Гитлерге арналған бункер Германия мен Польшада болғандығын біздер кино фильмдерден талай көрдік. Ал, Бас қолбасшы Иосиф Сталинге арналған бункер Москва, Ярославль, Горкий, Қазан, Ульяновск, Сталинград, Куйбышев қалаларында болғанын қазір де, кезінде де ешкім білген жоқ. Солардың біреуі ғана Кубышев қаласындағы бункері туралы айтқым келіп отыр. Бұл бункердің тереңдігі – 37 метр, яғни 12 қабат үймен бірдей еді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Гитлерге Берлинде арнап салған, соғыстан соң жарып жіберіп көміп тастаған бункердін тереңдігі 16 метр болса, Ұлыбритания премьер-министрі У.Черчилльдің Лондондағы бункері 6 метр тереңдікте болды. Енді әлемде теңдесі жоқ, бұл бункердің қалай салынғаны туралы айтайын.
1941жылдың 15 қазанында фашистік дивизиялар Москваға 16шақырым жерге дейін жақындап келді. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Куйбышев қаласына СССР Жоғары Кеңес Президиумын, Халық Комиссарлар Кеңесін, Қорғаныс Комитетін, барлық дипломатиялық миссияларын көшіруге шешім шығарды. Осы шешіммен бірге Куйбышев обком ғимаратының астынан И.В.Сталинге арналған бункер салу үшін құпия бұйрық шығарды. Бункер жобасын және оны іске асыру сәулетші және инженер Юлиан Островскийге жүктелді. Ю.Островский өзімен бірге бекітілген 115 құрылыс инженері мен Москва метросын салған 597 құрылысшымен асығыс аттанып кетті.
Бункер жұмысы өте құпия жүргізілгені соншалықты, сол маңайда тұрған тұрғындар іргесінде алып құрылыс жүргізілгенін байқамапты. Осы күнге дейін жер астындағы 25 мың шаршы метр топырақ сыртқа қалай байқаусыз шырылғаны белгісіз болып отыр. Бункер жұмысы үш ауысымда тәулік бойы жүргізіліп, тоғыз айдан аз уақыт ішінде, 1942 жылдың 1 қарашасында «аса құпия нысан» пайдалануға берілді. Алайда бас сәулетші Юлиан Островский, барлық құрылыс инженерлері мен метро құрылысшылары бір күнде жоқ болып кетті. Содан бері қанша жыл өтсе де, бұл бункер қалай салынғаны туралы бір дерек жоқ. Тек әрбір жұмысшы «мемлекеттік құпияны жарияламау туралы» қолхат жазып бергені ғана белгілі. Не бәрі 713 адамның аз уақыт ішінде күні бүгінге дейін теңдесі жоқ бункерді ешқандай техникасыз қалай салғаны белгісіз болып қалды.
Енді бункерге қалай кіретінін айтсам, Куйбышев обкомының холлындағы екінші қабатқа көтерілер тұста белгісіз ағаш есікті НКВД кезекші тәулік бойы күзететін. Осы ағаш есікті ашқанда, сүңгуір атом кемесіндегідей брондалған темір есік бункерге апаратын еді. Жиырма метр төмен түскесін ұзындығы 50 метрлік дәліз бойындағы 1 және 4 қабаттағы бөлмелерде байланыс офицерлері, Сталиннің көмекшілері, Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің мүшелері, азық-түлік қоры, жарық беретін генератор бөлмелері орналасты. Бас қолбасшы Сталиннің кабинеті 34 метр тереңдікте орналасты. Кабинет Кремльдегі кабинетінен еш айырмашылығы болмады, қабырғада Суворов, Кутузов портреттері ілулі тұр. Кабинеттегі жиһаз да сол күйінде тұр. Кабинетте алты есік бар, дәл Кремльдегідей, оның 4-еуі – алдамшы есік, 5-шісі кіріп-шығатын есік болса, алтыншысы – санузельге апаратын есік. 1942 жылы шығарылған раковина мен унитаз әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ аумағы 72 шаршы метр болатын, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 28 мүшесіне арналған мәжіліс залында Маркс, Энгельс, Ленин портреттері ілулі тұр.
Осы Кубышев қаласында авиациялық завод көшіріліп келген соң 35 күннен соң, алғашқы Ил-2, Ми-3 ұшақтарын шығара бастады. 1941 жылдың 23 желтоқсанында завод директоры Третьяковқа Сталин: «Жолдас Третьяков сіз елімізді жерге қараттыңыз, Қызыл Армияға күніне 1-2 дана ғана ұшақ беріп, мазақ қылмаңыз. Бұл үшін басыңызбен жауап бересіз. Соңғы рет ескертемін» деп телеграмма жіберді. Осындай телеграмма алған Третьяковтың жағдайын көз алдыңызға елестетудің өзі қандай қорқынышты, замандастар естелігіне қарағанда завод директорының шашы ағарып кеткен көрінеді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған жанкешті еңбегінің арқасында, аз уақыт ішінде завод күніне 26 ұшақ шығаратын болды. 1943 басында завод директоры Сталиннен жаңажылдық құттықтау телеграммасын алды. Сол жылы Третьяковқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Заман солай болды, Сталин айтты, орындау керек, орындамаса соғыс жағдайына байланысты атылатын.
Суретте: 1.Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің мәжіліс залы.
2. Cамара (бұрынғы Кубышев) обкомының ғимараты, астында бункер орналасқан.
3. Сегіз қабатты бункердің жарып көрсеткендегі сызбасы.
Бақытжан Түменбай,
тарих пәні мұғалімі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!