Біз мектепте оқып жүргенде тарих сабағынан герман-кеңес cоғысын Ұлы Отан соғысы деп өттік, сондықтан CCCР деген ортақ отанымыз келмеске кетсе де, тақырыпты да өзгертпей сол атауы бойынша жазып отырмын. (Кейін ғой КСРО деп қазақшалағанымыз).
СССР тарихында фашистік Германия 1941 жылдың 22 маусымында кенеттен шабуыл жасап, өзара тиіспеу туралы шартты бұзып тұтқиылдан басып кіргесін соғыстың алғашқы жылдарында жеңіліс таптық деп ақталған болатын.
СССР-ді жою үшін жасалған «Барбаросса» жоспары бойынша «қаурыт соғысты» 1-1,5 айда бітіреміз деп, 22 маусымда жау Қара теңізден Баренец теңізіне дейінгі аралықта 190 дивизиясымен, яғни 5,5 млн адам, 4,3 мың танк, 5 мың ұшақ, 47 мың зеңбірекпен бір мезгілде шабуылға шықты, тарихта бұрын мұндай соғыс болмаған еді.
Оларға қарсы СССР 170 дивизия, 1450 танк, 1540 ұшақ, 37,5 мың зеңбірек қарсылық көрсетті. Арада 3 апта өткенде 170 дивизияның 28-і толық жойылып, 70 дивизияның тек жартысы адамынан айырылды, 72 дивизия адамы мен техникасын сақтап қалу үшін қорғанысқа көшіп шегінумен болды. 1540 ұшақтың 1200-і әуеге көтерілмей-ақ бомбылаудың нәтижесінде бірден жойылды. Жау Қызыл Армияның қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан күніне 25-30 шақырым жылжып, 3 апта ішінде 500-600 шақырым жерді басып алды, ол жерде жаудың қол астында 72 млн адам қалып қойды.
«Осындай жағдайға не себеп болды?» дегенде, соғыс алдында келешек соғыста атты әскер барлығын шешеді деген әскери концепция басым болды. Оған М.Фрунзеден кейін 15 жыл бойы Қорғаныс наркомы болған К.Ворошилов кінәлі еді, оның көзқарасын азамат соғысы кезінде бірінші атты армияны басқарған маршал С.Буденый қолдады. Олар Қызыл Армия ешуақытта қорғанысқа көшпейді, соғыс басталған жағдайды атты әскер жауды өз жеріне қуып тастайды, Бас штабтағы стратегтердің шекарада қорғаныс шептерін күшейту керек дегеніне күле қарады. Осы екі маршалдың көзқарасын И.Сталин де қолдады. 1937-1938 жылдары репрессияға 40 мыңнан астам әскери кадрлар ілікті, Қызыл Армия командирлерінің 7 пайызының ғана жоғары әскери білімі болды. Вермахттың Бас штаб бастығы Гальдер Гитлерге: «Орыстардың офицерлік корпусы артта қалды, бізге жету үшін оларға 20 жыл керек» деп айтқан болатын.
Болашақ соғыста техника шешуші роль атқарады деген маршалдар М.Тухачевский, М.Егоров, В.Блюхер, М.Штерн бірінші кезекте атылып кетті.
Қызыл Армияның әлсіздігі 1940 жылы наурызда аяқталған кеңес-фин соғысында белгілі болды. 105 күнге созылған бұл соғыста СССР 72 408 адамынан айырылды, ал бүкіл Европаны жаулап алған Германия 5 жыл ішінде 38 мың адамынан айырылған болатын. Осы финдермен соғыстағы масқара жеңілісі үшін К.Ворошилов орнынан алынып, маршал С.Тимошенко Қорғаныс наркомы болып, Бас штаб бастығына Г.Жуков келді. Армия генералы Г.Жуков соғыс алдында Хасан мен Халкин-гол көлінде фашистердің одақтасы жапон импералистерін талқандағаны үшін Совет Одағының батыры атанған болатын, алайда бұл тағайындаулар өте кеш болған еді.
Соғыстың алғашқы айларында Рига, Таллин, Вильнюс, Минск, Смоленск, Киев жау қолында қалды, Ленинград қоршауда қалып, Москваға қауіп төнгенде Бас қолбасшы Сталин НКВД басшысы Л.Берияға өз каналдары арқылы Гитлермен құпия сеперативті келісім жасауды тапсырды, оның сұраған жерін беруге келісіп соғысты тоқтатпақшы болды, Гитлер бұл келісімге келіскен жоқ.(бұл туралы құжат сақталмағанмен, шетел баспасөзінде кезінде жазылды).
Бас қолбасшы Сталин бар сәтсіздікті әскери басшылардан көрді, бар кінәні соларға жапты. Белоруссия әскери округ басшысы армия генералы Д.Г.Павлов әскері мен техникасын сақтап қалу үшін күнделікті соғыса отырып 25-30 шақырым шегінгені, кезінде М.Кутузовтың «әскерден айырылсақ, Ресейден айырыламыз» деп Москваны Наполеон армиясының тонауына тастап кеткені еске түседі, бұл әскери стратегия тұрғысынан дұрыс шешім екендігі тарихтан белгілі. Сталин Павловты трибуналға беріп атқызып тастатқызды. Генерал Д.Павлов 1936 жылы Испанияда фашистермен соғыста совет әскерін шебер басқарғаны үшін Совет Одағының батыры атанған мықты әскери қолбасшы еді.
Киев қаласын қорғап қала алмайтынын білген Бас штаб басшысы Г.Жуков Сталинге Днепрден өтіп жауды өткізбейтін мықты қорғаныс шебін жасауға ұсыныс жасағанда, Сталин: «Киев қаласын ше?» дегенде: «Киев қаласын тастап шығуға тура келеді» дегенде: « Не сандырақтап тұрсың?» дегенде Жуков: «Егер мен Бас штаб басшысы ретінде сандырақ айтатын болсам, мені майданға жіберіңіз, ол жақта менің пайдам тиеді» деген болатын. Жуковтың айтқаны келіп, Киев ерекше әскери округ қолбасшысы генерал М.Кирпонос қаза тауып, 600 000 адам тұтқынға түсіп, жау Киевті басып алды. Москваны қорғап тұрған 5 армия қоршауда қалды, немістердің мәліметі бойынша 663 000 адам тұтқынға түскен. Айбынды Қызыл армия деп келген әскеріміз үнемі шегінумен болды. Тұтқынға түскен командирлер мен комиссарлар өздерінің жағасындағы шенін көрсететін петлицаны жұлып тастап отырды. Осы кезде 1941 жылдың 16 шілдесінде Сталиннің №270 бұйрығы шықты, онда «Қорқақтық пен үрей туғызушы командирлер сол жерде атылсын. Қоршауда қалғандар жау қолына тірілей түспесін, тұтқынға түскен жағдайда елдегі жанұясына мемлекеттік жәрдемақы берілмейді» деп көрсетілсе де, жан деген тәтті ғой өзін-өзін ату да оңай болмай шықты.
1941 жылдың желтоқсанында Москва түбіндегі жеңіске жігерленген Сталин жауды одан әрі шегіндіре түсуді талап етті. Г.Жуков әскердің қатты қалжырағанын, күшті тыл болмай қарсы шабуылға шыға берудің қауіпті екенін айтқанмен Сталин өзінің дегенінен қайтпады. Ленинград қоршауын бұзу үшін Ленинград пен Волохов майдан әскерлеріне бір мезгілде қарсы шабуылға шығуға бұйрық берді. Нәтижесінде Волохов майданынын 2-ші екпінді армиясынын басшысы генерал А.Власов қоршауда қалғасын жау жағына шығып кетті. А.Власов Москва үшін шайқаста Ленин орденімен марапатталған Сталиннің сенім артқан генералының бірі еді. №1 сатқын атанған генерал Власов Орыстың Азаттық Армиясын (РОА) құрып Қызыл Армиямен шайқасқа түсті, қолға түскен власовшылар табан астында атылатын болды. Жалпы, 1941-1942 жылдары В.Малышкин, Д.Закутный, Ф.Трукин, И.Благовещинский, т.б. 40-тан астам генералдар фашистер жағына шығып кетті. Харьков бағытындағы 240 000 совет әскері, Қырым майданындағы 200 000 әскер тұтқынға түсті. Сталиннің «бізде тұтқындар жоқ, бізде тек сатқындар бар» деп мәлімдеме жасауы халықаралық Қызыл Крест қоғамы арқылы совет тұтқындарына ешқандай көмек көрсетілмей аштан қырылды. Соғыс жылдарында 9 млн совет адамы тұтқынға түссе, соның 4 млн-ы соғыстың алғашқы жылында түсті.
Фашистер Одесса, Севастополь, Керчь, Дондағы Ростов қалаларын басып алып, Сталинградты қоршауға алды. 1942 жылдың тамыз айында арнайы дайындаған альпинистердің «Эдельвейс» тобы Кавказ тауының ең биік шыңы Эльбруске фашистік Германияның туын қадады.
Алда «өмір не өлім» мәселесі тұрды. Осы кезде Сталиннің №227 бұйрығы шықты. Бұл бұйрық тарихта «Бір қадамда шегінбеу!» деген атпен қалды. Енді шегінетін командирлер мен солдаттарды жақсы қаруланған НКВД-нің кедергі отряды құртып жіберетін болды. Алда жау, шегінген жағдайда өз адамдары қарша бораған оқтың астына алатын болды. Осы бұйрық арқылы жеңістің қандай қиындықпен келгенін білуге болады. Соғыс кезінде НКВД-ге қарасты «Ерекше бөлім» сотсыз және тергеусіз 150 000 солдат пен офицерді атып тастады, бұл шамамен 6 дивизия еді.
Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны әр жылдары әртүрлі қылып көрсетіліп жүрді, Сталин кезінде соғыстағы адам шығыны 4 млн, Хрущев кезінде 10 млн, Брежнев кезінде 20 млн, Горбачев кезінде 27 млн-ға келіп тоқтады. Төрт жылға созылған соғыстың әр күнінде 19 000 адам қырылып отырды деген сөз. Бұл соғыс адамзат тарихындағы соңғы соғыс болғай…
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!