Жер-суға ат қою әдетте адамдар арқылы жүзеге асатыны айқын. «Жазушы» баспасынан 1999 жылы шыққан Б.Шілманұлының «Тәрбие деген тәңір бар» атты кітабының «Ақтоған – құтты мекен» тарауында жазылғандай, Ақтоған – балығы тайдай тулаған, шалқар көлдері тұтасып жатқан, 10-15 шақырым келетін сулы, тарихи өлке. Олай дейтініміз, атақты тарихи тұлға Шеген биге тағдырдың жазуымен топырақ осы жерден бұйырып, көл «Шеген көлі» деп аталады. Шеген қазақ елінде Ресейге бас имеген, оның берген сый белгісінен (медалінен) «мен атам қазақтың жерін сатып, атақ алмаймын» деп бас тартқан. Сол үшін жазықты болып, қамалып, оны қамаудан шығарғанда аттың үзеңгісіне у жағып жіберіп, содан жолда қайтыс болады. Қасына ерген серігі атын ауыстырып мінгендіктен, аман қалыпты. Шегенді Түркістандағы Қожа Ахмет Исауи кесенесіне жерлемек болып алып жүргенмен, жолдың ұзақтығы мен күннің ыстығынан жете алмай, Ақтоғанға аманат етіп жерлейді. Кейін алып кетуге әртүрлі себеппен мүмкіндік болмай, ақыры сол жерде қалады.
Шегеннің бабаларын қазақтың ауызша деректерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шежіресімен жүйелесек, Арғын руындағы Танбысопыдан (Тәнбісұпы) тараған ұрпақтардан талай батырлар мен билер көп шыққан. Олар өз шектерінде таңбасына қарай «Жоғарғы шекті», «Төменгі шекті» болып бөлінген. Солардың бірі – Шақшақ батыр Көшейұлы, Қошқар Шақшақұлы, Жәнібек Қошқарұлы. Жәнібектен Дәуітбай, одан Мұса батыр, одан Шеген туады.
Есім хан заманының тұсындағы деректерде Шақшақ батыр айтылса, жазушы Әнес Сарай қазақ хандығының шешуші Аңырақай шайқасына қатысқан батырлардың тізімін жасағанда Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы (тархан Жәнібек) туралы Абылай ханның кеңесшісі болған Бұқар жыраудың өлеңдерінен (Әнес Сарай, «Бес мейрам», 224-бет):
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Ормандай көп Орта жүз,
Содан шыққан төрт тірек,
Тұғыр болған сол еді,
Сіздей төре сұңқарға, – деген мәлімет келтіреді.
Қазақтың алғашқы ағартушыларының бірі Ыбырай Алтынсариннің «Өсиет» атты өлеңінде:
… Арғыннан ол күндерде Шеген шықты,
Халайық айбынынан қойдай ықты.
Азуы алты қарыс сан Арғынның,
Қойдырды тентектігін, бұзықтықты.
Бірімжан, Қазыбек би балалары,
Арғынның атасындай даналары.
Жігіттер болған ерге тасыр етпе
Жақсылық жер менен көк аралары, – деп өсиетнама жазған.
Жалпы, бұл жерде жерленген Шегеннің өзі емес, оның баласы Мусин. Халық оны өзінің есімімен атамай, әкесі Шегеннің есімімен атаған. Мұндай атаулар ерен ерлік жасаған, халқына адал қызмет еткендерге берілетінін ескерсек, әкесінің рухымен жүрген Шеген бидің адал қызмет еткенін көреміз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін белгілі зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай «Түркістан» газетінде (21.04.2011 ж) шыққан «Шеген би туралы не білеміз?» атты зерттеу мақаласында мұрағаттардан құнды деректер келтіреді.
Көрнектi тарихшы ғалым Ермахан Бекмаханов: «…ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында Арғын руының биi Шеген батыр және Тiлеуқабақ руының старшыны Есет Көтiбаров өздерiне бағынышты руларда толық билiк жүргiзедi», – деп жаза келе, «…Рас, Арғын руының рубасы Шеген Мусин өкiмет алдында беделдi болғанымен, өзiнiң келiсiмiнсiз Арғын руының жерiне бекiнiстер салуға рұқсат бергенi үшiн елдi билеушi сұлтандарға қарсы өштiк пиғыл көрсете бастады», – деп жазған кiтабының 179-бетiнде.
Ол 1845 жылы сұлтан Ахмет Жантөринге: «…Бiз кеңесiп iс қыла алмадық. Сондықтан мен өзiмдi лауазымды би, сенi тақтағы сұлтан деп есептемеймiн. Өйткенi сен жұртшылықтың келiсiмiнсiз бекiнiс салуға орыстарға рұқсат бердiң», – деп айыптаған.
Патша ағзамның (императордың) нұсқауымен 1864 жылдың маусым айында Сарыторғайда өткен Орта және Кiшi жүздiң 189 биi қатысқан съездiң шешiмiне Шеген биден тараған жоғары Шектi руының басқарушысы, әскери старшина подполковник Қазыбек, №37 дистанцияның бастығы Бiрiмжан Шегенов және оның баласы Дәуренбек Бiрiмжановтың қойған қолдары бар, Қазыбек пен Бiрiмжан мөрлерiн басқан. Мемлекеттiк мұрағаттың №4 қорында Қазыбек биге сипаттама бере отырып: «…Сын Чегена замечательный человек за свое время. Казбек Чегенов имеет отличной вес на свою ординцев. Он пользуется уважением по покойному отцы, знаменитого Чегена Мусина», деп, Шеген Мусин өмірде жоқ болса да, оның беделі мен атағы Қазыбекке көмектесуде екенін жазған. Олай болса ел аузында айтылып жүрген әңгімелер мен жазба деректерді салыстырып, сараптай келе Шеген Мұсаұлының (Мусин) бейіті екені күмән тудырмайды.
«Шеген» көлінің атауы жергілікті тұрғындар тарапынан қойылғандықтан, өлке тарихына тікелей қатысты. Өткен тарихына көз жіберіп, қысқа ғана тоқталсақ, дария суының мол кезінде, «Шеген» көліне дариядан алынған сағадан екі жағынан құйған. «Нәпсәй» арқылы «Көксу» көлінен бір-біріне жалғасқан «Жанжалкөл», «Қаражыңғыл» көлдері «Жалғызжал» елді мекенімен өзектеніп, «Ақтоған шүңеті» «Наршоқымен» құйса, екінші жағынан патша заманында қазылған «Боқтыбай» каналының ізімен қайта қазылған «Керкелмес» каналынан алынған. Көз жеткісіз көлдер құс пен балықтың мекені, айналасындағы ну қамысы малға жайлы, табиғаты өзіне тән ерекше жаратылған ырысты өңір еді. Мұрағаттарға жүгінсек, Қазан төңкерісінен кейін алғашқы Шеген селпосы «Қоразбай жарған» елді мекенінен ашылып (Қызылорда аудан болған), жұмыс істеген. Колхоздастыру кезеңі бастау алғанда Бірқазан ауыл советіне қараған, «Жаңатұрмыс», «Победа» колхозы, «Ақтоған» балық шаруашылығы, ондатр аулау шаруашылығы, қамыс дайындау зауыты, шеңгелмен күйдіретін кірпіш зауыты болған. Сол кездегі мерзімді басылымдардың тігіндісін парақтасақ, «Керкелмес» каналын қайта жөндеп, тазартып, «Шеген» көлінен саға алып, қолмен «Шолақарық» қазылып, оның табанына Қиыр шығыстан жер аударылып келген кәріс ағайындармен бірге күріш егіп, уақыт сынынан өтіп, айтулы оқиғаларды бастан кешкен, Сыр өңірінің өркендеуіне үлесін қосқан еңбек адамдары болғаны жазылған.
Шеген бидің жерленген, жамбасы тиген жері Ақтоған елді мекенінен шыға берісінде, жолдан сәл жырақтау, шеңгелдің арасынан жалғыз бейіт көрініп тұратын. Елдің айтуынша, халық бейітін көтергенімен, басына құлпытасы қойылмай қалған. Халық жүрегінен орын алып, тарихына деген қызығушылығы артып, «Шеген» көлінің басында туған балаларының есімін Шеген деп қоюы биге деген құрметі еді.
Шеген би жеке бас мүддесінен елдің, жердің мүддесін жоғары қойып, басын бәйгеге тігіп, орыстардың бекініс салуына қарсы тұрғаны тарихи ерлік деп бағалануы тиіс. Тәуелсіздік – қасиетті, қастерлі құндылығымыз. Шеген бидің тарихы тәуелсіздігімізбен тығыз байланысты, біздің оны ұмытуға қақымыз жоқ, Мақаланы жазудағы мақсатымыз ұмытылып бара жатқан өлке тарихын Шеген бимен ұштастырып, жазба деректердің астарын ашып, қайта жаңғыртып, халыққа, өскелең ұрпаққа жеткізу болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт тарихы өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы – сол құндылықтардың бастау бұлағы» деген ұлағатты сөзі бізге бағдаршам болуы керек.
Н.ҚАРТАБАЕВ,
Қызылорда қаласы
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының щежіресінде қате жазылған. Шақшақ батыр Көшейұлы емес,Шақшақ батыр Аманжолұлы. Қошқар Шақшақұлы емес, Қошқар Көшейұлы деп оқылу керек.