Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Тағы да алыс тарихқа сәл шегініс жасап, қазақтың дербес ұлттық мемлекеттілігі жайын еске ала кетейік. Қазақ Ордасының іргесі өз атамекенінде, Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі тарихи жағдайда қаланып, аз уақытта осы күнгі аумағынан да көп жерді алып, тарих сахнасына шықты. Халқымыз 17-ші жүзжылдықтың алғашқы жартысынан бастап екі ғасыр бойы өз жер-суын қорғау үшін, шығыстан дүркін-дүркін киліккен Жоңғар хандығының апатты шапқыншылығына, терістігі мен батысынан кимелеген орыс империясы казактарының, башқұрттары мен қалмақтарының қанды жорықтарына қарсы ұдайы соғысуға мәжбүр болды. Ұлттық бірлікті терең сезінудің арқасында, ғасырлар бойы аттан түспей, елінің алып аумағын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, сақтап қала алды.
Үздіксіз соғыстан қажып, титықтаған елдің басшылығын Ресей империясының үкіметі 18-ғасырдың 30-жылдары айла мен арбау әдістерін оңтайлы қолдана отырып, батыс өлкені протектораттыққа алуға көндірді де, сол ғасырдың аяғына қарай қазақ жерін өз құрамына күшпен қосып алуға кірісті. 19-ғасырдың алғашқы жартысында орыс патшалығы қазақтың мемлекеттілігін толығымен жойды. Отарлаушыларға қарсы көтерілген қозғалыстардың бәрін қан-жоса етіп тұншықтырды. 19-ғасырдың екінші жартысында оңтүстік өлкені жаулап алды.
Осылай, қазақ жер-суын империяға қосып алу аяқталды. Мұстафа Шоқай кезінде тура атап айтқандай, мылтық кезенген орыс солдатының артында ұдайы соқа сүйреткен орыс мұжығы ілесіп жүретін: сөйтіп, ішкі губерниялардан қоныс аударушыларды көшіріп әкеліп орнықтыру арқылы, патша өкіметі басып алған аумақтарын орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысты. Өстіп, Ресей империясы отарлаудың ең қатыгез де арсыз, мейлінше зымиян түрімен шұғылданды. Бұл жұмыс 1891 жылғы «Дала ережесі» деп аталған заңнамалық құжаттан соң мүлдем қарқындата жүргізілді. Күллі қазақ жер-суы мемлекет меншігі деп жарияланды. Соның негізінде қазақтардың шұрайлы қоныстары орыс қоныс аударушылары үшін озбырлықпен тартып алына бастады. Халық рухани қыспаққа түсірілді, мешіттер салуға тыйым салынып, шіркеулерді көбейту және жергілікті халықты шоқындыру әрекеттері орын алды, империяның отардағы болашақ сенімді орындаушы-қызметшілерін әзірлеу үшін балаларды орыс мектептерінде оқытуға мәжбүрледі.
Кеңес өкіметі тұсында жер-су да, сана да жаңаша отарланды. Әйгілі орыс революциялары барысында қазақ ұлт-азаттық қозғалысы дамып, жеңісті шыңына шыққан-ды: 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда жаңа, демократиялық Ресей Федерациясының құрамында болуға тиіс автономияның «Алаш-Орда» Халық Кеңесі сайланды. Алайда ұлттық үкіметті тап туын көтерген совет өкіметі қош көрмеді. 1920 жылғы 26 тамызда заңи сұлбасын бекітіп, сол жылғы 4–12 қазандағы Құрылтайшы съезде автономиялық республика құрып берді. Халық таптық негізде болса да «мемлекеттілігімізді қалпына келтіріп жаңғырттық» деп қуанды, алайда империяның жаңа кейпін киген кеңес өкіметі оны сол 20-жылдардан бастап-ақ жаңаша ауыздықтады. «Большевиктердің аштық саясаты» (М.Шоқай) көшпенді жұртты Ұлттық апатқа ұрындырды: қазақ 1917–1918 жж. жалпы мөлшерінің бір ширегін, 1921–1923 жж. сол кезгі мөлшерінің тағы бір ширегін, ал 1931–1933 жылдары – аштан қырылғаны бар, шамасы жеткендердің шет елдерге асып кеткені бар, сол қарсаңдағы санының жартысын жоғалтты. Ашаршылық зобалаңы мен оған астастыра басталған репрессиялар, әсіресе Үлкен террор ұлттық сананы ойсырата деформациялады.
Жер-суы мен халқы Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеуден соң бір шаңырақ астына топтастырылған кезеңде қазақ халқы республика тұрғындарының үштен екі бөлігінен астамын құрайтын. Сол кезде биліктегі қазақ азаматтары «1920 жылы жарияланғанмен, шынайы келбетіне ие бола алмаған ұлттық республика үшін ұдайы күресіп келгендерін, енді, екі өлке жер-суы барша жұртымен бірігіп, халықтың алпыс сегіз пайызы қазақ болуы – бұл күрестің аяқталуын көрсетіп тұрғанын, сонымен бірге осы сәттің оны (ұлттық республиканы) жасау жолындағы жасампаз жұмыстың басталуын білдіретінін» айтқан еді. Алайда жаңа тұрпатты отаршылдар ондайды (шын мәніндегі ұлттық республиканың орнауын) қаламайтын, сондықтан да орталық өзіндік ой-пікірі бар қазақ азаматтарын биліктен тез тайдырды. Республика азаматтарын жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыратты. Тәркілеу, отырықшыландыру, ұжымдастыру сынды күшпен жүргізілген солақай реформаларға қарсылық ереуілдерін «бандылар қозғалысы» деп атап, қарулы әскери жасақтармен қисапсыз қырғын жасай отырып басты (кеңес билігі тұсында саяси жазалаулардың нақақ құрбаны болған 340 мыңнан астам адам, соның ішінде тек 1937–1938 жылдары сотталғандардың 120 мыңдайы және атылғандардың 25 мыңдайы Тәуелсіздік жылдары ақталды).
Фашизммен соғысқа халқымыз жарты миллионға жуық ұл-қызын аттандырды (олардың төрттен үш бөлігі майдан далаларында қаза тапты), әскери-өндіріс орындарымен бірге орталықтан қоныс аударғандарды, өз тарихи отандарынан сенімсіздік танытылып күшпен көшіріліп әкелінген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін – үлкенді-кішілі диаспораларды құшақ жая қарсы алып, баспанасымен, нан-суымен риясыз бөлісті. Өкіметтің тартымды уәделермен бүркелген алдамшы саясаты ашаршылық апаты салдарынан босап қалған кеңістікке Одақтың еуропалық бөлігінен, Сібірден көшіп келушілерге есікті айқара ашып қойды. Алып қазақ даласы концентрациялық лагерьге айналдырылып, Кеңес Одағының шартарабынан тасымалданған сотталғандар күшімен казармалық социализм көрігі қыздырылды. Индустрияландыру, тың игеру ұрандарымен қазақ жеріне жаңа өмір құрушыларды топырлата төгу арқылы ел аумағын жаңаша отарлап, «патша өкіметінің ғасырлар бойы қолынан келмеген істі кеңес өкіметі бір-екі-ақ жылда жүзеге асырды» (Н.Хрущев). Республика картасында Кеңес Одағының шартарабынан өзге жұрт өкілдері өздерімен ала келген бөтен географиялық атаулар жыпырлап, қазақ ауылдары олардың ара-арасында ұсақ аралдай шашылып қалды. Қазақтың дәстүрлі экономикасы тұралатылды, санасы шегенделді, ұлттық мектептері жаппай жабылды. Билік күшімен осылай қалыптастырылған жағдай қазақ балаларын орыс мектептеріне беруге мәжбүрледі. Мемлекеттік, шаруашылық және қоғамдық тыныс-тіршіліктен қазақ тілі түгелге жуық дерлік дәрежеде ығыстырылып шығарылды, «коммунизмге бір ғана орыс тілімен бару» ұраны көтерілді, «орыс тілі – екінші ана тілі» ұғымы өмірге енгізілді. Қазақтың өз жерінде халықтың үштен біріне де жетпейтін деңгейге түскен мүсәпір қалпын, тілін, тарихын, мәдениетін, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін ұмытудың аз-ақ алдында қалған қасіретті ахуалын өзге түгіл өзіне де білгізбеу саясаты жүргізілді. Орыстандыру мен отарлау саясаты жеңісті шыңына шыққан елуінші жылдардың ортасында қазақ республика тұрғындарының үштен біріне де жетпей, 29 пайыз боп қалды. Тек содан бері халқымыздың бастан кешкен демографиялық дүмпу үдерісі нәтижесінде ғана қазақ халқы 70-80-жылдары ес жиып, қатарын көбейтті, «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» деп әспеттелген саясат ауқымында мүмкіндік берілген деңгейге дейін сапалық тұрғыда да ілгерілей бастады.
Ұлттық сана-сезімі оянған қазақ жастарының 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда орталықтың империялық озбырлығына қарсылық білдірген демократиялық қозғалысына төзбеген астам билік әскери күш қолданып, отар құлдарының метрополияға қарсы шыққан ақтық ұлт-азаттық көтерілісін тұтандырды. Желтоқсан ереуілі аяусыз басып-жаншылды, оның себеп-салдары жұртшылықтан жасырылып, мыңдаған азаматқа – жұмыстан, оқудан шығарудан және партиялық, комсомолдық жазалар беруден бастап, қисынсыз жалған айыптармен соттауға дейін – түрлі репрессиялық шаралар қолданылды.
Мемлекеттік тәуелсіздік тұсындағы ахуалға назар аударайық. Бұл орайда қолдағы ірі жетістіктеріміз жайындағы көпке мәлім деректерді қайталамай-ақ, кейбір кемістіктерімізді еске сала кеткен дұрыс. Мәселен, 1991 жылы Мемлекеттік тәуелсіздік акті қабылданғанда, жоғарғы билікте қазақ мүддесін көздеуден бойын аулақ салатындар қатары мол болғандықтан шығар, сол кезгі парламент содан бір жыл бұрын жария етілген Тәуелсіздік декларациясы тұжырымдарын нақтылап орындамады: егемен ел атауын «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» тіркесінен тек идеологиялық анықтауыш сөздерді алып тастап, «Қазақ Республикасы» етіп қалдыра алмады. Соның салдарынан «Қазақстан Республикасы», яғни «Қазақелі Республикасы» – халықтың емес, географиялық ұғымның республикасы деген мағына беретін тіркеске тоқталды. Бұл ел мен жер иесі болып табылатын қазақ халқына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді парыз ретінде сезінбеудің, шындап келгенде, оны сыйламаушылық пен менсінбеушіліктің нақты көрінісі еді. Одан бергі оқиғалар сол көзқарасты түзеуге билеуші элитаның аса ынталы емес екенін дәлелдей түсуде.
Большевизм тұсындағы қасіретті бұрмалаулар үшін жалпы советтік билік те, Қазақ Республикасының қуыршақ үкіметі де ешқандай жауапқа тартылған жоқ. Олардың әр кезеңдегі қылмысқа пара-пар қызметі, тіпті, тәуелсіздікке жол ашқан Желтоқсан көтерілісін лайықты ұлықтамау, қайта, оны мансұқтау әрекеттері үшін қазіргі тәуелсіз мемлекетіміз тарапынан опыну сезімі көрінбеді. Бұл құбылыстарға саяси баға берілмеді. Әр кезеңдегі бас айыпкерлер мен санасыз қолшоқпар-орындаушылардың атын атап, түсін түстеп жария ету, тазару, жаңару шаралары (люстрациялар) жасалмады. Патша өкіметі өркениетке жеткізу желеуімен бастап, кеңес өкіметі жаңарған тәтті де жалған ұранмен жалғастырған, жер-суды, шаруашылық тыныс-тіршілікті, сананы отарлау арқылы қазақтың елдігін жан-жақты шеңгелдеген ахуалдан құтылудың деколонизация сынды жүйелі арылу бағдарламасы қабылданбады. Соның салдарынан ескі жүйенің коммунизм құрушы сенімді қызметшілері мұрттарын балта шаппастан демократиялық тұлпарларға ауысып мінді де, енді капитализмнің криминалды реформаларын жүргізуге кірісті.
Титулды ұлт пен этностық топтар, ұлыстар өкілдері арасындағы, діндер араларындағы мақтанышпен айтылатын төзімділікті, тұрақтылық пен тыныштықты сақтау мақсатында бар салада да қазақтың ұлттық мүддесі екінші қатарға ысырылумен келеді. Мәселен, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Тәуелсіздіктен екі жыл бұрын жарияланғанмен, содан бері үш онжылдықтан астам астам уақыт өтсе де, әлі тиісті тұғырына қондырылған жоқ. Конституциялық талапты бірінші кезекте билік тармақтары, мемлекеттік аппараттар, бюджеттік мекемелер, оның ішінде қаржы-қаражат, салық орындары орындамады. Тиісінше, мемлекеттік тілге қажеттілік ахуалы жасалмады. Соның салдарынан, іскерлік мақсатпен Қазақстанға келген шетелдік компаниялардан, шағын және орта бизнестен, шетелмен бірлескен кәсіпорындардан мемлекеттік тілде қатынас жасау талап етілмеді. Көруге қолайлы уақытта жекеменшік түгіл, мемлекеттік телеарналардың өзі қазақ тілінде бағдарламалар көрсетпеді. Телеарналардан хабар тарату уақытының кемі жартысын мемлекеттік тілде берудің тілдік ортаны қалыптастырып-дамыту үшін талап етілетіні анық жазылған заңдарды соны қадағалайтын министрлік пен соттардың өзі бұрмалап, «елу пайыздық талап орындалып отыр, заң бұзылған жоқ» деп, сауатсыздықпен үндескен бейпатриоттық ұйғарым жасаудан танбады.
2009 жылы қазақтың үлес салмағы мемлекеттегі халықтың үштен екісінен асып, 1924 жылы орын алған жағдайға сексен бес жылдан кейін қайта жетті, тиісінше, тағы да шын мәніндегі ұлттық мемлекет жасауға қолайлы тарихи сәт туды. Осы орайда Қазақстандағы диаспоралардың баршасы қазақ халқын шын құрметтейтінін іс жүзінде көрсетіп, оны мемлекетұйыстырушы ұлт ретіндегі тарихи орнына көтеру үшін, төңірегіне тығыз топтасуға тиіс. Әр кезгі биліктің солақай саясаты салдарынан қазақ халқының кемсітілуіне, тарихи құқықтарының шектелуіне өз еріктерінен тыс, жанама түрде болса да, қатысты болғандықтарын ірілі-ұсақты этностық топтар білгені жөн. Соны сезіну арқылы саналы түрде қазақ ұлтының қасына топтасып, ұлттық мемлекет құрылысына бір кісідей атсалысуды мұрат етуі керек. Мұндай ерік-жігер шын мәніндегі ел тұтастығына қызмет ететін ұлттық мемлекет орнатуға қажет келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланады. Ал бұл – қазақ ұлты мен қазақ жерінде тұратын күллі ұлыс азшылықтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлескен ахуалда ұлттық мемлекетті тиянақтап орнату – болашақта кемел азаматтық қоғам құруға бекем кепілдік беретін жайт. Мұны қош көрмейтіндердің, «неліктен қазақтар мемлекет ұйыстырушы деп саналу керек, қазақтан өзгелер де салық төлеушілер ғой» деп көлгірситіндердің нағыз арандатушылар, тәуелсіздіктің мысықтілеу жолбикелері екенін ашып айтатын уақыт жеткелі қашан.
1990 жылғы Декларацияда жария етілген ұлттық мемлекет құру мақсатын жүзеге асыру жолында Қазақстан Республикасы халқының ұлттық бірлігін қамтамасыз ету, қалыптастыру және нығайту – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін баянды етудің, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы стратегиялық басымдықтарды іске асырудың негізгі шарты болып табылады. Қазіргі таңдағы жағдайда ұлттық мемлекет құрылысын саналы түрде жүргізудің, халықтың ұлттық бірлігін арттырып, қоғамды тұтастыру мен ұйыстырудың өзектілігі арта түседі. Ал осы мақсатқа апарар шаралар жүйесіне, айтылып жүрген мәселелермен қатар, еліміздің барлық азаматтары өздерінің қазақтың ұлттық мемлекеттігіне қатыстылығын терең сезінетіндей құндылықтар жүйесін қалыптастыруды қосқан жөн болар еді. Тарих арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беру ләзім. Әсіресе империялық Ресейдің қазақ халқын мемлекеттілігінен айыруына, елін отарлауына, одан, кеңес империясы жол берген алапат ашаршылықтарға, үнемі жүргізілген саяси қуғын-сүргіндерге, қарсылық қозғалыстарға, жасырын ұйымдарға, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне саяси және құқықтық баға беру және оны кең көлемде насихаттау қажет-ақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бүгінде кең көлемде жұмыс бастап кеткені белгілі. Жұртшылық бұл істің сәтті болуына тілектестікпен қолдарынан келгенінше септесуге ынталы болуға керек.
Аштық ұрындырған Ұлттық апат құрбандарының санын нақтылауға әркім үлес қоса алатынын есте ұстайық. Мәселен, қазақ тумысынан шежіреші, әр отбасы өз әулетін жеті атасына дейін түгендеп, ашаршылықта үзілген бұтақтарын дәл айта алады. Жер-жердегі өлкетану музейлері жанынан арнайы іздеушілер тобын құрып, осындай шежірелерді жинастырар болсақ, аштық құрбандарының аты-жөнін, шыққан тегін ашып айтуға, сөйтіп аруақтарға атаулы құран бағыштауға мүмкіндік туады.
Мынаны есте ұстайық, жасанды ашаршылықтар – солақай реформалар салдары, шындап келгенде, халықты қырғынға ұшыратқан мемлекеттік қылмыс болатын. 1936 жылғы сталиндік конституция бойынша Ресей құрамындағы автономиялық республиканы сол Ресеймен терезесі тең одақтас республика дәрежесіне көтеру, турасын айтқанда, «социализмнің жеңісі» ретінде дәріптей отырып, қылмысты ұмыттыру тәсілі еді. Сондағы миллиондаған құрбан аруағына тағзым ету тәуелсіздік жылдары ғана қолға алынды. Қазіргі таңда ашаршылық пен репрессиялар құрбандары жерленген орындарды анықтап, бастарына белгілер, ескерткіштер қою жұмыстарын жалғастыру, мемлекеттік мұражайларда арнайы бөлімдер ашу қажет-ақ.
Жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және оның қарсаңындағы жұмада жер-жерде, оқу орындарында, мекемелер мен кәсіпорындарда аштық душар еткен Ұлттық апат құрбандарын еске алу шараларын өткізуді, мешіттерде, шіркеулерде, ғибадатханаларда арнайы дұғалар оқуды ел көлемінде ұйымдастырып, дәстүрге айналдыру ләзім.
Мұның бәрі Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысына зор қолдау көрсетушілік болары сөзсіз. Осы орайда белгілі ақын, сатирик жазушы Қазыхан Әше ұзақ жылдар бойы іздестіріп, жинап келе жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының (жиырма мыңнан астам боздақтың) деректері мен тізімі комиссияға көп жәрдем тигізетінін атап айтқан жөн. Ол тек қасіретті кезең деректерін анықтаумен ғана шектелмей, тарихтың көпке беймәлім қаралы беттерін жаңғыртатын мақалалар жазып жүр. Осындай іске барша азаматтың атсалысқаны жақсы болар еді.
Қуғын-сүргін шындықтарын білу тарихи сананы дұрыс қалыптастыруда маңызды орын алады. Өзімізді өзіміз, жас ұрпақты шыншыл тарихпен тәрбиелеуде өткен жолымызда орын алған маңызды кезеңдердің ешқайсысын да ұмытпауымыз керек. Бұл – тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіс қайраткерлердің сенімді тобын жасақтаудың бірден-бір жолы. Болашағымыз баянды болсын десек, өткенімізді жақсы біліп алуға тырысайық, жаманынан жиренейік, жақсысынан үйренейік. Тарихи жолымыздың әр кезеңінен әділ қорытынды шығарып, жіберген кемшіліктерімізді қайталамайтын болайық. Қазақтың мемлекет құрушы ұлт ретіндегі тарихи тұғырына қондырылуына елімізде өзімізбен бірге тұратын барша ұлт шашырандылары (этностық топтар, диаспоралар) бір кісідей атсалысатын жағдай орнатайық. Қазақ ұлттық мемлекеті – бүткіл қазақстандықтың жарқын болашағы! Осыған мән бере білейік.
15 сәуір 2021 ж.
(Соңы. Басы өткен санда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!