Сонау бала кезімде, Шығыстың алыс бір еліндегі Рукн-әд-дин атты сұлтанның пейіштей бағында («Сады султана Рукн-ад-дина») 12-13 жастағы жасөспірімдерді әскер өнеріне қалай тәрбиелегені туралы хикаятты оқып, қайран қалғаным бар. Онан бұрынырақтан білетін, Рим империясының жаужүрек жауынгер ұландарды машықтандыратын «Спарта тәрбиесі» атты өнер-тәсілі, әлгі тәрбиенің қасында, жіп есе алмай қалғандай болып көрінді маған. Кейін, көңілдегі ілім-білім өрісі кеңейе келе, сол, ертегі әлемінің тұлғасындай Рукн-әд-дин пірәдардың – тарихтағы Мәмлүк империясының билеушісі Байбарыс сұлтан екені мәлім болды. (Өкінішке қарай, бала кезімде оқыған сонау дүниенің нақты дерегі есімде қалмапты).
Екінші бір мәліметті жайт: даңқты бабамыздың аты белгілі болып, оның шығу тегі өткен ғасырда зерттеле бастаған жылдары, сонау Гүржі елінің өкілдері Мысырдағы бір мәслихатта «ол біздің жерлесіміз» деп, тарихи тұлғаны өздеріне бейімдеу жайын дәлелді сөздермен өз тараптарына келтіруге тырысқан екен, бірақ сол пирамидалар елінің ғалымдарының өздері, «жоқ, Байбарыс – алыстағы қыпшақ даласының тумасы» деп, оларға принципті түрде қарсы уәж келтірген. Көпжылдық «қызыл империя» тезінен азаттыққа шығып, өз асылдарымызды өзіміздің төл топырағымызға қайтару жолында жүргізіп жатқан біздің қиын талпынысты тірліктерімізге, сол кездері бұл бір үлкен қолдау болды. Иә, даңқы биік жақсыларға, мына, орнығы әлі де тұрлаусыздау болып тұрған дүниеде таласушылар көп қой. Өткен ғасырдың орта шенінде әл Фараби ақиқатын айқындауда да сондай, аса тартысты, талқылы жайт болғаны белгілі. Сөз ретінде айта кетейік, тарих пен ғаламдық пәлсапалар бастауында тұрған заңғар тұлға Заратуштра-Зердеш бабамыздың ақиқаты да бүгінгі күні сондай талқылы тағдырды бастан кешіп тұрғаны бізге мәлім жайт…
Міне, ұлысымызға ел азаттығын ала келген, егемендігімізді бекем орнықтырған соңғы онжылдықтар бедерінде, ұлттық мақтанышымызға айналған ұлы арыстарымыз қатарында өресі биік, даңқты дара тұлға Сұлтан Байбарыс (Бейбарыс, араб.: الظاهر ركن الدين بيبرس البندقداري — әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Бейбарыс I әл-Бұндуқтари әс-Салих) орны ерек шоқтықты. Иә, бұл тұлғаның саналы, мағыналы, қайраткерлік өмірі өзінің туған отаны, төл топырағында өріс алмай, алыс елдерде, шет жұрттарда жарқырап ашыла алды. Байбарыс сұлтан да – өзінің тағы бір даңқты отандасы әл Фараби сияқты, тағдыр жазуында, шетте жүріп, сол алыс жұрттарда бар қасиеттерін ашып, жүзеге асырған қайраткер. Мұнан оның (олардың) ұлттық тегі, қазақылық болмысы көмескі тартпақ емес. Біз әлем тарихына есім-сойы өшпестей таңбаланған ол ұлыларымызды – өз ұлдарымызды Қазақ елінен шыққан тұлғалар ретінде, бүгін заңды түрде мақтан тұта аламыз.
«Ерекше ерлігі, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтеріле алған, Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан және крест жорығы басқыншыларынан жалпы араб әлемін сақтап қалған ұлы тұлға» деп тұжырымдайды ғылым сөзі.
Осы қысқа тұжырымда Байбарыс өмірінің бар мәйегі тұр.
Сол кезде ілім-білімі жетіктеу саналған көршілес Парсы елі «Дешті Қыпшақ» («Далалық көпсақ») атаған байтақ ұлыстың батыс жақ шетіндегі Қырым өлкесін жайлаған Беріш руынан таратады ғалымдар 1223 жылы өмірге келген Байбарыстың тегін. Әкесі — Жамақ, анасы — Әйек деп анықтайды. Сонау, шығыстан сел боп соққан Шыңғысхан қолының шабуылы, сонан кейінгі Жошы-Сайын хан жорықтарының біріне-бірі ұласқан тепкін-толқындарының бір тұсында бұғанасы қатпаған бала Байбарыс қолды болып, құлдыққа сатылып кетеді. Ғылым дәлелдеуінде әмір Айтегін әл-Бұндуқтар Дамашқ (Дамаскілік) деген біреу баланы құл базарында сатып алады. «Байбарыс әл-Бұндуқтари» аталатын себебі де осы жайтпен байланыстырылады.
Ғылым тұжырымында: «көшпенділерден асқан шабандоздар жоқ екені көп жұрттарға белгілі болғандықтан, жас қыпшақтар құлдыққа сатылып, қатал әскери дайындыққа машықтану үшін Ніл өзенінің ортасындағы бір аралға жіберіліп отырған» деп баяндалады. Мысыр билеушілері, өз мемлекетін түрлі жаулардан қорғау үшін, жергілікті халықты емес, көшпелі түркі жастарын көп қолданған. Арабтар оларды ерек құрметте – «мәмлүктер» деп атаған. Осылайша, бір заманда, сонау алыс Ніл өзені бойындағы ұлыста әскерге түріктің ұлдары таңдалып алына бастаған екен. Бұл, ең алдымен, сол елдерде әскери төңкерістердің алдын алудың қамы болған сияқты. Мысыр сұлтаны ел күзеті үшін сондай жігіттерді итальяндық көпестерден сатып алады. Осылайша, Байбарыс тағы да Дамаскіде 800 дирхемға сатылып, сол кездегі еріксіз тағдырында жаңа бір өмір-алапқа қадам басады. Сол, құлдықтан сарбаздыққа барар жолда, Ніл өзеніндегі бір атауда ол өз жерлестерімен қауышады. Бұл қатарда Қалауын сияқты көпсақ даласының ұлдары болған еді. Осы кезеңді қажырлы да, қайсар жастың Мәмлүктер еліндегі саналы жол таңдауы мен таңғажайып тарихының бастау сәті деуге болатын сияқты.
Мәмлүктер мемлекетінің іргесін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мұрагерлерінің арасындағы көпжылдық кақтығыстар мен тартыстарда біраз титықтаған топтардан, хазіреттің (с.ғ.с) қызы Бибі Фатима мен күйеу баласы хазіреті Ғали-Арыстан көтерген болатын. Сол мемлекет құрылымын жаудан қорғауда, кейінгі халифтар мен сұлтандар жергілікті халық өкілдерінен гөрі, сертіне берік, сөзіне адал, ержүрек қыпшақ жігіттеріне көбірек сенім артқан сияқты.
Байбарыс, ең алдымен, әскери өнерлер шеберлігін шыңдай білген дарынды қолбасыға айналады. Ол Өзін мықты сарбаз және қабілетті стратег ретінде дәлелдеп, көп ұзамай, Мысыр сұлтанының жеке гвардиясының қолбасшысы қызметіне тағайындалды. Өзінің алғашқы әскери жеңісін кресшілер жорығы кезінде көрсетті. Ол 1250 жылы Франция королі Луи IX-дың әскерін талқандап, корольді тұтқынға алады. Бұл шайқастан соң, мәмлүктердің күші және беделі өскенімен, олар бұл жеңіспен қанағаттанғысы келмейді. Сол себепті, Байбарыстың басшылығымен сарай төңкерісі жасалып, мемлекет билеушісі Тұран шах өлтіріледі. Алайда, мәмлүктер бұл жолы билік басына келе алмай, Сирияға қоныс аударуға мәжбүр болады. Содан кейін, Байбарыс осы елді билеген Құтыз сұлтанмен әскери одақ құрып, моңғолдармен соғысуға дайындық бастайды.
Мұнан арғы кезеңдерде, Алдыңғы Азияда әлі толқыны басылмай тұрған Хулагу хан бастаған моңғол шапқыншылығына қарсы жорық жолдары басталған еді. 1260 жылы Айн-Жалут маңында өткен шешуші шайқаста, Байбарыс 2 мыңдық әскерімен 20 мың моңғол сарбазына қарсы тұрады. Моңғол әскерін Хулагу ханның қолбасшысы Кетбұға басқарған еді. Қарсыластың саны едәуір басым екенін ескеріп, қыпшақтар атты әскерге қарсы зеңбіректер қолданады. Нәтижесінде, моңғолдардың жылқылары шошынып, бет-бетіне қашып, мәмлүктер майдан даласында үстемдік алады.
Ұрыс аяқталып, Сирияға қайтып келе жатқан жолда, майдандас досына әділетсіздік және қараулық жасаған Құтыз сұлтан өлтіріліп, Байбарыс билікті өз қолына алады.
1267-75 жылдары, сайын сахарада өзді-өзі жүрген, заң мен тәртіп дегенді білмейтін берберлерді қоластына қаратты.
Осындай елеулі тарихи оқиғалар нәтижесінде Байбарыстың адами, саяси, әскери беделі биік көтерілген еді. Елдің экономикалық, әскери қуаты еселеп артып, халқының тұрмыс-тіршілігі айтарлықтай жақсарды. Мәмлүктер мемлекеті гүлденіп, өркендей түсті. Бұл елге әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып сауда керуендері келе бастады. Қолөнер, ауыл шаруашылығы, ғылым және сауда салалары дамыды.
Сұлтан Байбарыс 1277 жылғы шілденің 1-жұлдызында Дамашқ қаласында қайтыс болады. Сұлтанды өз уәзірі қыпшақ Қалауын у беріп өлтірген еді. Марқұмның сүйегі Дамаск шаһарындағы Баб-әл-Барид зиратына қойылды.
Байбарыс сұлтан – мәмлүктер мемлекетін қуатты ұлысқа айналдырып, Мысыр мен Сирия елдерін «кресшілер жорығы», моңғол шапқыншылығынан құтқарып қалған, бүкіл мұсылман халықтарына қорған болған ұлы тұлға. Сұлтан Мысыр елінде 17 жыл билік құрды. Ол тұрғызған мешіттер, медреселер, бекіністер мен көпірлер әлі күнге дейін сол елдердің тарихи, қасиетті нысандары боп саналады. Кейбір араб тарихшылары, сонау кезеңді үлкен құрметпен – «алтын жылдар» деп атайды. Даңқты бабамызды арабтар ерек қадір тұтады.
Егемендігімізді бекемдеген, осынау өткен жылдарда даңқты баба рухына арналған тағзымды істер еліміз тарапынан аз болған жоқ. Дамаск қаласындағы баба зиратына Қазақстаннан бірнеше зиарат тобы барды. Оның бақилық мекені еліміз қамқорлығына алынды. Руханият саласында атқарылған шаруалар өз алдына бір төбе. Көптеген зерттеу жұмыстары, ғылыми-теориялық еңбектер өмірге келді. «Қазақфильм» киностудиясы толық метражды көркем фильм түсірді. Бұл көркем туындыда Байбарыс сұлтан бейнесін сомдаған, театр және кино өнерінің асқан шебері, өнердегі менің рухани ағам Нұрмұхан Жантөрин болды.
Сондай тарихи кезеңдер мен алып елдерде алымды стратег, ұлы әмірші бола жүріп, сонау қиыр қиянда қалған даласының бір түп жусанын иіскеуден өзінің балалық шағына оралудың зор ләззатын сезініп, алыс отанын аңсаумен өткен айтулы тарихи тұлға, көреген көсем, даңқты қолбасшы Байбарыс сұлтан – біздің мақтанышымыз, Шығыс әлемінің көрнекті тарих және мемлекет қайраткері.
Ғылыми мәліметтер мен деректер арқылы
Сайлаубай Жұбатырұлы,
жазушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!