Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихымызды таспен жаза берейік (Тұлғалар туралы толғаныс)

19.12.2024, 11:00 227

Қазақ елі – сонау XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырындыдан» бастап ауыр жағдайлар мен көп қиыншылықты бастан кешкен халық. Кешегі Кеңес дәуірінде де 1925 жылы 12 қыркүйекте Қызыл­ордаға келіп, Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына таққа отырған Ф.И.Голошекин 1930-1933 жылдары қолдан қасақана елді алапат аштыққа душар етті. И.В.Сталин 1937-1938 жылдары халқымыздың  зиялы  қауым  қаймағына  жазықсыздан-жазық­сыз  жала жауып, қынадай  қырды. 1941-1945 жылдары ҰОС-на қатысып қаншама боздақ қан майданда қыршын кетті. И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін 1953-1954 жылдары, яғни он бір ай билік басына Маленков келген еді. Ол кісі елдің қамын ойлайтын ер кісідей көрінді кезінде. Онан кейін 1954-1964 жылдар аралығында тым қылықты Н.С.Хрущев таққа отырды. Никита Сергеевич билікті толық қолға алғаннан кейін елдегі мал басын шектеу, жүгері егуге аса басымдық беру сияқты, басқа да өзекті мәселелерді өзгертумен айналысты. Сол кезде халық арасында: «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды. Айналайын, Косыгин, сол байталды қайтарды» деген зарлы жыр-әуен желдей есті. Бұл Никита Сергеевичтің кім және қандай басшы болғанын аңғартса керек. Сол бір кезеңде еліміздегі бұрынғы бабалардан қалған жер-су мен елді мекен аттары бірінен  соң бірі өзге тілде өзгеріп жатты. Еліміздегі тың жерлерді игеру нау­қаны кезінде Н.С.Хрушев: «Ақмола қаласының атын орысшаға аудар­ғанда «Белая  могила»  екен. Тың өлкесінің орталығын Целиноград деп қойған  дұрыс  болар» деп қаланың тарихи атауын табанда өзгерте салды. Осы тұста белгілі тарихшы, академик, ғалым Манаш Қозы­баевтың «Тұлғалар тұғыры» атты кітабының «Хрущев және Қазақ­стан» тарауын­да: «…Қазақ сахарасында «ақ» деген қасиетті сөз екенін, «мола» ескі түрік тілінде «қорған» деген мағынаны беретінін, Бөгембай батыр қайтыс болғаннан кейін мәйітін құлын терісіне орап, шиге салып, күнге қақтап, Түркістанға аттанғанда Есіл арқылы өткен өткелді халық «Қара өткел» деп атағанын Никита Сергеевич қайдан білсін!? Амал нешік, кейіннен 1961 жылдың 20 наурызында қайран Ақмола ғасырлық атынан айырылып, Целиноград атанды» деп жазылған.

Иә, бері келе Л.И.Брежнев (VIII.1955-III 1956 жж.) Қазақстанда басшы болғаны белгілі. Кейін ол кісінің атымен Алматы қаласындағы жаңа алаң «Л.И.Брежнев алаңы» деп аталды. Еліміз Тәуелсіздікке  қол жеткізгеннен кейін, Республика алаңы болып өзгертілді. Бүгін­де  тарихи жер-су аттары мен тарихи тұлғалардың  аттары  қайта жаңарып,  қалыпқа  келтірілуде. Бұл – көңіл  қуантарлық  жағдай.

Осы тақырыпта өз аймағымызға қатысты бір мәселені айтпасқа болмас. Қылышынан қан тамған қызыл кеңес кезінде біздің бүгінгі қаламыз бұрын Ақмешіт деп аталғанын баршамыз білеміз. Ол кездегі кеңестіктерге молда мен мешіт аты және атауы ата жауындай естілетін еді. Сол кездегі ел астанасы Орынбор қаласынан Ақмешітке көшкеннен кейін 1925 жылы зиялы қауымның жиналысы V съезде Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгертілді. Бұл атауды Алаштың сол кездегі ардақтысы Қоңырқожа Қожықов ұсынған екен. Ол кісінің айтуы бойынша «қызыл» деген сол кездегі кеңес үкіметінің ойынан шықса, «Орда» – кәдімгі  қазақи  атау. Жан-жақты  ойластыра  келе  зиялы қауым  осы  атауға  тоқтаған  ғой.

«Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» деген халық даналығы бар. Соңғысының беті аулақ, жаспен емес, Тәуелсіздік алған тұсымызда өшпейтін, өшірілмейтін етіп тарихи атаулар мен тарихи тұлғалардың аттарын таспен жаза берейікші.

Осы тұрғыда көптен ойда жүрген мына мәселені айтқым келеді. 1961 жылы адамзат тарихында алғаш рет сонау ғарышқа Ю.А.Гага­рин ұшып, барып қайтты. Бұл тарихи оқиғаны бүкіл әлем болып мере­келеді. Алғаш ғарышқа аттануға Ю.А.Гагарин мен Г.С.Титов тұрды. Сол кездегі саясат бойынша КСРО-ны бүкіл әлемге таныту­дың төте жолын Н.С.Хрушев тура осы тұста ғарышқа қарапайым еңбек­ші қауымнан шыққан кісі ұшуы керектігін бірінші қойған бола­тын. Сөйтіп, Юрий Алексеевич алғашқы болып ғарышқа аттанды. Герман Степанович  кейін  екінші  ғарышкер  болып  қайтты.

Біздің қаламызда осы екі ғарышкердің атында екі шағын аудан бар. Ю.А.Гагарин күллі әлем алдында, адамзат алдында бірінші ғарыш­кер  екені  айдан  анық. Ал, Г.С.Титов  екінші  емес  пе?!

Біз өзіміздің тұңғыш қазақ ғарышкері, жоғарғы санаттағы сынақшы ұшқыш, Гиннес кітабына енген қазақтың алғашқы ұшқышы, кезінде әлемдегі ең білімді батыр да батыл он ұшқыштың қатарына енген, техника ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес Одағының баты­ры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майо­ры Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровке неге сол шағын ауданға атын бермеске? «Өзіңді өзің сыйла, жат бойынан түңілсін» демеп пе еді, ата-бабаларымыз. Көзі тірісінде осындай тарихи тұлғаға бермегенде, қашан беріледі?! Беті аулақ, келместің кемесіне мініп кеткеннен соң бес жылдан кейін бе?! Қазақ елінен тұңғыш ғарышкер шығып, сонау ғарыштан жерге аман-есен оралғанын білген бүкіл әлем халқы мен барша түркі тектес халықтар қуанған болатын. Бұл 1992 жылдың қоңыр күзінде болған таспен  қашап  жазатын  тарихи  жетістік  еді.

Тұңғыш Президентіміз көзі тірісінде барлық мадақ пен марапаттан кенде емес. Дұрыс-ақ. Ал, тұңғыш ғарышкерімізге бір шағын ауданның атын беру орынды сияқты. Себебі, Тоқтар Оңғарбайұлы сонау ғарышқа біздің Байқоңырдан ұшқанын мақтан тұтып, «Қызыл­орда – менің екінші туған жерім» деп есептейді. Кезінде Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып түсерде Тоқаңды сол кездегі Шымкент облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, басқа аймақтар шақырғанда келісім бермей, облыс басшысы И.Адырбековтың  шақыруын қабыл алып, біздің облыстан Мәжіліске депутат болып  сайланған еді. Сол сайлаудың «жыры» әлі есімізде, ол – бөлек  әңгіме.

Қысқасы, бәріміз де пендеміз ғой, осындай тұңғыш тау тұлғаларды көзі тірісінде дәріптей бергенге не жетсін!? Бұл бір жағынан өскелең  ұрпақтың  отансүйгіштік  сезімін  оятар  еді-ау.

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ,

ҚР  ІІМ-нің  Еңбек  және  Құрметті  ардагері,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: