Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ТАСС мәлімдеуге өкілетті…» фильміндегі тыңшы «Трианонның» тарихы

16.06.2022, 16:30 584

HALYQLINE.KZ

1984 жылы тамыз айында совет телеэкранында «ТАСС мәлімдеуге өкілетті…» атты 10 сериялы фильм көрсетіле бастады. Фильм фантастикалық табысқа ие болды, фильм барысында көрермендер совет және американ барлаушыларының текетіресін көріп, эфир арқылы шығатын американдық «Трианонның» кім екенін білгісі келіп, фильмдегі басты рольдердің бірі ЦРУ резиденті Джон Глэббті ойнаған актер Вахтанг Кикабидзеге телефон соғып: «Трианон кім?» деп сұрап мазасын алған көрінеді. Ол да әзілқой актер ғой: «чекистер іздеп жатыр ғой» деп жауап қайтарған көрінеді. Фильмнің кешке әр сериясы жүріп жатқанда көшеде адам мен көлік қозғалысы күрт тіпті мүлдем азайған көрінеді. Бастапқыда фильмді КГБ-нің 20 желтоқсанда құрылғанына 65 жылдығына орай көрсетпекші болыпты.

Совет елінің басшылары Лос-Анжелесте өтетін «Олимпиада-84» басталатын күні көрсетіп, совет халқының назарын осы фильмге аударып, мұхиттың ар жағында олимпиада ойындарының өтіп жатқанына мән бермей ұмыттырғысы келген мақсаты іске толық асты десе де болады. Мәселе мынада еді, 1980 жылы АҚШ бастаған капиталистік елдер Ауғанстанға совет әскерлерінің басып кіруіне наразылық ретінде, Москва Олимпиадасына байкот жариялап қатыспаған еді. 1984 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тамыз айында өтетін «Олимпиада-84»-ке, енді СССР бастаған социалистік елдер қатыспаймыз деп байкот жариялаған болатын. Міне, сол кезде осы шпиондық 10 сериялы детективті көрсете бастады.

Фильмдегі оқиғалар мен адамдар өмірде нақты болған еді. 1979 жылы КГБ-нің шефі Ю.В.Андропов совет детектив жанрының корефейі, совет барлаушысының жиынтық образын ойдан құрастырып, өмірге Исаев-Щтирлецті әкелген Юлиан Семеновты шақырып, 2 жыл бұрын чекистер әшкерелеген американдық тыңшы «Трианонның» ісін атйып, кітап жазуды тапсырды. Ю.Семенов іске қызыққаны соншалықты тамақ пен ұйқыға 6-ақ сағат бөліп, күніне 18 сағат жазу столында отырып, «ТАСС мәлімдеуге өкілетті…» атты романды 16 күнде жазып шығарды. Осы роман бойынша екі режиссер фильм қоймақшы болып сценарийлерін ұсынғанда өтпей қалды. Режиссер Владимир Фокин роман авторымен бірде келісіп, бірде керісіп өз жобасын ұсынып, киноны түсіріп шығарды. Осы фильмде басты тыңшы Сергей Дубовты ойнаған РФ халық артисі Борис Клюев бір күнде танымал болды, көпшілік орындарда халық артынан: «Трианон» немесе «Трианонды қара» дейтін болған.

Фильмдегі ЦРУ-ге сатылған совет елшісі Дубов-Трианонның нақты прототипі болған Александр Огородник еді. Ол 1939 жылы Севастополь қаласындағы әскери теңізшінің отбасында дүниеге келді, адмирал Нахимов атындағы училищесінде оқып, оны алтын медальмен бітіргесін Ленинград қаласындағы Фрунзе атындағы әскери-теңіз училищесінде оқып жүргенде Совет армиясы мен Әскери-теңіз флотының Бас штабына қарасты әскери қарсы барлау қызметінен ұсыныс түскенде, болашақ мансабымның өсуіне керек болар деп «военный контрразведкасының» ұсыныс қабылдап, «Стахановец» деген лақап атпен «сексот» болады. Алайда, көзінің нашар көруіне байланысты флот офицері бола алмады. Барлау орындарының көмегімен Москва Халықаралық Қатынастар Институтына оқуға түседі. МГИМО-ға Нахимов училищесін алтын медальмен бітірсе де Огородник түсе алмайтын еді, МГИМО-ға Саяси Бюро мүшелерінің, ЦК КПСС-тің, Министрлердің балалары ғана түсе алатын, оқу орнын бітіргесін шетелде қызмет істеп «әкелері жамандаған» капиталистік өмірдің рақатын көретін. 1967 жылы Александр Огородник МГИМО-ны бітіргесін аспирантурада оқып, кандидаттық дессертациясын қорғап, экономика ғылымының докторы атанды.

1974 жылы А.Огородникті СССР МИД-і оны Колумбия астанасы Боготадағы совет елшілігіне жібергенде жаңа үйленген келіншегімен қуана әрі асыға аттанып кетті. Институт қабырғасында жүргенде-ақ, Огородник қыздармен бейберекетсіз жүргендіктен, жаңа қызметке келгенде елшілік қызметкері Ольга Сероваға (кинода Ольга Винтер) елге барғасын әйеліммен ажырасамын деп, төсек қатынасында болды. Елшілік қызметкерлерін сыртттай Колумбия барлау органдары бақылап отырғандықтан «қатынқұмар» Огородник бірден көзге түсті, көп ұзамай Колумбия университетінің қызметкері Пилар Суарестпен өзінше кездейсоқ таныстым деп ойлаған Огородник, қараторы осы Пиларды төсекке тез тартып көндірдім деп масаттанып жүргені көпке созылған жоқ, Пилар «жүкті болып қалдым» деп көз жасын көл қылып жатқанда, келесі бөлмеде тыңдап отырған ЦРУ-дің агенттері сау етіп кіріп келіп бұдан шығатын жалғыз жолды көрсетті, олай болмаған жағдайда төсектегі түрлі позада түсірілген интим фотолары Москваға жіберілетінін мәлімдеді. Бұл мансабына нүкте қоюмен қатар, түрмеден де шығатынын білген Огородник амалсыз ЦРУ-дің тыңшысы болуға қол қойды. Ал, Пилар Суарест өзі сияқты ЦРУ-дің кәсіби барлаушысы еді. Ол осылайша «екі жақты агент» болды, совет барлауындағы лақап аты «Стахановец» болса, американ барлауында «Трианон» болып эфирге шықты. Колумбияда жүргенде жеке стомотологиялық кабинетте тіс емдетумен қатар Москваға барғаннан кейін қалай байланысқа шығу жолдарын, контейерді қалай жасырып және табу жолдарын үйренді.

1976 жылы Огородник Москваға келген соң СССР Сыртқы істер министрлігіндегі «АҚШ-ты басқару және жоспарлау» құпия бөлімінде сарапшы болып қызметке тұрды. Көп ұзамай ЦРУ-ге Трианон «Совет-Қытай қатынастарының переспективалары» деген өте құпия құжат жіберді. Сол кездегі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Генрих Киссенджер бұл құжатқа өте жоғары баға берді. Бұған СССР МИД-і дереу дабыл қағып, КГБ-ге хабарлады. Құпия құжатқа кімдердің қатысы бары анықталып сырттай бақылау орнатылды. Сол кезде Огородниктің ашынасы Ольга Серова қайтыс болды, таныстарынан Ольга тұмаудың асқынған түрінен қайтыс болды дегенін естіген чекистер түнде дереу моладағы мүрдеге экзумация, сараптама жасағанда Сероваға совет одағында шығарылмайтын белгісіз у берілгені анықталды. Трианонды ұстау үшін «Агроном» (фамилиясына сай) операциясын іске асырды.

1977 жылдың 21 маусымында Краснопресненская №2 үй №1 пәтеріне кіре берген Огородник тұтқындалды. Сол жерде алғашқы жауап алынғанда әйелімен ажырасқанмен Серовамен азаматтық некеде тұрғанын, соңғы уақытта Ольга тыңшы екенін сезе бастағандықтан у бергенін мойындады және үш күннен кейін контейерді ЦРУ агенті алуға келетінін жазып үлгереді. Сол кезде өзінің екі барлау орнына бірдей қызмет еткені үшін кешірім болмайтынын білгендіктен, жазып отырған пружиналы авторучкасының бармақпен басатын жерін тістеп қалып, капсульдегі уды жұтып қойды, дереу «Жедел жәрдем» шақырғанмен ауруханаға жетпей өліп кетті. Контейер алып кететіні белгілі, не істеу керек, сол кезде КГБ ойынды аяғына дейін апаруды жөн деп шешті, ол үшін оларға тірі Трианон керек болды. «Мосфильм» киностудиясының гримерлері өз шеберліктерін көрсетті, санаулы сағатта КГБ қызметкерінен тірі Трианонды жасап шығарды және 5 метр жерден ешкім ажырата алмайды деп кепілдік берді. Осылайша Трианон үш күн бойы жұмысына барып-келіп және шартты жерде «Волгасының» капотын ашып, контейер орнына салынды деген белгіні мүлтіксіз орындады. Осы 3 күн ішінде опреацияның өте маңыздылығына байланысты «жасанды» Трианон, яғни КГБ қызметкері қайтыс болған өзінің әкесінің жерлеуіне бара алмай, бір уыс топырақты да тастай алмады.

Үш күннен соң Новодевичьев монастыріне қарсы Краснолуганеский мостындағы контейерді алып жатқан АҚШ елшілігінің қызметкері ЦРУ-дің құпия агенті Марта Петерсон ханымды «айғақты затымен» КГБ қызметкерлері (кинода ер адам) ұстады.

Осыған байланысты ТАСС мәлімдеме жасап, СССР-дегі АҚШ елшісіне «наразылық нотасын» тапсырды.

Суреттерде: Екі «Трианон» кинодағы С.Дубов және өмірдегі А.Д.Огородник, ЦРУ тыңшысы Марта Петерсонды тайниктен контейерді алып жатқан жерде тұтқындау сәті.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: