Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмбақ адам

20.05.2023, 12:00 489

HALYQLINE.KZ

(Болған  оқиға)

Степан шалды деревняда сараңдығы үшін ешкім жақтырмайтын, көшеде көрсе балалар: «Сараң-арам. Сасық-сарымсақ. Саған шыбын да қонбайды!» деп мазақтайтын. Олар өздерінің ата-аналарының да бұл шалды жақтырмай «кулак» деп атайтынын естіп жүргендіктен, осылай мазақ етуді әдетке айналдырған болатын, шал болса үндемей басын төмен қаратып дым естімегендей өтіп кететін.

Деревнядағылардың барлығы оның тарихын жақсы білетін, Степан ауқатты шаруа отбасынан шықты. Жас кезінде екі баласы бар, күйеуі 1915 жылы германдармен соғыста қаза тапқан Матрена деген жесірге үйленген болатын. 1925 жылы большевиктер әкесін кулак ретінде отбасымен Сібірге жер аударып жібереді. Степан бөлек тұрғасын, оған тиіспейді, бұл кезде өзі де балалы болып, ел қатарлы өмір сүріп жатты. Соғыс басталғанда ер жеткен үш ұлымен өзі де соғысқа кетті. 1944 жылы деревняға аяғынан жарақат алғандықтан таяққа сүйеніп келгенде, үш баласынан да «қара қағаз» алған Матрена да қайғыдан қан жұтып жүргендіктен, бір ай төсек тартып жатып қайтыс болды. Соғыстан ауыр жарақат алғаны бар әрі бүкіл отбасынан жалғыз қалған Степан ешкіммен сөйлеспей оқшау өмір сүрді, кейде соғыс туралы әңгімеге тартып сұраған кезде: «Әйтуір ел қатарлы соғыстық қой» деп айта салатын. Үйленбей жүргесін көршілері екінші лақап «бобыль» ат қойды, бірақ «бобыльдан» айырмашылығы, өте еңбекқор болды, тірі адам тірлігін істемей ме? Есігінің алдындағы 25 сотыққа бақша екті, ешкі мен тауық бағып, шаруашылық үшін арбасымен ат ұстады. Аптасына бір рет артық бақша өнімдері мен жұмыртқасын қаладағы базарға апарып сату үшін арбаға атын жегіп кететін.

– Арамтамақ-саудагер, сатқан ақшасын қайда жіберіп жатыр? Өзімен бірге молаға алып кететін шығар, – деп көршілері сырттай күндеуді әдетке айналдырды.

Осы «Ольховка» деревнясында балалары мен күйеуі соғыстан қайтпаған жесірлердің үйінің табалдырығына жыл сайын Жеңіс күнінде әлдекімдер ақшаны қойып, желмен ұшып кетпес үшін кесекпен бастырып кететін. Тек отбасынан бір өзі қалған жесір Степан шалдың табалдырығына ақша қалдырмайтынын білген көршісі:

– Ол крохоборға ақшаны кім берсін? Соғыс кезінде қазіргідей ат айдаушы болған шығар, аяғына қаңғыған оқ тигесін, соғысқа қатысқан болып жүр, – дейді.

Екінші көршісінің: «Ол мүлдем соғысқа қатыспаған, немістерге сатылып полицай болған. Партизандардың оғы аяғына тиген көрінеді» дегенін естіген балалары Степан шалды көргенде: «Полицай келе жатыр! Полицай!» деп мазақтайтынды шығарды. Сол баяғы қалыпымен төмен қарап бара жатқанда, оның екі көзінен ағып бара жатқан көз жасын балалар байқамайтын.

Қыстың аязды күні далада боран соғып тұрған түні Степанның түсіне Матрена кірді, бөлме ортасында тұрып ыммен қолын бұлғап өзімен жүруге шақырып тұр екен.

– Матренушка, мен сенсіз шаршадым. Саған барғым келеді!

Түс қайта көршілері үйінен ешкім шықпағанын байқады, әдетте ол мұндай кезде үйіліп қалған қарды күреп жататын еді, есік алдында байлаулы төбет иті Шарик ұлығанынан күдіктеніп, учаскелік милиционерді шақырды.

Степан шалды соңғы сапарға әскерилер келіп автоматтарымен аспанға оқ атып, салют беріп құрметтеп шығарып салды. Үйінен табытпен қоса кішкене қызыл жастыққа бекіткен ордендер мен медальдарын алып шыққанда көршілерінің көзі ұясынан шығып кетті. Бірінші болып қалалық әскери комиссариат басшысы полковник сөз сөйледі. Соғыс басталғанда өз әскерімен қоршауды бұзып шықпақшы болғанда ауыр жараланып, партизандарға қосылғанын, үш жыл бойы партизан отрядының командирі болғанын айтты. Екінші болып қаладағы жетім балалар үйінің директор әйел сөйлеп, әр апта сайын балалар үйіне азық-түлікті тегін жеткізіп тұрғанын, ол үшін ақша ұсынғанда бас тартқанын жеткізді.

Степан шал өлгеннен кейін, жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күніне байланысты соғыс жесірлері үйінің табалдырығына да ешкім ақшаны кесекпен бастыртып кетпейтін болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: