Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шовинистер лаңы

10.01.2022, 11:30 216

АЛҒЫ  СӨЗ

Тегі – түркі, руы – Қият, жарты әлемді жаулап алып, үлкен империя құрған моңғол билеу­шісі Шыңғыс ханның баласы Жошыдан туған немере­сі Бату хан 1243 жылы дүниежүзіндегі ең алып  империя – Алтын  Орда  мемлекетін құрды. Оның құрамына бүгінгі Ресей, Беларусь, Украина, Польша, Чехия, Словакия, Сербия, Босния, Словения мемлекеттерінің аумағы, Венгрия, Румыния, Молдова, Армения, Грузия мемлекеттерінің тұрғындары бағынышты болды.

1503 жылы алып мемлекет ресми түрде өмір сүруін тоқтатты да, одан әр мезгілде Ақ Орда, Ресей князьдігі, Қасым хандығы, Қырым хандығы, Сібір хандығы, Шейбани хандығы бөлініп шықты. Әлеуметтің жағдайлары мен даму дәрежелері әртүрлі болғанымен, бұл хандықтардағы халықтар ұлттық құрамын, санын, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, ділін аман сақтап  қалды.

Кейін православия дінін ұстанатын Мос­ковияны жоғары дәрежеде дамытқан англосакс өкілдері басқарып, сол кез үшін қуатты қарулар әкелініп, технологиясын үйретіп, ерекше күшейтті. Мейлінше күшейген орыс мемлекетін англосакс билеушілері кезінде Алтын Ордаға жіберген еселерін қайтару үшін өзара соғыстан әбден әлсіреп, ыдырай бастаған түркі тектес  халықтарға  айдап  сала  бастады.

Нәтижесінде, бүкіл түркі дүниесі бір ғана орыс мемлекетінің қол астына қарап қалды. Мемлекеттігінен, азаматтығынан айырылды. Қол астына қараған халықтарды аяусыз басып-жаншыған англосакс өкілдері орыс атын жамылып, ойына келгендерін істеді. Қырып-жойды, бір-біріне айдап салды. Ассимиляцияға ұшыратты. Тарихи санасын тұншықтырып, мәңгүрттендірді. Халықтарды туған жерінен бездірді. Жер аударды. Орыс емес халықтарды кемсітіп, орыс халқының санасы­на  шовинизм  дертін  аяусыз екті.

Мұндай жүгенсіз үрдіс кеңестік дәуірде барын­ша қуатты түрде жүргізілді. Ақыр соңы, көп халықтар сықылды қазақ халқы да генофонын әлсіретіп, шала-жансар күйге түсті. Халықтың жартысынан астамы қолдан ұйым­дастырылған аштықтан жойылса, жартысы тілінен, мәдениетінен айырылып, сақауланып, мәңгүрттеніп қалды. Қағынан ұшынып, өз салт-дәстүріне жиіркенішпен қарайтын дәрежеге  жетті.

«ЖЫҒЫЛҒАНҒА   ЖҰДЫРЫҚ»

Шовинистер әдейі ұйымдастырған аштық пен саяси қуғын-сүргіннен әбден есеңгіреп қалған халқымыздың гено­фонын одан әрі әлсірету мақсатында соғысты желеу еткен кеңестік билеушілер қазақ даласына неше түрлі халық­ты еріксіз жер аударып, ұлт­аралық қақтығысты мейлінше ушық­тыруға тырыс­ты. Орыс билеушілері қазақ халқының құқығын жер аударылып келген халықтардан да төмен ұстауға тырысты. Мұны іштей «жақсылыққа – жамандық» дегендей, қазақ халқының жойылудан аман алып қалған қамқорлығын «әлсіздікке» балаған өзге халықтар «есіктен кіріп, төрге озды», «төрге шығамын деп, төбеге шықты». Әр жерде қазақты ұрып-соғып кету, пышақтап тастау, қарсыласқан қазақты сотқа беру, соттар қазақты «рахаттана» соттауы – мұның бәрі шовинизмнің сойылын соққан  жер ауып келген өзге халықтардың шолақ түсінігінен туын­дады. Сайып келгенде, мұның бәрі әбден қалжыраған халыққа «жығылғанға жұдырық»  болды.

«СЕНІ  ТУҒАН  ШЕШЕҢНЕН  АЙНАЛАЙЫН»

Кеңес үкіметі басшылығына ең авантюрист басшы Н.С.Хрущев келгеннен кейін, көп ұзамай «Тың және тыңайған жерлерді игеру» басталды. Бұл авантюра 1954 жылдан 1964 жылға дейін созылды. Осы он жыл ішінде орыстың және басқа славян тектілердің 6 миллиондай шамасы «шанышқыдан жырылған», «жеңіл өмір, рахат романтика» іздеген адам­дары Қазақстанды жайлады.

«Тың және тыңайған жерді игеру» салтанатының ашылуында Кеңес басшысы Н.С.Хрущев­тің тыңгерлер алдында: «Жабайы халықтың дәурені өтті. Мына сайын даланың ендігі иесі сіздерсіздер! Сондықтан, еркін қимыл­даңдар!» деген «тарихи» сөзі жер аударылғандар мен қаңғыбастардың сасық санасының отына май құйғандай болды. Қасиетті қазақ жерін былғағандары былай тұрсын, жергілікті қазақ халқына небір озбырлықтар жасай бастады.

Бұл, әрине, кеудесінде оты бар, намысты жігіттердің әбден ашуына тиді. Атқарып жүрген лауазымдарына да қарамастан, намысты қолдан бермеді. Сондай намысты жігіттердің ұлт абыройын қорғауда келер ұрпаққа өшпес­тей өнеге қалдырып кеткендердің жарқын істері  айдынды  Арал  жерінде  де  болып  жатты.

Сондай  оқиғаның  бірі 1956 жылдың күзге салым  уақытында  болды. Түскі үзілістен кейін өзінің қызмет көлігімен қаннен-қаперсіз келе жатқан Қазақстан коммунистік партиясы Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекентай Мүсәпіров пен оның көлік жүргізушісі Тұрғанбай Ізбасқанов екеуі орталық алаңда үш шешен жігітінің бір қазақ баласын жатқызып ап, бас-көзге қарамай аяусыз тепкілеп жатқанын көреді. Қазақ байғұс басын қос қолымен қорғаштағаннан басқаға дәрмені қалмаған. Айқалауға да шамасы келер емес. Бұл тепкілеу енді біршама уақытқа созылса, қазақ жігітінің жаны жаһнамға кетіп қалуы да ғажап емес-ті. Мына озбыр көрініске жаны шыдай алмай кеткен Тұрғанбай аға еш ойланбастан көлікті кілт тоқтатып, әй-шәйға қарамастан әлгі үш шешен жігітін ұрып, әбден жалынғанша сабап-сабап жөндеріне жіберді. Бұл  көрініске  куә  болған аудан басшысы Бекен­тай Мүсәпіров жұмыс орнына жылжи береді. Алайда, арада үш-төрт сағат өтіп кетсе де, көлік жүргізушісі Тұрғанбай  аға  жұмыс  орны­на  келмейді. Іштей бір жамандықты сезген  Бекентай Мүсәпіров Тұрғанбай ағаны іздес­тіре  бастайды. Сөйтсе, әлгі таяқ жеген озбыр үш шешен жігіті дереу милицияға шағым жасай­ды да, шовинистердің сценарий бойынша «таспен жапалақты ұрса да, жапалақты таспен ұрса да, жапалақ өледінің» керін келтіріп, қазақты кінәлі болмаса да, кінәлі қып, Тұрғанбай  ағаны  қамап  тастапты.

Ал, керек болса! Аудан басшысы Бекентай Мүсәпіров әділетсіз шовинист милиция бас­тығын шақыртып ап, әбден сөгіп, Тұрғанбай ағаны  босаттырып  алады.

Міне, көрдіңіздер ме, жергілікті халықты қолында   билігі   бар  орыс  шовинистерінің  қалай төмендетулерін?!. Тіпті, кінәлілер білініп  тұрса  да,  жер аударылып келген халық­тың  сөзін  сөйлеулерін!

Қазақты кемсітулеріне жол бермеген Тұрғанбай ағаны қамаудан босаттырып, алдына шақырып алғаннан соң, аудан басшысы Бекен­тай Мүсәпіров аса риза кейіпте Тұрғанбай ағамызға әкелік мейіріммен арқасынан қағып  тұрып:

– Сені туған анаңнан айналайын! – дейді көңілі босап, іштей ұлтының шарасыздығына налып.

Иә-ә, Қазақты өз жерінде өгейсіткен заман-ай! Өз еліндегі заңның да өз халқына қорған бола алмайтыны ұлтын сүйер азаматтың жанына қатты батып тұрғаны – түйілген жұдырығынан, от шашқан көзінен, күреңіткен жүзінен  анық  көрініп  тұрған-ды.

Амал нешік, ауызбіршіліктің жоқтығынан өз тізгінін өзі ұстай алмаған халықтың көрген күні осы екен-ау!

Күні кешегі 1 млн қазақты жалмаған 1921 жылғы аштық, одан соң 1931-32 жылдардағы халқымыздың жартысынан астамын жұтқан қолдан жасалған аштық-геноцид, ел бастар зиялыларымызды құртқан 1936-1938 жылдар­дағы репрессия, 1936 жылдан бастап күні кешеге дейін жер аударылған халықтардың қысастығы, 1954 жылдан тың игерушілердің озбырлығы – бәрі-бәрі қас қағым сәтте көз алдынан өте шыққан Бекентай ағаның бір сәт көңіл  күйі  түсіп кетті де, дереу есін жиып алды.

Өзін «қазір сөгеді-ау!» деп күтіп тұрған көлік жүргізушісі Тұрғанбай ағаның намыс­тан от шашып тұрған көзіне ойлана қараған Арал ауданының бірінші хатшысы Бекентай  Мүсәпіров  аға:

– Қандай заман орнаса да, ұлтына қамқор бола білетін сендей азаматтар көп болғай! – деді  тағы  да  ой  тұңғиығына  бір  сүңги.

Сөйтті де, Тұрғанбай ағаны есікке дейін шығарып  салып  тұрып:

– Еш қобалжыма! Бәрі де дұрыс болады. Алаңсыз жұмысыңды істей бер! – деді арқасынан  тағы  да  қағып.

Аудан басшысының аузынан мұндай жылы сөзді естимін деп ойламаған Тұрғанбай аға да бастығына риза кейіпте басын бір изеді де, сырт­қа шықты.

Жолда келе жатып: «Апыр-ай! Атқа қонған азаматтарымыздың арасында да ұлтын сүйер азаматтар бар екен-ау!», – деді сүйсіне. Өйткені, осы бір халқының басына сын сағаты сыртылдап тұрған қиын-қыстау заманда өзінің бас терісін қорғау үшін халқын сатып кете беретін солқылдақ  басшылар  жетіп  артылатын-ды.

ЕР  ЕСІМДЕРІ  ЕЛ  ЕСІНЕН  ӨШПЕСІН

Оқиғаның үлкен-кішілігіне қарамастан, халқының басына түскен ауыртпалықты бөлісе білген ерлерімізді ешқашан да ұмытпауымыз керек. Мұндай рухты, батырлық істерді жадыға сақтау, келер ұрпаққа жеткізу ұлт рухын көтерері сөзсіз. Ал, рухы көтеріңкі ұлтты ешбір жау  ала  алмайды.  Бұл – тарихи  факт!

Тағы бір айта кетер жайт, осы оқиғадан кейін қазақ пен шешен ақсақал­дары бір бәтуаға келіп, өзара достықты нығайта түсуге уағдаласты. Араға от салар шовинистер лаңынан бойларын аулақ ұстау­ға келісті. Өйткені, шешен ақсақалдары 1944 жылғы 23 ақпандағы «Чечевица» операциясында өзде­рін орыс шовинис­тері қалай қырып, күшпен Қазақстанға жер аударғандарын еш ұмытпастай жадыларында сақтаған-ды. Қазақтың арқасында түгелдей қыры­лып кетуден аман қалғандары да есте еді. Сондықтан, шовинистердің жер аударылғандарға жеңілдіктер жасап, қазақ халқын таптап, әдейі ұлтаралық жанжал туғызу әрекеттерін де дер  кезінде  сезіне  білді.

Осындай тарихи қиын сәттерде ұлты үшін оңтайлы сәт тудырған ерлерді «ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» қағидасын басшылыққа ала отырып, қазақтың басына төнген қасіреттің қара бұлты үйіріліп тұрған шақта да, ешкімнен қаймықпаған батырларымызды келер ұрпаққа үлгі ретінде таныстырып өтуді парыз деп санадым.

БЕКЕНТАЙ  МҮСӘПІРОВ

 1910 жылы Қарағанды облысы, Көп ауданы (Кувский р-н), Қарқаралы округінің 7-ауылында дүниеге келген. 14 жасынан туған жерінде қой баққан. 1926-1930 жылдар аралығында Павлодар облысының орман шаруа­шылығында жұмысшы боп қызмет атқарған. 1930-1931 жылдары Красноярск қаласында жұмысшы факультетінде студент, 1931-1934 жылдары Талдықорған қаласында қазақ мемлекеттік медицина институтының жанындағы жұмысшы факультетінде оқыған. 1935-1936 жылдары Алматы қаласында Қазақ статис­тикалық басқармасында 1 жылдық курсты оқыды да, Семей облысы, Белағаш ауданының статис­тикалық басқармасында инспектор, 1938-1942 жылдары Қызылорда облыстық статис­тика басқармасының бастығы, 1942-1946 жылдары Қызылорда облыстық еңбекші депутаттар Кеңесінің мал шаруашылығы жөнінде төрағасының орынбасары. 1946-1947 жылдары Жалағаш аудандық еңбекші депутаттар ат­қару комитетінің төрағасы, 1948-1949 жыл­дары Қызылорда облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің мал шаруашылығы бойынша төраға орынбасары болып қызмет атқарды. Ал, 1948-1951 жылдары Мәскеу қаласында Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитеті жанын­дағы жоғарғы партия мектебінде тыңдарман болды. 1951-1954 жылдары Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесінің мал шаруашылығы жөніндегі атқару комитетінің төраға орынбасары қызметін атқарса, 1954-1960 жылдары Қазақстан компартиясы Арал аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1960 жылдан Қазалы аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.

«Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Басқа деректер  табылмады.

ТҰРҒАНБАЙ  ІЗБАСҚАНОВ

1925 жылы сәуір айының 22-жұлдызында Арал ауданы Ескіұра елді мекенінде дүниеге келген. Қамыстыбас стансасындағы мектептің 7 жылдығын бітірген. 1942 жылы соғысқа аттанып, неміс-фашистерін жеңгеннен кейін, Жапо­ния  имперализміне  қарсы соғысқан. Куриль аралында жаңа қару түрін сынау кезінде  контузия  алады.

Отан соғысының орден, медальдарымен марапатталған.

Кейін Тұрғанбай аға түрлі қарапайым жұмыс­тар істеп, 2003 жылы мамыр айының 7-жұлдызында  өмірден  өтті.

ҚОРЫТЫНДЫ  СӨЗ

Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын да атап өттік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласы мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласы халықтың рухын көтеріп, Тәуелсіздікті сақтауда өткен тарихты әспеттеп, ел арасындағы ерлерді насихаттауға жол көрсетсе, бұл істе «теңіздегі тамшыдай» еңбегімді еліміздің рухани нығая беруіне арнадым.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: