HALYQLINE.KZ Ертеде қазақ дәстүрінің қаймағы бұзылмаған кезде «Сырға тағу» емес, «Үкі тағу» немесе «Белгі салу», ал қытай жеріндегі
қазақтар «Қарғы бау» деп атаған.
Жігіттің әке- шешесі көңілдеріне ұнаған қызға құда түсер алдында қорасына мал кіргізіп, қызға сыйлық берген.
Қыз бен жігіттің ата-анасы құдаласуға келісіп, қалыңмал жөнінде сөйлесіп, жігіт әкесі осы келісімнің белгісі ретінде қызға үкі тағады немесе білегіне білезік салған.
Үкі тағуға барған адам тілге шебер, шешен болуы керек.
Мысалы: Құтым батыр інісі Шағырға қыз айттырып барғанда келу мақсатын жүйелі жырмен бастаған:
Жалаулы найза, жарау ат,
Жауға шапсам деп келдім,
Аққуына Үйсіннің
Үкі тақсам деп келдім, – деген жолдардан «Үкі тағу» салтының болғанын анық көреміз.
Егер құда түсіп, кит кигеннен жігіт үйленуден
бас тартса, онда олар ат-шапан айыбын, алған китін, қыз жағының құда түскендегі шығарған шығының төлейді. Қыз жағы үкіні қайтармайды.
Содан кейін қызға басқа біреудің құда түсуіне жол ашылады.
Ертеде қызға тағатын үкінің айналасын «соқыр тиынмен» әсемдеген.
Соқыр тиын дегеніміз тиынның бетіндегі бедері мен таңбасы көп пайдаланғандықтан көмескіленіп кеткен тиын.
Қазақта реніш ретінде «менің соқыр тиын құрлы бағам болмады ғой» деп айтады. Ал «Сырға салу» деген кейіннен шыққан.
Ұл баланы ашамайға отырғызғанда, сол жастағы қыз баланың құлағын тарымен тесіп, сырға таққан. Оны «Сырға той» деп атаған. Қазақтың салт-дәстүрінің барлығы баланың көңіліне
қуаныш сыйлау үшін жасалған. Бұл тойларға
қыз-келіншектер мен ауылдың бәйбішелері қатысқан. Ал шілдеханаға ер-азаматтар күндіз батасын беріп, кешкі ойын-тойға қатыспаған.
Ер-азаматтар «Сүндет той», ашамайға мінгізу, тоқым қағар, үйлену тойына ғана қатысқан. «Сырға тағып кетіпті» деген сөздің өзі анайы естіледі.
Баяғыда ауылдың малына сырға тағуға адамдар келеді дейтін.
«Тұсау кесерде» корея халқының ақша, аспап, қалам қоятын салтын да
қабылдадық. Салтымызды жоғалтпайық. Онсыз да салт-дәстүрді ұмыта бастадық.
Райхан МАТАЕВА,
этнограф
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!