Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт атауын қайтарған шақ

15.04.2025, 15:50 93

HALYQLINE.KZ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, дәл осы күні Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі бас­талды. 1925 жылдың 15–19 сәуірі аралығында өткен съездің ең үлкен жаңалығы – ұлтымыздың тарихи атауын қайтаруы мен әр дәуір дерегінде Қамысқала, Перовск, Ақмешіт аталып келген қаланың Қызылорда аталуы болды. Тарихи шаһардың бұл атауына да биыл 100 жыл толып отыр.

Жалпы съездің қалай өткені, ондағы мәсе­ле­лер туралы осыған дейін де жазылды. Біз Ақмешіттің астана болған тұсындағы кейбір деректерді оқырман назарына ұсына кетсек. Ұзақ жыл қала тарихын зерттеген ғалым Мәди Кереев астана мәртебесін иелен­ген уездік шаһардың сол тұстағы жағдайы тура­лы құнды мәліметтер қал­ды­рыпты. Ғалым қорын­дағы қолжазбада тек сауда-саттық пен егіншілікті кәсіп еткен Қызылордада өткен ғасырдың алғашқы ширегінде өндіріс атаулы саусақпен санарлықтай болғаны жазылады. Қала­дағы тұрғындар саны 9 100 адамға шамаласыпты.

Ел орталығы болған Қызылордада 1925 жылы 1 306 қызметкері бар 83 мем­­лекеттік мекемені орна­ластыру ісімен арнайы құрылған комиссия айналысады. Алғашқы лекте 941 үй-жай есепке алыныпты. Көп ұзамай қала маңайындағы ауқатты адамдардың баспаналары да қағазға түсіріледі. Осы есептен кейін 74 үй жөнделіп, оның 34-іне мекемелер орын тебеді.

Сол жылдары құрылған құрылыс бюросы мекемесі алғашқылардың қатарында 2 мектеп, дәрігерлік амбулатория, ауыл шаруашылығы банкі ғимаратын соғады. Осы­лайша, бір жылда қала көлемі айтарлықтай өсіп, халық саны 20 мыңға жуық­тай­ды. 1926 жылы қалада ба­ла­ларға 6 мектеп білім бе­ре­ді.

Жыл ішінде ауруха­налардағы төсек саны да ұлғайыпты. Мысалы, астана болған жылдың есебінде қалада 656 адам ем алғаны көрсетілсе, 1926 жылдың 8 айында олардың қатары 1 456 тұрғынға жеткен. 

Қазір қалада Қызыл­орданың ел орталығы болған кезін еске салар ғимараттар санаулы ғана. Олардың қатарында Орынбордан Ақмешітке келген көшті қарсы алған теміржол вокза­лының ғимараты, 1878 жылы салынған Айтбай мешіті бар. Мешітпен бір жылда ашылған қыздар приход училищесінде 1925–1929 жылдарда баспахана орналасып, онда басылған «Еңбек­ші қазақ» пен «Совет­ская степь», басқа да газет-журналдар еліміздің әр түк­піріне тарап тұрды. 1924 жылы пайдалануға берілген теміржолшылар клубы, одан сәл кейіндеу бой көтерген қалалық атқару комитетінің ғимараттары сол кезеңнің куәгерлері іспетті. Жалпы қалада мәдени ескерткіш ретінде қорғалатын осындай 12 тарихи ғимарат бар. 

Бір әттегенайы, ел байтағы болған жылдары осы қалада тұрған ұлт қай­раткерлерінің баспанасын сақтай алмағанымыз. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы паналаған үй орны әлде­қашан тегістеліп кеткен. Тіпті А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылы­ғын қамтыған мақалалар мен зерттеулерде оның Қызылордадағы еңбегіне жеткілікті назар аударылмай келеді. Бұл туралы белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов осыдан сәл бұрын облыстық «Сыр бойы» газетіне көлемді мақала жазды. 

Басқа да ұлт зиялылары­на мекен болған үйлер әлде­қашан жойылды. Қазіргідей тарихи мұраларды қор­ғау бағытында талаптар сақталмағандықтан екі­мыңыншы жылдар басында талай қайраткер еңбек ет­кен Қазақ Орталық Ат­қа­ру комитеті ғимараты да бұзылды. Осыдан жеті жыл бұрын қаланың сол жаға­уынан осы нысан сызбасымен жаңа ғимарат бой көтеріп, оған қала тарихы музейі орналастырылды. 

Ал Ә.Тәжібаев атында­ғы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорында бүгінде Қызылорда Қазақстанның тұңғыш астанасы болған жылдары баспадан жарық көрген 33 кітаптың көшірмесі сақтаулы тұр.

Мұрат  ЖЕТПІСБАЕВ.

egemen.kz

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: