Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Инжинирингтік паркінің» іргетасы қаланды

24.03.2026, 19:15 60

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Инжинирингтік паркінің» іргетасын қалау рәсімі өтті, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, басталған іске сәттілік тіледі.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс» деп цифрландырудың басты міндеттерін орындауды тапсырды.

2023 жылы Қазақстандағы Корея Республикасы Бас Консулдығының ресми шақыртуымен облыстан арнайы делегация Оңтүстік Кореяға барған болатынбыз. Сапар барысында екіжақты кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылды. СеулТех университетімен білім, ғылым саласында тиімді байланыстар орнатылды.

Нәтижесінде сол жылы 6 қарашада Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп, жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізуге білікті кадрлар дайындау үшін Қорқыт Ата университетінде Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институты ашылды.

Бүгінде институтта 240 студент, оның 200-і бірлескен білім беру, 40-ы қосдипломды бағдарлама бойынша оқиды. Болашақ мамандар аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін береді деп сенеміз.

Қорқыт Ата университетіне қырық жылдан астам уақыттан бері жаңа оқу ғимараты салынбаған. Инжинирингтік парк қаламыздың сәулетіне ерекше көрік беретін заманауи нысан болады. Алдағы уақытта да талантты, дарынды жастарымызды қолдауға, әсіресе ғылымды дамытуға бағытталған жұмысты жалғастырамыз», — деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, 90 жылдық тарихы бар университетте ғылымды дамыту және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында 580 профессор-оқытушы қызмет атқарады. Оқу орнында 155 мамандық бойынша 11 мыңнан астам студент білім алады, оның ішінде 5 375-і мемлекеттік грант, 5 690-ы ақылы негізде оқиды.

Соңғы бес жылда білім алушылар санының өсуі мен ғылыми жобаларды қаржыландырудың артуы есебінен университеттің табысы үш есе ұлғайған. 2020 жылдан бері материалдық-техникалық база, Ботаникалық бақ қайта жаңғыртылды.

Студенттердің инновациялық идеялары мен стартап-жобаларын іске асыратын бизнес-инкубациялық орталық бар. 2020-2025 жылдары университет әлемдік рейтингтерге алғаш рет енді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: