Жеңіске – 80 жыл
Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған азамат, екі соғыстың ардагері, белгілі ақын, тарихшы, шежіреші, сазгер және әуесқой актер, шахматтан облыс чемпионы, менің ардақты ұстазым Қалибек Бекетовты Жалаңтөс баһадүрдің ұрпағы ретінде Қазалы халқы жақсы біледі.
Қ.Бекетов 1924 жылы Қазалы ауданы, Қарашеңгел ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Жасынан оқуға зерек болған соң, 1941 жылы мектеп бітіруі бойынша мұғалімдердің жетіспеушілігіне байланысты Абай колхозындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
1942 жылы қызыл армия қатарына шақырылып, әскери училищеде оқып, старшина шенімен майданға жіберіледі. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен, Курск түбіндегі қырғын шайқастан аман шығады. Майдангер соғысты Берлинде аяқтады. Сосын қара паровоз, қызыл вогонмен қиыр Шығысқа қарай аттанып, жапон басқыншыларын талқандауға қатысып, екі жылдан соң әскерден босатылып, 1947 жылы елге келеді.
Қазалыға келген соң анасы Айымжан егістіктен қайтқанда үйдегі ашқұрсақ балаларына қуырып беру үшін жерде қалған бидай түйірлерін біртіндеп теріп, қос уыс болғанда жаулығының ұшына түйіп алып келе жатқанда, бригадирге ұсталып қалып, 10 жылға сотталып кеткен еді. Мұны естігенде Қалибек есінен танып қала жаздайды. Орысша сауаты анасын құтқаруға себепші болды. Поштаға барып: «Шұғыл. Москва. Кремль. Сталинге» деп жеделхат салып, өзінің екі соғысқа қатысқанын, ерлігі үшін екі орден мен медальдармен марапатталғанын, Жоғары Бас Қолбасшы өзінен алған екі Алғыс хатын, соғыстан соң 2 жыл бойы керек әскери маман ретінде Забайкаль әскери округінде әскери қызметте болғаның алға тартып, анасына рақымшылық жасауын өтінді. Қуанышты хабар 1 айдан соң келді, осылайша анасы Айымжанды сонау Сібірден босатып алды.
Қазалыдағы №67 (70) мектепте ұстаздық қызметін атқара жүріп, Қызылорда пединститутының тарих факультетін сырттай бітіріп алды. Қалибек ағайым өзінің саяси сауаттылығы арқасында бірнеше рет НКВД-ның құрығынан аман қалды. Ол кезде Қазалыдағы НКВД-ның ғимараты Счастнов көшесі 13-үйдегі биік дуалмен қоршалған еді, оны қазір Ұялы көшесі жағынан көруге болады. Сол жерге шақыртып алған милиционер Ықылас Ойнаров: «Сенің бауырларыңның аттары неге Жақыпбек, Жүсіпбек, Әшірбек деп аталады, барлығың феодалдық заманды аңсап жүрсіңдер ме?» деген арандату сұрақтарына тойтарыс береді.
Жарты ғасыр бойы шәкірттеріне білім нәрін сеуіп, тарих, география, құқық, математика, сурет, сызу, ән, дене тәрбиесі пәндерінен сабақ берумен қатар қолынан қаламы түспеген ақын болды. Өзі «ақындық нағашымнан дарыған» деп айтып отырушы еді. Анасы Айымжанның ағасы Нұржан елге танымал ақын болған, аудандағы басшылық қызметте жүргенде 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен. Баһадүр бабасы Жалаңтөс туралы ел аузынан жылдар бойы жинаған мол шежіресін естігендіктен, 1991 жылы қазақ теледидарының «Атамекен» бағдарламасының журналистері келіп, сұхбат алып кетті.
Аудандағы барлық іс-шараға қатысатын өнерпаз болуымен қатар домбыра, мандолина, сырнай, пианинода еркін ойнайтын. Пинино деген ол кезде бір бұзаулы сиырдың бағасы еді, қолжетімсіз еді, «жазғы демалыс ақшам жеткесін, балаларыма сатып алып бердім» деген болатын жарықтық. Дарқан жүректі азамат әуесқой актер де болды. Қазалы халық театры қойған Конейчуктің «Платон Кречет», 1965 жылы Ә.Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» спектаклінде басты рольде ойнады. 1978 жылы Целиноград қаласында өткен бүкілодақтық 1-ші көркемөнерпаздар фестивалінде Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен Тер» спектакліндегі Құдайменді болыстың ролін шынайы ойнағаны үшін бүкілодақтық фестиваль лауреаты атанды.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс ардагері Қалибек Бекетовке аудан орталығынан көше атуы берілді. Балалары әкесінің «Қазағымды, Қазалымды жырлаймын» атты өлеңдер жинағын шығарды, бір айта кететін жағдай бұл кітап екі рет жарық көрді. Өмірінде адам баласын ренжітіп көрмеген кең пейілді, дарқан мінезді азамат 1992 жылы қайтыс болды. Замандастарының алды болған, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат, құдай қосқан қосағы Әлифа екеуі 3 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. ЖОО бітірген балалары әртүрлі мамандық иелері, ардақты әке атын үнемі қастерлеп отырады.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!