Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмытыла бастаған 40 жыл бұрынғы ерлік

07.01.2023, 9:40 309

Қайрат пен Талғат Дайрабаевтар Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп­ті менен кейін екі жылдан соң бітірді. Екеуі – егіз, 1961 жылдың 11 наурызында дүниеге келген. 1976 жылы негізгі мектепті бітірген соң, теміржолға қарасты №70 кәсіптік-техникалық училищенің жол шеберлерін дайындайтын факультетіне оқуға түсті. 1981 жылдың жазында осы мамандықпен ПМС мекемесіне жұмысқа тұрғанымен, күзгі әскери шақырумен екеуі кеңес армиясы қатарына алынып, Москва әскери округіне қарасты Тамбов қаласындағы әуе-қорғаныс әскерінде отан алдындағы борышын орындауға  кірісті.

Алғашқы жарты жылда ауыр болды, саппен жүруге машықтану, қашыққа марш жүгіру, нысана көздеп ату, т.б. дайындықтан сүрінбей өтке­сін, құпия болып саналатын нысананы күзететін болды. 1982 жылдың күзінде Дайрабаевтар қызмет ететін әскери бөлімге әуе қорғаныс ныса­наларын әуеден қорғайтын, сол кезде жаңадан шыққан дыбыстан жылдам ұшатын истребительдердің  алғашқы партиясы келді. Күзет күшейтілген режим­де  атқарылатын  болды.

Сондай күндердің бірінде, яғни 1982 жылдың желтоқсан айының соңғы онкүндігінде Қайрат кезекшілік қызметін атқарып постыда тұрған болатын. Жапалақтап қар жауып тұрды, ақ ұлпа қардан жаңа ай тумаса да, жап-жарық болып тұрған сияқты. Кенет әлдекімдердің өзіне қарай келе жатқанын сезді, 40-50 метр қалғанда анық байқады, екі адам, постыдағы дабыл тетігін басып қалды, бұл дабыл казармадағы күзет ротасын аяғынан тік тұрғызатын еді. Қайрат автоматын дайындап, екеуі 10-15 метрдей жақындап қалған кезде «Тоқта!», «Кім келе жатыр?» дейді, екеуі жауап бермеген соң «Қолдарыңды жоғары көтеріңдер!» – дегенде, екеуі қашуға оқталғанда, аспанға оқ тізбегін атып жіберді. Калашников автоматынан шыққан оқ бастарынан ысқырып өткесін, қорыққан екеуі қаша алмай қолдарын көтерді. Ереже бойынша жақындайтын қашықтыққа тоқтап, автоматын кезеніп тұра қалды, егер өзіне тап берсе, ескертусіз оқ атуға өкілеттігі бар екенін естен шығарған жоқ. Қосымша күш келіп, екеуінің қолын артына қайырып алып кетті. Рота командирі, капитан К.Усманов кезекшілікті тапсырған Қайрат Дайрабаевты шақыртып алып, қуаныштан қолын қысып, «Рядовой Дайрабаев, ты знаешь кого задержал?» – деді. Ертеңгі сап алдында түндегі тұтқындарды әскери округтің ерекше бөлімі тергеп жатқанын, қырағылығы үшін қатардағы  жауынгер  Дайрабаевқа  алғыс  жарияланды.

Сонымен арада 3-4 күн өткен кезде, бүкіл полктің алдында «Ленин» орде­нді Москва әскери округтің Әуеге қарсы күштерінің қолбасшысы, генерал-майор О.Ленгоровтың мынадай бұйрығын оқып берді. «Әскери тапсырманы орындау кезінде қырағылық, батылдық танытып, нақты шешім қабылдағаны үшін қатардағы жауынгер Қайрат Дайрабаевқа қысқамерзімді 10 күндік демалыс беріліп, ескерткіш сыйлық сағат тапсырылсын» деген сөздерді оқып, бүкіл полктің алдында тапсырды. Егізді ол кезде айыр­май бір әскери бөлімге жіберетін жазылмаған заң бар еді. Сол бойынша барып-қайту үшін тағы да төрт күн қосып, әскери командирлер Қайрат пен Талғат Дайрабаевтарды туған Қазалысына құрметпен шығарып салды. Осылайша, 1983 жылдың 1 қаңтарында Қазалыға түсіп, ата-анасымен қауыш­ты, сол кезде «Егіз Қайрат пен Талғат шпион ұстаған соң, 10 күндік демалыс беріпті» -дегенді мен де естіген едім. Сол ұмытыла бастаған ерлікті Қайраттың  өз  аузынан естіп, қағаз бетіне түсірдім. Оған да дәл 40 жыл болыпты  ғой…

Айтпақшы, Қайрат Дайрабаевтың бұл ерлігі кеңес армиясының басты үнпарағы «Красная Звезда» газетінің 1982 жылдың 24 желтоқсанындағы №294 санында  «Нарушители  задержены…»  деген  мақалада  толық  жазылды.

Суретте: оң жақта отырған Қайрат.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,

тарихшы.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: