Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Трактирден  Рюмочнаяға  дейінгі  орыс  тұрмысы

06.03.2026, 15:00 73

HALYQLINE.KZ

Арақтың орыс халық атымен «Русская водка» деп аталуы олардың бар салт-дәстүрі арақпен байланысты, яғни туғаннан бастап өлгенге дейін арақпен атқарылады. ХІХ ғасырдағы Ресейдегі марксистік үйірмедегі салауатты ойшылдарды арақтың халықты құртатыны қатты ойландырды. Плеханов, одан кейін Ленин орыс халқы арақты ауыр тұрмыстан ішеді, жұмыс уақыты 10-12 сағат болғандықтан шаршап шыққан жұмысшылар күйіктен ішеді деген тұжырым жасады.

Осы тақырыпты пролетар жазушысы Максим Горький «Ана» романында ашып көрсетті. Романның басты кейіпкері Пелагия Ниловна Власованың байы Михаил Власов фабрикадағы осындай ауыр жұмыстан шыққаннан кейін «Трактирден» күнде мас болып үйіне келіп, қатыны Пелагияны өзі өліп кеткенше сабаумен болады.

Әкесі өлген соң баласы Павел де ішетін болады. Павел арақты марксистік үйірмеге баратын болған соң қойып кетіп, социалист болып қоғам өзгермей, халықтың ауыр жағдайы өзгермейтінін біліп, революциялық жолға түседі. Баласының сөзімен анасының да санасы оянып, күйеуі сияқты барша еркек арақты ауыр жұмыстан ішетінін біліп, анасы да қоғамды азат ету жолына түседі.

Ленин бастаған большевиктер патшаны тақтан құлатып, жұмыс күнін 8 сағатқа түсіргенімен, орыс халқы арақ ішуін қойған жоқ және СССР құрамындағы басқа да халыққа арақ ішуді үйретті.

Соғыстан кейін наркомдық жүз грамм күшімен фашистерді жеңген орыс халқының жағдайын жақсы білетін Никита Хрущев 1954 жылы «Рюмочная» ашуды тамақ өнеркәсіп министрлігіне тапсырды. Сол кездегі жағдайға байланысты бұл дұрыс шешім еді. Арақ ішетін орын болмағасын, орыстар аулада, балалар ойнайтын алаңда, автобус аялдамаларында, подъездегі баспалдақта отырып арақ ішуі қалыпты жағдай болатын. «Рюмочнаялар» (фото-1) зауыт пен фабрика жанында, мектеп ауласынан қашық жерлерде жаппай ашыла бастады.

«Рюмочная» тек жұмысшылар ғана емес, инженерлер, ғалымдар, әскерилер, артистер мен актерлер, т.б. танымал адамдардың орны болды. Бұл жерде отыратын орындық болмайтын, бардағыдай «стойкада» тұрып ішетін (фото-2). Тіпті құнақтаулы сәбмімен де келіп арақ ішетін (фото-3). Осы жерде арақ-шараптың буымен шабыттанған ақындар өлең шығарса, режиссерлер тың тақырыпта жаңа туындылар туралы идея туғызды.

Бастапқыда рюмочнаяға тез жиналатын болғандықтан жүгірме «забегаловка» деп те аталды. Бұл жердегі прискуранты барлық республикаға бірдей баға болды (фото-4). Жүз грамм мен оған қоса берілетін тіскебасар бағасы көпке дейін арзан болғандықтан, совет одағында алькоголизм жаппай сипат алды.

Бірте-бірте бюджеттің қомақты үлесі осы арақ сатудан болды. Рюмочнаяның «Закусочная», «Кафе», «Бар», «24 часа» деген туысқандары пайда болды.

Осы арақтың кесірінен өнер мен әдебиет саласындағы қазақтың небір талантты адамы елге танылып, әсіресе спортта жарқырап келе жатып өшіп жатты. Біздің замандастарымның қаншасы араққа салынып, отбасынан айырылып, азып-тозып, өліп кетті.

Біз үйленген сексенінші жылдардың басынан бастап той арақсыз өтпейтін еді, сол кездегі өлшеммен арақ жетпей қалғанды ұят санайтын. Осындай жалған намыс үстемдік құрды.

Міне, біздің кезіміздегі қазақ жастарының басындағы жағдай еді. Талай қатарласымыз осы арақтың кесірінен отбасынан айырылып, өліп кетті. Мас болып төбелесіп, сотталып кеткендері қаншама? Үйленбей қалғандары да бар болды. Егер СССР тарамағанда ұрпағымыз азып-тозып кететін еді. Қазіргі жастар арақ ішпейді, соған шүкір.

1985 жылы М.Горбачев «Алькоголизмге қарсы» Қаулы қабылдамағанда, қазақ халқы да Сібір халықтары сияқты тегінен айырылып, түрі қазақ болғанымен, аты-жөні Иван Иванович Иванов болар еді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы-журналист

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: