Бұл ХVІІІ ғасырдың адам айтса сенбейтін ертегісі болды. Лифляндиядағы (қазіргі Эстония) шаруа Скавронский қайтыс болғанда, әйелі Доротея балаларын асырау қиын болған соң қызы Мартаны 12 жасқа келгенде пастор Глюкаға берді. Ол оған ол кезде мүмкін емес шаруаның қызының сауатын ашып, отбасына ас дайындайтын кухарка қылып қойды. Жетім қыздың шағымданатын ешкімі болмағасын, төсекке де тартты, күндіз уағыз айтып, түнде жас қызбен төсек қызығын көріп жүргенде, Марта да 17-ге келіп көзге түскесін шведтік драгун Иоган Краузе әйел қылып алады. Алайда Маренбург түбінде орыстар шабуылға шыққанда соғысқа кетіп қалғасын, қайтадан пастордың төсегінің сәнін келтіреді.
Сосын Тарту қаласын орыс әскерлері басып алғасын, Мартаны орыс солдаттары соғыс олжасы-трофей ретінде Ресейге алып кетеді. Осы кезден кухарка Мартаның ертегіге ұқсайтын өмірі басталды. Солдаттардан соғыс трофейін офицерлер тартып алады, офицерлердің төсегінен орыс армиясының қолбасшысы фельдмаршал граф Шереметевтің төсегінің қуанышы болып жүргенде, І Петр патшаның фавориті, князь Меншиковтың меншігіне өтеді. Содан соң белгілі Мартаның мамық төсі Ұлы Петр патшаны қызықтырады, осылайша кухарка Мартаның «соңғы аялдамасы» патшаның төсегі болды.
Европада оқып, талай сұлуды құшқан І Петр патша осы Мартаға әйелі Евдокия болса да үйленіп, некесін шіркеуде ресми түрде қиғаннан кейін Екатерина Алексейқызы Михайлова болып шіркеу кітабына тіркеледі. Патшадан сегіз бала туғанмен, екеуі ғана Анна мен Елизаветта тірі қалып, қалғандары шетінеп кетеді.
1725 жылы Екатеринаның қолында І Петр патша қаңтарда көз жұмған кезде билік қолына көшті. Таққа ол І Екатерина патшайым болып отырды, ұлықтаудан кейін Уралдағы қала Екатеринбург деп аталып, «Қасиетті Екатерина» ордені шығарылды. Сауаты мен етегін пастор Глюка қатар ашқандықтан, білімі алып империяны басқаруға жеткіліксіз болғасын көмекке баяғы төсектес болған князь А.Меншиков келіп, қырықтағы қылшылдап тұрған қатын патшаның төсегі мен тағына ие болды. І Екатерина патшайым патшалық құрған екі жыл ішінде князь Александр Меншиков Санкт-Петрбургтің генерал-губернаторы, адмирал, тіпті генералисимусс атағын алды. Барлық ертегінің соңы болатыны белгілі, 1727 жылы І Екатерина аяқ асынан қайтыс болды, оның денсаулығын патша сарайында құрған сауық-сайран, бал-маскарад пен кутеждер құртып кеткен болатын. Ертегі патша қатынның ойнасы Меншиков үшін де аяқталды, І Екатерина (Марта) қайтыс болғаннан кейін таққа отырған 11 жастағы ІІ Петрдің бұйрығымен Жоғары Құпия Кеңесі оның ісін тексеріп, бар атақ-дәрежесінен айырып, 1727 жылы 8 қыркүйекте Сібірге отбасымен жер аударды, сол жақта жарты жылдан кейін қайтыс болды.
Міне, беті жылтыр қатынның сұлулығы неге апарып соқтырғанын, алдағы материалдарымның бірінде бұдан да сорақы Ресейде патша болған ІІ Екатеринаның көңілді кутеж-қызықтары туралы жазамын.
Сұлу әйелдер қазақ халқында да көп болған, бірақ олар төсек мәселесіне келгенде адамгершілік қасиетті жоғары қоя білген, бірінші кезекте отбасы құндылықтарын сақтап қалған. Ел аузында ол туралы мынадай әңгіме сақталып қалған. Атақты Жиренше шешеннің жары Қарашаштың сұлулығы ақылына сай болған. Қарашаштың сұлулығы патшаға маза бермеген көрінеді. Патша үшін «сұлу қатын – көздің құрты» болғасын Жиреншені шалғай елді мекендегі дау-жанжалды шешіп келу үшін іссапарға жібереді. Жиренше кетісімен үйіне келеді де қолқа салады. Асқан ақылды Қарашаш патшаға: «Менің жұмбағымды шешіңіз, жауабын сосын беремін» деп, дастарқанға ас-суын дайындап, бір тостаған түрлі-түске боялған тауықтың жұмыртқасын, қойып «осыны тауысып жеңіз, сосын жауабын беремін» дейді. Патша «мені жұмыртқа беріп әлдендіріп алмақшы болған екен» деп жұмыртқаның барлығын жеп тауысып болаған соң. Қарашаш: «Патша ием, әр түсті жұмыртқаны жеп болдыңыз, енді маған қайсы жұмыртқаның дәмі қалай екенін айтып берсеңіз?» деп сұрақ қояды. Патша таң қалып: «Барлық жұмыртқаның дәмі бірдей, тек түсінің әртүрлігі болмаса», – дегенде, Қарашаш: «Сіз де сол әр түске қызығып келіп отырсыз ғой!», – дегенде патша орнынан ләм деместен тұрып кетіпті.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!