологиялық алпауыттар арасында жарыс туғызды. Себебі бұл компа­ниялар да өздерінің ірі тілдік модельдерін дамытып, Қытайдың ЖИ нары­ғын  жаулап  алуды  діттеп  отыр.

Деректерге сүйенсек, Қытай жасанды  интеллектіге  қатысты  зерт­теулер бойынша АҚШ-ты басып озып, соңғы жылдары бұл салаға жылына 20 миллиард доллардан астам инвестиция құйып келеді. Бұл сенсация – Қытайдың ЖИ-ға жай ғана қызығушылық танытып қоймай, оны өз экономикасының басты драйверіне айналдырғысы келетінінің  белгісі.

OpenAI  мен  DeepSeek.  Жаһандық  екінші  қырғиқабақ  соғысы?

Тақырыпты тікелей түсініп, қос мемлекет бір-біріне ақпараттық соғыс жариялады деп қалмаңыздар. Алайда, екі ЖИ-дің бәсекелестігін бір кездері АҚШ пен Ресей арасындағы инновациялық, технологиялық тартысқа балауға келетін секілді. АҚШ пен Ресей секілді екі жүйенің де жұмыс істеуі, жалпы философиясы бір-бірімен қарама-қайшы. Сәйкесінше, әрқайсысы екі типаждағы клиенттерді  қамтып  отыр.

Жасанды интеллект саласы қазір алыптар айқасына айналған шахмат тақтасы іспетті. Бұл ойында әрбір жүріс маңызды, ал әрбір жаңа модельді қарсыласқа соққы немесе қорғаныс құралы деуге болады. Соңғы жылдары OpenAI осы тақтада үстемдік етіп келсе, Қытайдан шыққан DeepSeek мейлінше бұл тепе-­теңдікті бұзуға тырысуда. Бірақ бұл екі модель шынымен бір-біріне балама бола ала ма? Әлде олардың айыр­машылығы  жер  мен көктей ме?

OpenAI – атауы айтып тұрғандай, бастапқыда ашықтық қағидаты бойынша құрылған жоба. Дегенмен, коммерциялық мақсаттар күшейген сайын, компания өз модельдерінің кодын құпиялай бастады. GPT-4 сияқ­ты соңғы нұсқалар қара жәшікке айналып, оның нақты қалай жұмыс істейтінін тек ішкі мамандар ғана  біледі.

Ал DeepSeek басынан-ақ қатаң бақылау мен реттеудің аясында дамыды. Қытай билігінің ақпараттық саясатынан бөлек, бұл модель жергілікті контентке бағытталған. Ол қытай тіліндегі ақпаратты терең талдай алады, бірақ халықаралық деңгейдегі көпқырлы сұрақтарға келгенде шектеулері байқалып, сәл абдырап қалатыны бар. Ғылыми тілмен айтсақ, DeepSeek – локализация­ланған интел­лект, ал OpenAI – глобализацияланған  интеллект.

GPT-4-ті үлкен мұхитпен салыс­тырсақ, DeepSeek – белгілі бір аумақтағы көл тәрізді. OpenAI-дың тілдік моделі ағылшын тіліндегі дереккөздерге сүйеніп, Wikipedia, ғылыми мақалалар, форумдар, тіпті көркем әдебиеттен де ақпарат жинайды. Бұл оған жан-жақты білім мен түрлі салада терең жауап беру­ге  мүмкіндік  береді.

Ал DeepSeek, керісінше, Қытай интернетінің (қытайша «Ұлы Бранд­мауэр») сүзгісінен өткен контентпен ғана жұмыс істейді. Бұл оны Қытай аудито­риясы үшін анағұрлым дәл және тиімді құрал етеді, бірақ шетел­дік  дереккөздерге қол жеткізу мүм­кіндігін шектейді. Бұл тұрғыда DeepSeek жергілікті өзеннің ағысы­мен жүзе алатын керемет қайық болса, OpenAI  кез  келген  мұхитты кешіп өте  алатын  алып  кемеге  ұқсайды.

GPT-4-тің жауабы кейде тым ұзақ, күрделі әрі дипломатиялық болады. Ол этика мен саясатқа қатысты сұрақтарда сақтық танытып, бейтараптықты ұстануға тырысады. Мысалы, бір тақырыптың бір­неше қырын талдап, әртүрлі көзқарас­ты ұсынуы мүмкін. Ал DeepSeek, керісінше, нақты әрі қысқа жауап береді. Ол ақпаратты қытай мәдение­тінің контекстінде қарастырып, сол елдің идеологиясы мен құндылық­тарына сай жауап құрастырады. Бұл оны кейбір тақырыптарда тиімді етсе, басқа мәселелерде біржақты қылып  көрсетуі  мүмкін.

Неде болса, әлемдік деңгейдегі көпқырлы интеллект қалыптас­тыру тұрғысынан OpenAI – әлі де көшбасшы. Оның бейімделгіштігі, жаһандық ақпаратпен жұмыс істей алуы және инновациялық қабілеті DeepSeek-тің шеңберден шығып, халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік бермей отыр. Демек, бұл екі модель – бәсекелес емес, екі бөлек экожүйенің өнімі. Бірі – ғалам­дық интеллект, екіншісі – локал­дық интеллект. Екеуі бір бағытта дамып жатса да, екі түрлі әлемге қызмет етеді. Бірақ бұл жарыстың ең қызық­ты  кезеңі  әлі  алда  секілді.

DeepSeek  Қытайдағы  қазақтар  мен  ұйғырлар  жайлы  не  ойлайды?  Azattyq  эксперименті

Жақында ғана шыққан ЖИ-дің аздаған уақытта шу тудырып үлгер­генінің басқа да себебі бар. Ол – цензура. Кейбір тәжірибеге сүйенсек, жасанды сана Қытайдың өзге халықтарға қатысты ішкі саясатын мейлінше жасырып, сұрақтан жалтарып, объективті жауап беруден тартынады екен. Бұл жайлы жақында Azattyq тілшілері чат-боттың пікірін білгісі келу мақсатында бірер сұрақ қойған  екен.

Редакция өкілдері ең алдымен «Шыңжаңдағы жағдай қалай? Қытай үкіметі мұсылман халықтарын, соның ішінде ұйғырларды, қазақтар мен қырғыздарды қысымға алып отыр ма?» деген сұрағына чат-бот «Қытайдың басқа да аймақтарындағы секілді Шыңжаңда да барлық ұлт  өкілдерінің, соның ішінде ұйғыр­лар, қазақтар мен қырғыздардың да тең құқықтары мен мүмкіндіктері бар. Қытай Шыңжаңның экономикалық және әлеуметтік дамуына белсенді көңіл бөледі, халықтың өмір сапасын үздіксіз жақсартуға назар аударады, ұлтаралық бірлікті нығайтады, мәдени алмасу мен араласуға ықпал етеді» деген тармақпен жауап қатқан  екен.

Журналистер бас-аяғы үш сұрақ қойған. Екінші рет «Қытай үкіметі өзін сынағандарды, соның ішінде шетелдегі ұйғыр халқы өкілдерін қудалай ма?» деп сұраған. Ал сервис болса «Қытай үкіметі ұлттық бірлік пен әлеуметтік тұрақтылыққа ұмтылуда әрқашан заң мен халық­аралық құқық шеңберінде әрекет етеді»  дегендей  қайырған  екен.

Қазір Германияда тұратын, дүние­жүзілік Ұйғыр конгресінің көшбасшысы Долкун Иса былай дейді.

– Қытай маған терроризмге қатысы бар деген айып тақты, ал мен өмірімде тауық соймаған адаммын. Олар мені қудалау үшін [Интерполды] пайдаланды, режимді сынаған басқа азаматтардың да басындағы жағдай осы. Қытай билігі Қазақстанда немесе Орталық Азияда ғана емес, басқа  жерлерде  де  полицияның  құпия кеңсесін ашып қойды. Әлемнің 50 елінің 150 қаласында, соның ішінде Германия, Ұлыбритания мен АҚШ-та да бар. Мұны көптеген халықаралық зерттеу институты мен құқық қорғау  ұйымы  да  растап  отыр.

Қытай ЖИ-ді ел аумағынан тыс жерде де үгіт жүргізуге пайдаланады. Қытайдағы кез келген компания үкіметпен тізе қоса жұмыс істеуі керек. DeepSeek — бақылау құралы. Мәселен, ұйғырларға қарсы геноцид туралы сұрасаң, «батыстың пропагандасы» дейді, ал шын мәнінде Лондон­дағы  Ұйғыр  трибуналында  100  мың   беттен асатын дәлел бар, 11 елдің  парламенті  геноцид  деп  мойындап  отыр.

ТҮЙІН. Егер жасанды интеллект – жаңа дәуірдің қаруы десек, Қытай билігі оны бақылауға алғашқылардың бірі болып кіріскен мемлекеттердің қатарында. DeepSeek дәл қазір OpenAI-ды басып озбауы мүмкін, бірақ ол – Қытайдың жасанды  интеллектіні  қалай қолданатынының  көрінісі. Бұл бағытта Батыс пен Қытай екі түрлі жолмен келе жатыр. Бірі – ашықтықты сақтап, этика мен инновацияның тепе-теңдігін  іздесе, екіншісі – бақылауды барынша күшейтіп, технологияны саяси тұрақтылықтың бір тетігіне айналдыруда. Жасанды интеллектінің болашағы енді тек технологиялық даму емес, оның кімнің қолында болатынына да тәуелді. Егер AI демократиялық құндылықтардан алыстай берсе, онда біз тек интеллектуалды емес, идеологиялық  тоталитаризмнің де  жаңа  кезеңіне  аяқ басуымыз  мүмкін.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: