Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалаңтөс баһадүр – карантинді енгізген тұлға

26.01.2023, 15:25 275

HALYQLINE.KZ

Даңқты жерлесіміз Жалаңтөс баһадүр 1616-1656 жылдары Самарқан қаласының әкім-әміршісі болған. Әрі Бұхар хандығының әскери қолбасшысы ретінде Иранға, Ауғанстанға әскери жорықтар жасап, Ташкент пен Түркістандағы алауыздықтан болған наразылықтарды басып отырған. Осы жорықтарда түскен соғыс олжаларын, өзінің әкімдікке тиісті алатын қаражатын, Самарқанға бағынышты елдерден түскен салықтарды қаланың құрылысына, көгалдандыру ісіне, білім мен денсаулық сақтау саласына жұмсаған.

Ал өзінің басшылығымен салынған, артында өшпес ізі іспеттес екі алып ғимараты «Шер-Дор» мен «Тіләә-Кари» медресесі қаланың «Регистан» алаңын осы күнге дейін сәнін келтіріп тұр. Жалаңтөс қоғамдық моншаларды да халықты толық қамтитындай етіп етіп салдырған. Бүгінгі Алматыдағы «Арасан» шығыс моншасы Отырардағы монша үлгісімен салынғаны туралы баспасөз беттерінде кезінде жазылған болатын. Алайда ол шындыққа келіңкіремейді, себебі Шыңғыс хан өзіне қарсылық көрсеткен қалаларды жермен-жексен етіп, орнын сумен толтырып құртып жіберіп отырған. 1218 жылы Отырар қаласындағы монша мен кітапхана тағдыры осылайша құртылған болатын, ал «Арасан» – Жалаңтөс бабамыз салдырған орта ғасырдағы моншаның көшірмесі.

Жалаңтөс өмір сүрген заманда жұқпалы аурулар – оба, түйнеме, тырысқақ, сүзек бұрқ ете түсіп, құйынша ұйытқи өтіп, халықты мыңдап қырып отырған. Жалаңтөстің қоғамдық моншаларды көптеп салдыруы қала тұрғындарының санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартып, жұқпалы ауруларға тосқауыл болды. Самарқанда болмаса да, оған бағынышты ауыл-аймақтарда жұқпалы ауру тараған, әкім ретінде Жалаңтөс жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын іздеп, зерттеген екен. Ауру ошағы пайда болған елді мекендерді көшіріп, үйлерін, киімдерін, қолданған заттарын «мал ашуы – жан ашуы» деген сөзге қарамастан, малын қорасымен қоса өртеп жіберіп отырған.

Індеттің адамнан, шыбын-шіркейден таралатынын білген Жалаңтөстің «Шыбынды жерде шығын бар» деген ұмытыла бастаған сөзін айта кеткен жөн. Шешек ауруы шыққан үйдің маңына қара жалау байлаған ұзын ағаш қағылып, індетке қарсы егуді үйренген күтушіні ғана қалдырып, науқас туыстарының ол үйге кіріп, халін сұрауға қатаң тыйым салған. Карантинді жасырын бұзғандар өлім жазасына кесілген. Осы жағдай сол кезде қазақ даласын аралаған итальян саяхатшысы Джоовани Плано Карпини еңбектерінде толық жазылған.

Ал жеке бастың тазалығын сақтамағандықтан болатын шиқан, күбіртке, теміреткі, қышыма, қотыр, шуаш, таз болған адамдарды қатал сынаған. Сол кезде малшыларда таз ауруы көп кездесетін. Себебі, ауа райының ыстығынан қорғану үшін қойшы балалар жазда ыстық өткізбейтін қой терісінен иеленіп жасалған кепеш киген. Балалардың жұқа терісі қабызданып, тазға айналып отырған. Жалаңтөстің тазалық сақшылары тазалықты сақтау үшін оларға айыппұл да төлеттіргенінің айқын дәлелі мына шумақтары осы күнге дейін жеткен:

Ұшпа тазға үш теңге,

Төбелі тазға төрт теңге,

Айна тазға алты теңге,

Ойма тазға он теңге,

Қырма тазға қырық теңге,

Жұлма тазға жүз теңге,

Киелі тазға мың теңге,

Артыңды сал керсенге,

Сиса да бер бес теңге,

Симаса да бересің бес теңге.

Бұдан, салық таз болғандардың үсті-басына, түріне қарап бес теңгеден алынғанын білсек, екінші жағынан таз ауруына қарсы күреске шақырып тұр.

Жұқпалы ауруға қарсы күрес адамзат тарихындағы ең өзекті мәселе болғандығы белгілі. Бұл күрес Жалаңтөс бабамыздың тұсында да мемлекеттік деңгейде жүргізілген.

Жазира  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылорда «Өркениет» медицина колледжінің «Мейіргер ісі» факультетінің 3-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: